Қостанай облысының антикоррупциялық волонтерлері «Қостанай–Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына мониторинг жүргізіп, теміржол көлігімен көрсетілетін қызмет сапасын тексерді. Бұл акция тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті хабарлағандай, рейд барысында вагондардың ішкі жағдайы, санитарлық тораптардың тазалығы, терезелер мен сөрелердің сыртқы күйі, жолаушыларға берілетін гигиеналық құралдардың болуы мен тазалық жұмыстары назарға алынды.
– Мониторинг шеңберінде вагондардың рейске дейінгі жағдайы тексерілді. Тазалық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны, санитарлық тораптардың, терезелер мен сөрелердің жағдайы мұқият зерделенді. Сондай-ақ жолаушыларға арналған гигиеналық құралдардың жеткіліктілігіне ерекше көңіл бөлінді, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Айта кету керек, бұған дейін Департамент пен тасымалдаушы мекеме – «Түрксіб-Астана» ЖШС бірлесіп, қызмет сапасын арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, жолаушылар пікір білдіре алуы үшін барлық вагондарға QR-кодтар орнатылған. Бұл кодтар арқылы кез келген жолаушы тікелей байланысқа шығып, шағым қалдыра алады. Чат тәулік бойы қолжетімді.
– QR-кодтар арқылы жолаушылардың ұсыныс-шағымдары жедел қабылданып, тиісті шаралар қолданылады. Бұл – қоғамда адалдық пен бақылау мәдениетін қалыптастырудың тиімді тәсілі, – дейді департамент өкілдері.
Мониторинг қорытындысы бойынша тасымалдаушы компания мен жолсеріктерге өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жолаушыларға жайлы жағдай жасау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында бірқатар ұсыныстар берілді.
Ведомство мұндай шаралар жүйелі түрде жалғасын табатынын және теміржол саласындағы қызмет сапасын арттырумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтық бақылауға тұрғындарды белсенді түрде тарту тәжірибесі жалғаса береді.
– Ашықтық, жауапкершілік және жариялылық – біздің жұмысымыздың негізгі қағидаттары. Қоғам өміріне бей-жай қарамай, осындай мониторингтерге атсалысып жүрген ерікті жастарға алғысымызды білдіреміз, – деп қорытындылады департамент мамандары.
Мұндай рейдтер мен тексерулер тек нақты жағдайды бағалауға ғана емес, сонымен қатар тасымалдаушылар мен жолаушылар арасында өзара құрмет пен сенімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта антикорволонтерлер өз жұмысын кеңейтіп, тек алыс бағыттарда ғана емес, қалааралық және қала маңы маршруттарын да қамтуды жоспарлап отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жоспарлы тексерулер жүргізуді жалғастыруда. Бұл іс-шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында өткізіліп жатыр. Тексерулер барысында ішкі тәртіп ережелерінің сақталуы, мемлекеттік қызметшілердің этика нормаларын ұстануы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік қаржының мақсатты жұмсалуы жіті бақылауға алынады.
Сонымен қатар, профилактикалық бағыттағы жұмыстарға да басымдық беріп отыр. Мемлекеттік қызметшілермен кездесулер ұйымдастырылып, заң бұзушылықтың алдын алу шаралары түсіндіріледі. Агенттік азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 нөмірі арқылы хабарлауға болады.
Аяжан СЕРІК,
сурет департамент сайтынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77