Күз келген сайын қала көшелерінде, базарларда әжелер мен бағбандар өз бақшаларынан жиналған өнімдерін сатып отырғанын көреміз.
Бұл жыл сайын қайталанатын көрініс қана емес, сонымен қатар қала тұрғындары үшін күздің ерекше дәмін сезінудің мүмкіндігі. Қыркүйек пен қазанда үстелдер мен сөрелер жүгеріге, асқабаққа, баклажанға, алмаға, маринадталған саңырауқұлақтар мен түрлі жемістерге толып кетеді. Соңғы жылдары халық жақсы алып жатқан өнімдердің бірі – шырғанақ. Жүгері – күздің басты нышаны. Әсіресе ауылдан әкелінген, бақшадан жаңа жиналған жүгерінің дәмі өзгеше болады. Қала базарларында бір тал жүгерінің бағасы 200 теңгеден басталады. Әжелердің қолынан алынған өнімнің тәттілігі ерекше, сондықтан сұранысы да жоғары. Көптеген тұрғындар балаларға қайнатып беріп, қысқа қатырып қояды.
– Мен әрқашан әжелерден аламын, өйткені жүгері өз бақшасынан, ешқандай химиясыз. Балаларға қайнатып беремін, сүйсініп жейді. Бағасы дүкендегіден қымбаттау болса да, дәмі бөлек, – дейді қала тұрғыны Айгүл.
Күзгі дастарқанды асқабақ пен баклажансыз елестету қиын. Асқабақтың бағасы шамамен 550–580 теңге болса, баклажан 500 теңгеден сатылады.
Олардан көкөніс рагуын, икра, салат әзірлейді, тіпті тоңазытқышқа қатырып қояды. Қала тұрғындары бұл өнімдерді қаптап алып, қыстыққа дайындайды.

Маринадталған саңырауқұлақтар да күзгі дастарқанның сәні. Әдетте оларды орманнан теріп әкелген әжелер сатады. Банкідегі саңырауқұлақтар қыс бойы дастарқаннан табылып, ерекше дәм береді.
– Саңырауқұлақты тек сенімді адамдардан аламын. Әжелердің қолынан алғанда сапасына күмән келтірмеймін. Қыста ашып жесең – орман иісі шығады, балалық шақ есіңе түседі, – дейді сатып алушы.
Алмалар да күздің басты жемістерінің бірі. Жергілікті бақшадан жиналған алмалар сырт көзге қарапайым көрінгенімен, дәмі мен иісі ерекше. Бағасы шамамен 400–500 теңге аралығында. Сонымен қатар алмұрт, өрік, кейде айва да сатылады. Мұндай жемістер қысқы дәрумен қорын толықтыруға көмектеседі.
Соңғы жылдары сұранысы артып келе жатқан өнімдердің бірі – шырғанақ. Оның бағасы қымбатырақ болса да, халық жақсы сатып алып жатыр. Бір килограмы шамамен 1000–1200 теңге тұрады. Бұл жидек – нағыз дәрумен қоймасы. Одан тосап, шырын, морс жасалады, шайға қосып ішеді.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
