Көрнекті суретші – Ғалым Оспановтың «Оралу» атты көрмесі өтіп, жиналған қауым жарқын туындылармен таныс болды
ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ғалым Оспанов – республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. Туындылары Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында, сондай-ақ Қазақстан мен шет елдердің жеке топтамаларында сақталған. Көрме авторы натюрморт жанрында композицияларын бейнелейді. Бұл жанр суретшіге бояу, пішін, композиция саласындағы белсенді ізденістермен, өздерінің көркемөнер тілін жеткізу қабілетінің шекарасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Көрменің «Оралу» аталуының себебі бұл жастық шаққа, туған өлкенің естелігіне қауышып, бір сүңгіп оралу. Менің алғашқы тәлімгерім Александр Никифоров болды. Осы бір тамаша ұстаздың арқасында жан-жақты бейнелеу өнеріне қызмет етіп келемін. Бүгін Қостанай қаласында алғаш рет дербес көрмені ұсынып отырмын,-дейді суретші Ғалым Оспанов.
Ғалым Оспанов – бояу ерекшеліктерін меңгерген кескіндемеші. Шеберлік пен кәсібилік үйлесімі суретшіге таңғажайып әлемді ашуға көмектеседі және бізге автормен бірге осы көңіл-күйді сезінуге ықпал етеді. Натюрморт басқа жанрлармен қатар суретшіге тәжірибелер мен жаңашыл идеяларға жол ашады.
– Бүгін өзіміздің кіндік жерімізге 50 жылдан астам уақыттан кейін келіп, көрмені ұсынып отырмыз. «Оралу» көрмесі сағыныш сезімін, осы елге, жерге деген ыстық сағынышпен оралуды білдіреді. Бейнедегі әрқилы кескіндемелерді сөйлету үшін үлкен жұмыс атқарылды. Ғалымның туындысы ол ерекше туындылар топтамасы және бүгін оларды өз көрермендеріне жеткізіп отыр. Сондай-ақ, Ғалымның 50-ден астам туынды жинағы бар каталог, жиналған жұртшылыққа естелік ретінде сыйлыққа берілді,-деп пікірін білдірді Бақытжамал Оспанова ҚР Ұлттық кітапханасының директоры.
Көзге көрінетін қарапайым заттардың ар жағынан суретші «жансыз табиғат» пен адам болмысының құштарлығы арасында жасырылған драманы көруге ұмтылады. Ғалым Оспанов жастық шағында суретші болу арманын жүзеге асыру мақсатында туған жерінен жыраққа кеткен еді, бүгінгі күні туған жеріне кемеліне келген дарынды шебер, тамаша суретші болып оралды.
– Ғалым Оспановтың біздің қаламызға келіп, «Оралу» көрмесін ұсынып отырғанына қуаныштымын. Көркем туындыларын қарап шығып, жақсы әсерге бөлене түстім. Туындыларының қатпарларында үлкен мағына, өзіндік тылсым дүние жатқаны көзге ілігеді. Оның қаламгерлік өнері мен кескіндемелерді ұштастыруы айрықша,-деді көрмеге қатысушы Ерболат Сәрсенбаев.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА, фото түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77