Социум

Қостанай қаласында карантин талабын бұзу тиылмай тұр

Қала әкімі Қайрат Ахметов жедел штаб отырысында баяндама жасады

Індеттің таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Штаб отырысы барысында Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов карантиндік шаралардың бұзылуын анықтау жөніндегі мониторингтік топтың жұмыс барысы туралы баяндама жасады.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қостанай қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның 834 жағдайы тіркелген. Барлығы да байланыста болған адамдар. Бүгінгі күні үй карантинінде 604 науқас және 2464 байланыста болған адам бар.

– Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қала мектептерінде оқушылар арасында КВИ 113 жағдайы тіркелді, оның ішінде 40 кезекші сыныптарда және 73-і қашықтан оқыту форматында. Сондай-ақ, кезекші сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдер арасында коронавирустық инфекцияның 36 жағдайы тіркелді, – деп атап өтті Қайрат Ахметов.

Қостанай қаласы санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 18-31 қаңтар аралығында қала мектептері 5-11 сыныптар қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

– Екі мектепте мұғалімдер мен қызметкерлер арасында жағдайлардың өсуі байқалады. Осыған байланысты аталған мекемелер толығымен қашықтықтан оқыту нысанына ауыстырылды, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар мониторинг топтын жұмысына да тоқталды. Қаңтар айынының басынан бастап күні бүгінге дейін 15 өрескел талап бұзушылық анықтаған.

– Қостанай облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен енгізілген шектеулерге қарамастан, немқұрайды кәсіпкерлер мен азаматтар карантиндік шараларды бұзуды жалғастыруда. 3 қаңтар-сағат 23:00-ден кейін «Облака» караоке барының жұмыс фактісі анықталды. 17 және 23 қаңтарда сағат 23:00-ден кейін «Джон Сноу» караоке-барының жұмысы тіркелді. 23 қаңтар – «Фессла» мейрамханасында сағат 20:00-ден кейін келушілерді екі залда қабылдаған, шамамен 60 адам. 21 және 23 қаңтарда жеке коттедждерде үйлену тойлары тіркелді, Летунов көшесі 151 мекен – жайы бойынша – 25 адамға үйлену тойын өткізген. Қайырбеков көшесі 366/6 – 35 адамға «Ұзату той» өткізілді.

23 қаңтар – «Поместье» мейрамханасында той өткізуге дайындық фактісі анықталды. Тексеріс барысында 100-ден астам адамға арналған үстелдер қойылғандығы мәлім болды, – деді баяндама барысында Қайрат Ахметов.

Жоғарыда аталған барлық фактілер бойынша жергілікті полиция қызметкерлері баянат толтырып, фото және бейне жазба жүргізген.

Материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдау үшін қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басқармасына тапсырылды.

– Қаңтар айында 36 әкімшілік іс қозғалып, оның 7-іне 2 100 240 теңге көлемінде айыппұл салынды. Үш айдың ішінде жалпы сомасы 15 076 278 теңге айыппұл салынды, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Қостанай қаласының аумағында індеттің таралуының алдын-алу сипатында 9 баннер орналастырылған. Қала әкімі Қайрат Ахметов осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығын айтты.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурет ашық ақпарат көзінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77