Қаланың гүлденуі – оның тұрғындары үшін маңызды факторлардың бірі.
Жасыл желектер мен ағаштардың көбеюі экологиялық ахуалдың жақсаруына, қаланың эстетикалық көрінісінің артуына, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына да оң әсер етеді. Ағаштар ауаны тазартуға, шаң мен зиянды газдардың деңгейін төмендетуге, әрі қаланың климатын жұмсартуға көмектеседі.
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, жасыл желектер адам психологиясына да оң әсер етеді, күйзелісті азайтады және тыныштық сыйлайды. Сондықтан, қала әкімдігінің жасыл желектерді отырғызу және күтім жасау жұмыстарына көңіл бөлуі – бұл тек экологиялық мәселелерді шешу ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың бір жолы.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында рейд жүргіздік. 2023 жылы Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығы форумына дайындық аясында башқұрт шыршаларының отырғызылуы ұйымдастырылды. Біздің тілшілер сәуір айының соңында қала көшелерінде жүргізілген рейд барысында башқұрт шыршалары мен қарағайлардың отырғызылғанын анықтады. Бұл көшеттер Бородин, Тәуелсіздік, Леонид Беда, Дощанов, Доненбаева көшелерінде және Назарбаев даңғылында отырғызылды.
Осы шараларға қаражат жергілікті емес, республикалық бюджеттен бөлінді, себебі 2023 жылдың күзіне жоспарланған Ресей мен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстары жүргізілді.
Ағаштарды отырғызу жұмыстарын қалалық мердігерлік ұйымдар: «Конгломерат.KZ» ЖШС, «ЦентрСад» және «КазГранСтрой» компаниялары жүзеге асырды. Біздің басылымның журналистері отырғызылған ағаштардың жағдайын жыл бойы бірнеше рет тексеріп отырды. Алғашқы тексеру отырғызудан бір ай өткен соң, екіншісі жазғы ыстықта, ал үшіншісі суық түсер алдында жүргізілді.
Қазіргі рейд барысында біз олардың бейімделгенін байқадық. Мысалы, соңғы рейдтерде Дощанов көшесінде сарғайған шыршаларды көрсек, қазір олар қалпына келіп, қайта жасыл түске еніпті. Мамандардың айтуынша, бұл процесс үшін тек уақыт қажет болған.
— Оларға бейімделу үшін уақыт керек болды. Алғашқы бірнеше айда ағаштар жаңа ортаға үйренісіп, тамырларын тереңге жайып, жергілікті климатқа бейімделе бастайды. Бұл табиғи процесс болғандықтан, кейбір ағаштардың сарғайып немесе қурап бастауы қалыпты жағдай. Дегенмен, қазіргі уақытта отырғызылған ағаштардың басым көпшілігі жақсы күйде, бұл олардың сәтті тамырланғанын және өсіп жатқанын көрсетеді. Алдағы бірнеше жылда бұл жасыл желектер қаланың көркін одан әрі ашып, экологиялық жағдайын жақсартады деп күтілуде, — дейді Қостанай биологы Андрей Андрющенко.
Доненбаева көшесіне 355 қарағай отырғызылған, олардың барлығы жақсы жағдайда. Бородин көшесінде 109 қарағай отырғызылған, олардың да бәрі сәтті бейімделген. Дощанов көшесінде бұрын екі қураған қарағай байқалған, бірақ қазіргі уақытта олар ауыстырылып, қалған ағаштар жасыл күйінде тұр.
Назарбаев даңғылында, Қайырбеков пен Доненбаева көшелерінің аралығында, «КазГранСтрой» компаниясы 300 қарағай, 255 пирамида тәрізді терек және 35 мыңнан астам итмұрын көшеттерін отырғызған. Алғашқы рейдтер кезінде бірнеше ағаш сарғайып кеткені байқалды, бірақ олардың саны 30-дан бірнеше ағашқа дейін азайған.
— Ешқандай ерекше мәселелер болған жоқ. Бір-екі ағаш қурап қалса да, оны тіпті атап өтудің қажеті жоқ шығар. Бұл табиғи бейімделу процесі, кейбір ағаштарға күш жетпей қалған, бірақ бұл өте аз мөлшерде. Бар болғаны екі-үш ағаш қурап қалды. Қалғандарының бәрі жақсы, жағдайлары ойдағыдай. Жыл бойы оларға күтім жасалып, тыңайтқыш беріліп, суарылып отырды. Сондықтан, менің ойымша, отырғызу да, күтім жасау да сәтті өтті. Қала әкімдігінің күту жұмыстарына, суаруға және тыңайтқышқа қаржы бөліп жатқаны қуантады. Отырғызудан кейін алғашқы 2-3 жыл көшеттерге жақсы күтім жасалса, олар тамыр жайып, кейін суаруды қажет етпейді, — дейді мердігерлердің бірі Станислав Желтов.
Ерекше назар аударуға тұрарлық жағдай — Тәуелсіздік көшесіне 443 қарағай отырғызылған, бұл басқа көшелерге қарағанда көбірек. Барлық ағаштар жақсы бейімделген және қаланың ауа райына сәтті үйренген, бұл тұрақты тексерістердің нәтижелерінен анық көрінеді. Осылайша, кейбір ағаштарды ауыстыру қажет болғанына қарамастан, форумға дайындық аясындағы қаланы көгалдандыру жұмыстары сәтті деп бағаланады.
Жаз айларында башқұрт шыршаларының маңында ұлу балдырған өсімдігінің өскені байқалған. Қала әкімдігі қазан айының ортасына дейін оны тазарту жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын. Қазіргі рейдте ондай өсімдіктерді көрмедік, бұл олардың өз уәделерін уақытылы орындағанын көрсетеді.
Сонымен қатар кейбір мердігерлер өздернің жұмыстарын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне берген. Сондықтан қазіргі уақытта бұл жұмыстарға қалалық ТКШ бөлімі жауап береді.
Өткен көктемде отырғызылған башқұрт шыршалары қысты ешқандай шығынсыз өткізді. 2023 жылдың күзінде отырғызылған ағаштар да уақыт өте келе нығайып, соңғы айларда 2 метрге дейін, тіпті кейбіреулері одан да жоғары өсті. Олар біздің климатымыз бен ауа-райымызға толықтай бейімделіп үлгерді.
Қорыта айтқанда, отырғызылған ағаштардың жағдайы жақсы, мамандардың айтуынша, олар табиғи ортаға сәтті бейімделіп, тамыр жайып жатыр. Тіпті, Тиісті күтім мен күтудің арқасында, қала көшелеріндегі жасыл желектер экологиялық жағдайды жақсартуға және қаланың көркін одан әрі ашуға үлес қосады. Қазіргі жұмыстардың барлығы «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып, қала әкімдігінің белсенді қолдауымен жүріп жатыр. Алдағы уақытта ағаштардың одан әрі өсуі мен дамуы қала тұрғындарына табиғаттың сұлулығын сыйлайтынына сенім артамыз.
Ағаштардың көбеюі қаладағы биоәртүрлілікті сақтау үшін де маңызды. Жергілікті флора мен фаунаның дамуына мүмкіндік беріп, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Сондықтан, қаладағы ағаштардың санын арттыру, оларды қорғау және қамқорлық жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Осылайша, қаланың гүлденуі мен ағаштардың көбеюі – бір-бірімен тығыз байланысты процестер. Біз осы бағытта бірлесіп жұмыс істеп, қаламызды одан әрі жасыл және жайлы етуге үлес қосуымыз керек.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77