Здравоохранение

Қостанай ауданында жаңа амбулаториялар жұмысын бастады

Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. 2023–2025 жылдар аралығында Қостанай ауданында бірнеше медициналық нысан салынды. Бұл жобалар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған

Ауданда 10 медициналық нысан пайдалануға берілді

Жаңадан ашылған медициналық мекемелердің қатарында Алтын дала, Алтынсарин, Александров, Айсары, Майкөл, Надеждин, Садовый ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттер, сондай-ақ Мәскеу, Октябрь және Владимир ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар бар.

Бұл жаңа нысандар ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы маңызды қадам. Енді тұрғындар алғашқы медициналық көмекті өздеріне жақын жерде ала алады, бұл олардың қалаға баруға кететін уақытын, қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа амбулаториялар мен ФАП-тар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, дәрігерлер мен мамандардың кең ауқымды қызмет көрсетуіне жағдай жасалған.

Жаңа нысандар тұрғындарға кең ауқымды қызмет көрсетеді. Олар стоматолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер-гинеколог сияқты мамандардан кеңес ала алады, зертханалық диагностикадан өтуге, физиотерапиялық ем-шаралардан өтуге және III кезеңдік реабилитация қызметтерін пайдалануға мүмкіндік алады. Барлық қызметтер, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де, аудандық ауруханаға бармай-ақ қолжетімді.

– Жаңадан ашылған нысандардың қызмет көрсетуі ауылдық медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырды. Қазір артериялық гипертензия, қант диабеті, онкологиялық және басқа да ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері оң динамикада. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы Қостанай ауданы Жуковка ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Заречное ауылында 2025 жылдың аяғы немесе 2026 жылдың басында 250 келушіге арналған заманауи емхана пайдалануға беріледі, – дейді Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігердің міндетін атқарушы Алимжан Мирманов.

Бұл жобалар ауылдық жерлерде медициналық көмек сапасын арттыруға, тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз. Жаңадан салынған амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер ауыл тұрғындары үшін нақты нәтиже беретін, өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалар болып отыр.

Бұл жобалардың барлығы Қазақстан президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда, бұл ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір жақсартады.

Александров және Озерный дәрігерлік амбулаторияларында медициналық талдауларды тікелей сол жерде жүргізуге мүмкіндік беретін зертханалар ашылды. Бұл ауылдық инфрақұрылымды дамытудағы және қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы алшақтықты азайтудағы маңызды қадам. Енді тұрғындарға базалық талдаулар тапсыру үшін аудан орталығына немесе қалаға барудың қажеті жоқ, бұл әсіресе қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі пациенттер және балалары бар отбасылар үшін маңызды.

Алтын даланың қуанышы

Алтын дала ауылының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы халық игілігіне бағытталған жүйелі жұмыстармен жалғасуда. Бүгінде ауылда 206 үй, 1210 тұрғын бар. Елді мекен көгілдір отынмен және ауыз сумен толық қамтылған, бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартқан маңызды қадам.

Ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынғанға дейін медициналық қызмет көрсету мектеп жанындағы шағын бөлмеде жүргізіліп келген еді. Бүгінде заман талабына сай толық жабдықталған жаңа медициналық нысан ауылдың денсаулық сақтау деңгейін жаңа белеске көтерді. Мұнда алғашқы медициналық көмек көрсету, амбулаторлық тексерулер, профилактикалық шаралар, жүкті әйелдерді бақылау және басқа да қажетті қызмет түрлері қарастырылған.

Ауыл әкімі Жанай Алтынсариннің айтуынша, тұрғындар тарапынан күндізгі ем қабылдау пунктін ауылдың өзінде ашу жөнінде ұсыныс бар. Алайда қолданыстағы салалық қағидаттарға сәйкес, күндізгі ем қабылдау тек дәрігерлік амбулаторияларда ғана жүргізіледі. Осыған байланысты Алтын дала ауылының тұрғындары күндізгі емді Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясынан алады.

Жаңа ФАП-тың ашылу рәсіміне қатысқан жергілікті билік өкілдері мен ауыл тұрғындары медициналық мекеменің ауыл өміріндегі маңызын ерекше атап өткен еді. Жаңа нысан елді мекен халқының денсаулығын жақсартуға, аурулардың алдын алуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Алтын дала ауылындағы жаңа медициналық пункттің бой көтеруі – ауыл аймақтарын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың нақты жемісі. Жаңа нысандар былтыр ашылып, тәуелсіздік күні мерекесімен тұспа-тұс келді.

– Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің іске қосылуы – ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі үлкен жетістік. Бұл бастама ауыл халқының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Ауылдықтарға екі медицина қызметкері қызмет көрсетеді. ЭКГ, қақырық жинайтын арнайы құрылғы, физио аппараты бар», – дейді Жамбыл дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ольга Анатольевна.

Мәскеуліктер үшін қолжетімді медицина

Қостанай ауданының Мәскеу ауылында «Ауыл медицинасын дамыту» жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді. Заманауи медициналық нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысқан еді.

Бұған дейін ауылдағы ескі амбулатория қарапайым жер үйде орналасқан болатын. Тар, ыңғайсыз әрі жабдықталуы талапқа сай емес ғимаратта сапалы қызмет көрсету қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешілді. Жаңа амбулаторияда әр маманға арналған кең, жарық, жылы кабинеттер қарастырылған. Құрылғылардың барлығы еуропалық стандартқа сай, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған.

Мұнда ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараты, III кезеңді оңалту бөлімі, физиокабинет жұмыс істейді. Енді мәскеуліктерге қарапайым тексерістен өту үшін аудан орталығына немесе қалаға сабылудың қажеті жоқ. Барлық қажетті қызмет ауылдың өзінде қолжетімді.

Жаңа амбулаторияның жалпы ауданы – 400 шаршы метр, жоба құны – 323 млн теңге. Бұл ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі.

Жалпы практика дәрігері Динара Серікбайқызының айтуынша, қазіргі таңда мекемеге 1400 адам тіркелген. Соның 157-сі диспансерлік есепте тұр.

– Диспансерлік науқастар мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек алады. Әрлі-берлі қатынап жүрмесін деп, мүмкіндігінше дәрілерді өзіміз ауылға жеткізіп береміз. Халықпен үнемі байланыстамыз. Науқастарға барынша көңіл бөліп, қажетті көмектің бәрін көрсетеміз. Қажет жағдайда толық тексеруден өткізіп, ем шараларын жүргіземіз. Күндізгі стационар да бар, мұнда система қабылдауға болады», – дейді Динара Серікбайқызы.

Оның айтуынша, амбулаторияда көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар. Солардың бірі – Елена Рауханқызы. Қырық бойы елді мекен тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосып келеді. Өткен жылы мекемеге жас отбасы, медбике мен фельдшер болып еңбек ететін Семізбаева Жазира мен Рахымбай Аманжол келіп, халыққа қызмет көрсетуде. Нұргүл Беспайқызы 16 жылдан бері балаларды қарап келеді. Ұжымда еңбек ететін әрбір маманды өз алдына тұлға деп қарауға болады.

Алты жылдан бері дәрігер болып жұмыс істеп жүрген Динара Серікбайқызы биыл Ұлыбританияда кәсіби тәжірибеден өтіп, білімін жетілдіріп қайтқан. Оның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшу – ұжым үшін үлкен қуаныш. Мұнда әр маманның жеке кабинеті бар, қызмет көрсету сапасын арттыруға барлық жағдай жасалған.

Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді мақалаға арқау болған кейіпкерлер ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77