Майалап – бар болғаны 70-тен аса ғана тұрғыны бар Қостанай ауданындағы шағын елді мекен. Бірақ биыл бұл ұжым үлкен шешімге келді: ауданда алғашқы болып, алкогольден бас тартты.
Редакция тілшісі Майалапқа арнайы барып, ауыл әкімімен, учаскелік полиция инспекторымен және тұрғындармен сөйлесіп, бұл шешімнің қалай қабылданғанын, нәтижесін және әсерін біліп қайтты.


Ақпан айында Надеждин ауылдық округіне қарасты Майалап ауылының тұрғындары арақ-шараптан толығымен бас тартты. Бүгінде бұл ауылда алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, оны ешкім тұтынбайды.

– Бұл бастама жергілікті тұрғындардың өз қалауымен, өзара келісімімен жасалды. Жасы үлкендер «ішімдік ауылдың берекесін қашырады» деген пікірді жиында көтеріп, оны жергілікті жастар да қолдады. Барлығы ортақ шешімге келіп, ауылдың тыныштығы мен амандығын бірінші орынға қою керек деген ұстанымды бекітті. Қазір осы шешімнің игілігін көріп отырмыз – тәртіп бар, қызметті де, шаруашылықты да еш кедергісіз жүргізіп келеміз, – деп атап өтті Надеждин ауылдық округінің әкімі Ақат Шектібаев.
Ауыл тұрғындары бұл өзгерістің өмір сапасына айтарлықтай әсер еткенін жасырмайды. Майалапта 30 жылдан астам тұратын Бақыт Күзембаеваның айтуынша, арақ ішкен адамнан қоғамға келер зиян көп.

– Арақ ішкен адам не істейді? Айналасындағылардың тынышын алады. Алкоголь сатылса, кейбіреулер көліктерінде музыканы айқайлатып, ауыл ішінде анда-мында жүреді. Қазір, міне, ауылымыз толықтай тыныш, тұрғындар бір-бірімен тату. Бос жүріс жоқ, әркім өз шаруашылығына қарап, тіршілігін дөңгелетіп отыр, – дейді Бақыт Күзембаева.
Ең бастысы – ауылда қылмысқа орын қалмаған.Учаскелік инспектордың айтуынша, биылғы жылы Майалаптан бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұрын анда-санда болса да кездесетін тұрмыстық жанжал, бұзақылық сияқты жағдайлар мүлде тиылған.

– Заңбұзушылықтың көбі мас күйінде орын алатыны көпшілікке мәлім. Майалапты алкогольсыз ауыл деп жариялағаннан кейін, бұл жерде бірде-бір қылмыс, отбасылық жанжал немесе ұсақ бұзақылық мүлдем тіркелмеді, – дейді учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Фархат Қапаров.
Ішімдіксіз орта орнағаннан кейін ауылда тәртіп күшейіп қана қоймай, адамдардың да өмір салты өзгере бастапты. Тұрғындар еңбекке ден қойып, шаруашылықтарын кеңейтіп, жастардың еңбекке деген ынтасы күшейген. Осы жылы ауылға 3 отбасы келіп қоныстаныпты.
– Ең бастысы, ұрлық-қарлық, басқа да тәртіпсіздік жоқ. Әркім өз тұрмыс- тіршілігін кешіп жатыр. Жастар да бір-бірінен үлгі алып, еңбекке ұмтылып, зиянды әдеттен аулақ жүр. Осы бастамамыздың беріп жатқан жемісі баршамызды қуантады, – дейді ауылы тұрғыны Абат Жанәбілов.
Тұрғындардың еңбекқорлығы – ауыл өмірінің негізгі тірегі
Тыныштық пен тәртіп орныққан соң ауылдың жалпы тіршілігі жанданған. Соңғы жылдары елді мекенге қайта оралып, ауыл шаруашылығын дамытушылар көбейген. Жастар мал басын көбейтіп, жаңа кәсіп көздерін ашуға қызығушылық танытуда. Солардың бірі – 27 жастағы Ерлан.


– Жазда апа-жездеммен бірге бордақылау мақсатында 32 бұқа алдық. 18 айға дейін жем-шөппен жақсылап семіртіп, етке өткіземіз деп жоспарлап жүрміз. Ветеринар дәрігерлер уақытылы келіп, қажетті екпелерін салып тұрады. Өз ісіңді ойдағыдай жүргізуге барлық жағдай жасалған. Мал өсіру – табысты іс. Сондықтан алдағы жылдары шаруашылықты кеңейтіп, ірі қараның санын әлі де көбейтсек деп ниетіміз бар, – деп өз жоспарымен бөлісті жас шаруа.
Алдағы аптада жаңадан тұрғызылып жатқан арнайы бордақылау алаңының құрылысы толық аяқталып, ішіне жарық жүргізу жұмыстары басталмақ. Ерланның айтуынша, бұл нысан іске қосылған соң мал бағу әлдеқайда тиімді жүргізілмек.


Ауыл тұрғындары Ерлан секілді еңбекқор жастар көбейсе, Майалаптың болашағы бұдан да жарқын боларына сенімді. Олардың ойынша, шаруамен айналысатын жастардың көбеюі – ішімдіксіз орта мен тыныш тіршіліктің тікелей нәтижесі. Бұл кішкентай ауылдың – үлкен қадамы.
– Жоспар бойынша 2026-2030 жылдары осы ауыл арқылы газ құбыры жүргізіледі. Бұл жоба жүзеге асса, ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Газ тартылса, қыста от жағудың әуресі азайып, тұрмыстары жеңілдер еді. Онда халық саны көбеймесе, азаймайды деп айта аламын. Себебі қала, міне, тиіп тұр. Жері бау-бақша өсіруге, мал жайылтуға жайлы. Сондықтан шағын ауылымыздың болашағы әлі алда деген ойдамын, – дейді Ақат Шектібаев.
Облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Майалап халқының негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Тұрғындар жылқы, сиыр, қой-ешкі, құс бағады немесе егін егеді. Кейбір ауыл адамдары қалаға қатынап жұмыс істейді, ал енді біреулері үйден сүт өткізіп, табыс тауып отыр. Аптасына екі рет облыс орталығынан арнайы көлік келіп, сүт қабылдайды.
Тұрғындардың еңбекқорлығы – ауыл өмірінің негізгі тірегі. Тіпті 80 жастағы Серік ата да қарап отырмайды: көктем шыға қияр, қызанақ егіп, бау-бақшасын күтіп, қорасында тауық ұстайды. Жаз мезгілінде балалары мен немерелері келіп, атаға қолғабыс жасайды.


Серік ата – Майалаптың байырғы тұрғыны. «Туғалы осы жерде тұрамын» дейді қария. Бір кездері ауыл басқарушысы болып еңбек еткен. Өзі айтқандай, Майалап атауы «майлы алқап, берекелі жер» дегенді білдіреді екен. Қарттың айтуынша, ауыл ешқашан өз құтын жоғалтпаған. Соңғы жылдары басталған өзгерістер, әсіресе, жастардың еңбекке бет бұруы, ішімдіксіз тәртіптің орнауы – елді мекенді қайта жандандыра түскендей.
– Бұрын бұл ауылдың өмірі басқаша болатын: мәдениет үйі, дүкен, мектеп, балабақшаға дейін болды, – деп еске алады зейнеткер. – Қазір бұрынғыдай адам саны болмаса да, ауылдың тынысы қайта ашылып келеді. Жастар шаруашылыққа ден қойып, елге оралып жатыр. Ең бастысы – тыныштық пен татулық бар. Тыныш ауылдың тіршілігі жанданғанын көріп, көңілім тояды.
Ауылдың күнделікті тіршілігімен танысып жүргенімізде, үйлерді аралап жүрген ақ халатты екі медбикені жолықтырдық. Олар аптасына екі рет Надеждин ауылынан келіп, тұрғындардың жағдайын тексеріп отырады. Басты назарда – қарт кісілер мен жас балалар. Ауылда мектеп жасындағы 2 бала ғана бар. Олар күн сайын 7 шақырым қашықтықтағы Надеждин ауылына қатынап оқиды.
– Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Оқушыларды күнделікті таңертең үйлерінен арнайы көлік алып кетіп, сабақтан кейін қайта жеткізіп тұрады. Жедел жәрдем қызметі қажет болған жағдайда, міне, мына 7 шақырым жердегіНадеждин аулынан шұғыл келіп жетеді. Ауыл тұрғындарының дені – зейнеткерлер, сондықтан медбикелердің тұрақты келуі үлкен көмек. Олар қан қысымын өлшеп, қажетті кеңес беріп, дәрі-дәрмектің дұрыс қабылдануын қадағалап отырады, – дейді округ әкімі.
Оның айтуынша, Майалаптың үлгісі алкогольсіз ортаның ауылдың дамуына тікелей ықпал ететінін дәлелдеп отыр. Ішімдік сатылмайтын жерде тәртіп бұзушылық азайып, еңбекке деген ынта артады, тұрғындар бір-біріне көбірек сенім артады. Қазір әкімдік округ ішінде ішімдіктен бас тарту бастамасын кеңейтудің жолдарын қарастырып жатыр.



Ауылдың тұрғындарының еңбекқорлығы және ынтымағы – Майалаптың бүгінгі келбеті. Жері шүйгін, мал ұстауға да, бақша күтуге де қолайлы. Бірлігі жарасқан, түтіні түзу ұшқан, кішігірім қазақ ауылы – бүгінде ұйымшылдығымен, таза тіршілігімен өзгеге үлгі болып отыр.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
