Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы өзекті болып барады. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, әлем елдерінің барлығында маңызды. Отбасындағы жанжалдар мен тұрмыстық құқықбұзушылықтардың салдарынан орын алатын қайғылы жағдайлар қоғамның алаңдатып отыр. Кім кінәлі? Не істеу қажет?
Жүйелі жұмыс жолға қойылса да…
Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыстық полиция департаментінде бүгінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысатын 61 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 7 маман департаменттің орталық аппаратында, ал қалған 54-і аудандық және қалалық бөлімшелерде қызмет атқарады.
Бұл бөлімшенің басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, шұғыл әрекет ету, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау. Сонымен қатар, мамандар зорлық-зомбылық куәгерлеріне де психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп, агрессорлардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған реабилитациялық және рессоциализациялық жұмыстар жүргізеді.
Полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері ішкі істер органдарына 3891 тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен. Тексерілген істердің ішінде 1030 жағдай расталмаған.
–Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған арнайы әңгімелесу бөлмесі жұмыс істейді. Мұндай бөлмелер Қостанай және Рудный қалаларында, сондай-ақ Қостанай ауданында орналасқан. Алдын алу шараларына қарамастан, биыл облыста тұрмыстық негізде жасалған қылмыстардың саны артқан. Өсім 7,2 пайызды құрап, былтырғы 111 оқиғадан 119 жағдайға дейін көбейген.
Оның ішінде 8 адам өлтіру, 5 – адам өліміне әкелген ауыр дене жарақатын салу, 29 – жеңіл жарақат келтіру, 49 – соққы беру фактісі тіркелген. Мұндай қылмыстардың басым бөлігі күтпеген жағдайда, яғни кенеттен туған жанжал кезінде және мас күйінде жасалатыны анықталған. Сондай-ақ, көптеген қылмысты бұрын полиция назарына түспеген адамдардың жасауы алаңдатарлық жайт болып отыр, – дейді отбасылық тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы күрес тобының бастығы, полиция подполковнигі Мадина Валиева.
Кризистік орталық: көмек, қолдау, мүмкіндік
Қазан айында Қостанай қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсететін жаңа кризистік орталық жұмысын бастады. 40 орынға шақталған орталық Қостанай қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысы бойынша, ҚР «Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қазақстандық қауымдастығы» (КМПА) Қостанай филиалының бастамасымен құрылды.
Биыл ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алып, қызмет аясын кеңейтті. Соның нәтижесінде, жай ғана уақытша баспана емес, әйелдер мен балаларға кешенді әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсететін толыққанды дағдарыс орталығын ашу туралы шешім қабылданды.

Кризистік орталықтың басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне және жаңа өмір бастауына мүмкіндік жасау. Мұнда көмек сегіз бағыт бойынша көрсетіледі.
– Арнайы әлеуметтік көмектің 8 түрі бар. Біз тек баспана беріп қана қоймай, әр адамның өмірін қайта қалпына келтіруге жағдай жасаймыз. Егер әйел жұмыссыз болса, жұмысқа орналастыруға көмектесеміз, қажет болса «жұмыссыз» мәртебесін алып береміз. Сонымен қатар, балалармен де жеке психологиялық жұмыс жүргізіледі. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ең көп зардап шегетіндер – балалар мен әйелдер, – дейді орталық жетекшісі, психолог Нина Косюк.
Орталықтың ерекшелігі әрбір жанмен заңгерлер мен психологтар тұрақты түрде жұмыс істейді, ал әлеуметтік қызметкерлер өмірлік дағдарысқа түскен аналарға жаңа жол табуға жәрдемдеседі.
Жылына жүзге жуық жанға көмек беріледі
Мұнда жыл сайын жүзге жуық әйел мен бала көмек алады. Бұл дегеніміз жүз тағдыр, жүз үміт пен жаңа өмірдің бастамасы. Олардың әрқайсысы өзімен бірге ауыр естеліктер мен көзге көрінбейтін жарасын арқалап келеді. Жүректе қорқыныш пен көңілде сенім болмаса аяққа тік тұрып кетудің өзі оңай емес. Осылай қиналғанда демеу болар жердің керек екені сөзсіз.
Көмек алушылардың қатарында физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер, сондай-ақ осындай қиын сәттердің куәгері болған балалар бар. Балалардың көзінен үрей емес, ертеңге деген сенім ұялату – орталық қызметкерлерінің басты мақсаты.
Статистикаға сүйенсек, орталыққа көбіне 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер жүгінеді. Олардың көпшілігі – бала тәрбиелеп отырған аналар. Психологиялық және экономикалық қысым ең жиі кездесетін түрі. Себебі зорлық әрдайым соққыдан басталмайды, кейде ол ауыр сөзден, қорлаудан, материалдық тәуелділіктен бастау алады. Ал физикалық күш қолдану осыдан кейін басталады.
«Ең бастысы әйел өзін жалғыз сезінбеуі керек»
Кризистік орталықтың ашылғанына бір ай ғана болса да осы уақыт ішінде 27 ана мен бала келіп үлгерген. Олар өз мекен жайларын бөтенге жария етпейді.
– Орталық 40 орынға арналған. Бізге келген әйелдер мұнда жарты жылға дейін бола алады. Бұл кезеңде оларға тек төсек-орын мен тамақ емес, ең әуелі адамдық жылылық пен сенім беріледі. Әрбір әйел өзінің қорғансыз емес екенін, оның жанайқайын еститін адамдар бар екенін сезінуі тиіс. Біз олардың жанын тыныштандыруға, өз-өзіне деген сенімін қалпына келтіруге, жаңа өмір бастауға көмектесеміз, – дейді орталық жетекшісі, психолог Нина Косюк.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұнда келген әр әйел мен балаға жеке психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі. Егер ананың тұрақты табысы немесе жұмыс орны болмаса, мамандар жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, ал балалар үшін ойын және даму терапиялары ұйымдастырылады.

– Біз әр әйелдің жүрегіне үміт ұялатқымыз келеді. Кейде ең қарапайым жылы сөздің өзі өмірге қайта оралуға күш береді. Ең бастысы – үнсіз қалмау. Өйткені көмек бар. Ол тегін, құпия түрде және әрбір көмек сұраған жанға ашық, – дейді орталық жетекшісі.
Психологиялық және құқықтық қолдау
Орталыққа кез келген адам көмекке жүгіне алады. Қазақстанда гендерлік теңдік бар. Дегенмен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер ұшырайды.
Әйелдер дағдарыс орталығында 6 айға дейін тұра алады. Келген әрбір әйел алдымен психолог және әлеуметтік қызметкермен әңгімелеседі. Қажет болған жағдайда дағдарыстық психотерапия, жеке және топтық сабақтар, өз-өзіне сенімділікті қалпына келтіру тренингтері ұйымдастырылады.
Психологиялық қолдау кей жағдайда алты айға дейін жалғасуы мүмкін, егер оған ұзақ мерзімді оңалту қажет болса, мамандар байланыста болады. Сонымен қатар, орталықта заңгер қызмет етеді. Ол әйелдерге құжаттарды қалпына келтіруге, полицияға арыз жазуға, сотқа жүгінуге және өз құқықтарын қорғауға көмектеседі. Кризистік орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Көмек алу үшін әлеуметтік қызмет, полиция немесе тікелей орталыққа жүгінуге болады.
–Зорлық-зомбылыққа төзбеңіздер! Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, психологиялық не құқықтық көмек қажет болса, үнсіз қалмаңыз. Көмек алу үшін 102 нөміріне хабарласыңыз немесе сенім телефондарына 52-00-26, 111, 150 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.
Сізге қажетті психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі.
Егер баратын жеріңіз болмаса, біз сізге қауіпсіз пана табуға көмектесеміз, – дейді полиция подполковнигі Мадина Валиева.
«Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа тап болса — үнсіз қалмаңыз. Бұл жерде сізді тыңдайды, қолдайды және жаңа өмір бастауға көмектеседі», — дейді орталықтың жетекшісі Нина Борисовна.
Ая ӘБДІЛДА,
суретті ПД ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
