Қостанай ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері ерекше құрметпен аталады. Көптеген батырлардың аттары ескерткіштер мен көше атауларында мәңгілікке жазылған
Бұл – ел есінде қалған ерлерге деген тағзым ғана емес, жас ұрпаққа аманат. Биыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығында, аудан жұртшылығы үшін осындай тарихи есімдерді жаңғырту, олардың ерлігі мен еңбегін насихаттау айрықша маңызды. Сол қаһарман тұлғалардың бірі – Беларусь жерінде партизан қозғалысына қатысқан қазақтың ержүрек ұлы Жүсіп (Иосиф) Наметов.

Қазақ партизаны
Жүсіп Наметов – Ұлы Отан соғысы жылдарында Белорусь жерінде партизандық қозғалысқа қатысқан санаулы қазақтардың бірі. Оның есімі бүгінде Қостанай ауданы Заречный ауылындағы бір көшеге берілген. Бұл – батырдың ерлігі мен өмір жолына деген құрметтің айқын көрінісі.
1917 жылы Орджоникидзе ауданының Аят ауылдық кеңесінде дүниеге келген Жүсіп Наметов бала кезінен білімге құштар, талапты болған. 1937 жылы Ақбұлақ педагогикалық училищесін тәмамдап, ұстаздық қызметін бастаған. Өмірін бейбіт еңбекке арнамақ болған жас мұғалімнің тағдырын соғыс өзгертті.
1939 жылы ол Қызыл Армия қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтей бастады. 1941 жылы майданда жүрген кезінде, Минск түбінде жау қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Алайда ол өз тағдырына мойымаған. Тұтқыннан қашып шығып, Белорусь ормандарына жасырынған Жүсіп сол жерде партизандық қозғалысқа қосылады.
Ол Железняк атындағы партизандық бригаданың саяси бөлімінде командирдің орынбасары болып қызмет атқарған. Жау тылында жүрген қазақ жігіті көптеген әскери операцияларға қатысып, неміс эшелондарын жарып, теміржолдарды істен шығару ісінде ерекше ерлік көрсеткен. Соның бірі – Жлобин мен Морман станциялары арасындағы үш шақырымдық теміржолды жарып жіберу әрекеті еді. Бұл соғыс барысына үлкен әсер еткен маңызды операциялардың бірі болған.
Елге оралған ер
1944 жылы жараланып елге оралғаннан кейін Жүсіп Наметов бар күш-жігерін бейбіт құрылысқа арнады. Ол Мендіқара, Қостанай және Обаған аудандарының атқару комитеттерінде төраға болып қызмет етті. Кейін Әулиекөл ауданындағы «Москалевский» кеңшарына басшылық жасады. Директор болған жылдары шаруашылық өркендеп, ауыл шаруашылығы саласында тың жетістіктерге жетті.
Оның басшылығымен қазір де елімізде жоғары бағаланатын Әулиекөл ірі қара тұқымы шығарылды. Бұл – Жүсіп Наметовтің ауыл шаруашылығына қосқан елеулі үлесінің дәлелі. Кейінірек ол Қостанай ауданының Заречный ауылында орналасқан ақпараттық-есептеу станциясының бастығы қызметін атқарған.
Тәртіпті мұра еткен әке
Жүсіп Наметов өмір бойы адалдық пен еңбекқорлықты өмірлік ұстаным еткен жан еді. Оның баласы, бүгінде зейнеткер Жанат Иосифович әкесін ерекше ілтипатпен еске алады:
– Ол коммунист болатын. Коммунистік идея ол үшін маңызды еді. Әрдайым бізге адал, тәртіпті, еңбекқор болуды айтып отыратын. Алаяқтық жасамай, адал еңбектену керек дейтін. Сол кездің идеологиясы сондай еді. Оның шын есімі – Жүсіп. Бірақ Сталинге құрметпен қарап, Иосиф есімін алған, – дейді ол.
Жанат Иосифовичтің айтуынша, әкесі өте қарапайым, сабырлы, бірақ талапшыл адам болған. Үйде тәртіпке ерекше мән беріп, балаларына әр істі жауапкершілікпен орындауды үйреткен.
– Әкем бізге ешқашан дауыс көтермейтін, бірақ оның бір ауыз сөзі жеткілікті еді – бәріміз түсінетінбіз. Ол кісіге деген құрметіміз ерекше болатын, – дейді ол.
Жүсіп Наметов отбасы мен еңбекті әрқашан бірінші орынға қойған. Ол үшін адал қызмет ету, елдің дамуына үлес қосу – нағыз азаматтық борыш еді.
Жүсіп Наметов соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбегі үшін жоғары марапаттарға ие болған. Ол Қызыл Жұлдыз және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Оның есімі «Беларусь партизандары. 1941–1945 жж.» анықтамалығына енгізілген. 2015 жылы Астанада жарық көрген «Архивтер сөйлейді…» атты жинақта да оның ерлігі мен өмір жолы туралы мәліметтер келтірілген.
Жанат Иосифовичтің айтуынша, әкесі ешқашан өз ерлігін айтып мақтанбаған, тіпті соғыс туралы сирек еске алатын. «Ол үшін батырлық – міндет, ел алдындағы парыз еді. Әкем үнемі «соғысты бастамау – нағыз жеңіс» деп айтып отыратын», – дейді ұлы.
Есімі ел жадында
Бүгінде Заречный ауылындағы бір көше батырдың есімімен аталады. Бұл – жерлестерінің құрметі мен ұрпақтардың ризашылық белгісі. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында ауыл тұрғындары Жүсіп Наметовтың есімін еске алып, гүл шоқтарын қояды.
Қостанай ауданында мұндай мысалдар көп. Әр ауылда соғысқа қатысқан, ел үшін жанын берген азаматтардың аттары ұлықталған. Бұл дәстүр – ұлттың рухани сабақтастығын, тарихқа деген құрметін көрсетеді.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Жүсіп Наметов сияқты қаһармандардың өмірі мен еңбегі туралы айту – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Өйткені олар – ел намысын қорғаған, бейбіт өмірдің қадірін ұқтырған нағыз батырлар.
Қостанай жерінде есімі ұлықталған Жүсіп (Иосиф) Наметов – адалдықтың, батылдықтың және елге деген сүйіспеншіліктің символы. Оның өмір жолы – бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін мәңгілік үлгі.
Жастарға тағылым
Биыл көктемде Заречный ауылындағы мектеп оқушылары үшін ерекше кездесу ұйымдастырылды. Балалар ардагерлердің есімдері берілген көшелермен танысып, солардың бірі — Жүсіп Наметов атындағы көшеге барды. Мұнда олар батырдың өмір жолы мен ерлігі туралы мағлұмат алды, ұстаздарының және жергілікті өлкетанушылардың әңгімесін тыңдады.
Оқушыларға Жүсіп Наметовтың Беларусь жерінде партизандық қозғалысқа қатысқаны, жау тылында ерлік көрсеткені және соғыстан кейінгі еңбегі туралы айтылды. Балалар көшедегі тақтайшаға назар салып, батырдың есімі бүгінгі күнге дейін ел жадында сақталып келе жатқанына көз жеткізді.
Мұндай кездесулер – жас ұрпаққа тарихты тереңірек танып, өткенге құрметпен қарауды үйретудің ең тиімді жолы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара оқушыларға патриоттық рух сыйлап, туған жердің тарихына деген қызығушылықтарын арттырған.
Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен және ашық ақпарат көзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
