Новости Правопорядок

Енді Қостанайда мемлекеттік тілдегі сот отырыстарының саны артпақ

Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселесі т алқыланды

Қостанайда сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелеріне арналған аймақтық конференция өтті. Шараға ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы сот жанындағы ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Қостанай облысы сотының төрағасы, адвокаттар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

– Мысал келтіретін болсақ, бізде сот практиксында прокуротура немесе басқа органдар қылмыстық іс бойынша алдын-ала тексеру жүргізгенде тіл мәселесіне көңіл бөлмейді. Ал, азаматтық істер бойынша ақы талабын дайындағанда көптеген жағдайда қорғаушылар немесе талап қоюшылардың өкілдері басқа тілде, әсіресе орыс тілінде құжатты толтырады деген әңгімелер айтылатыны жасырын емес, – деп атап өтті ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков.

Бір қарағанда, мемлекеттік тілдің қанат жаюуына еш тосқауыл жоқ сияқты көрінеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне Ата Заңымыз кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп анық көрсетілген. Дегенмен, осы сынды талаптар сот жүйесінде нақты орындалып жүр ме? Нұргүл Қарағойшинаның баяндауынша, көрсеткіш көңіл көншітпейді.

– Біз, ҚР Жоғары сотының төрағасының тапсырмасын орындау мақсатында, сот ісін жүргізуде қазақ тілінің үлес салмағын анықтау үшін соңғы үш жылға азаматтық қылмыстық және әкімшілік істердің статистикасын шығардық. Мәліметтерге сәйкес сот жүйесінде қазақ тіліндегі істердің саны көңіл қуантпайды. Тіпті, кей облыстарда «нөл» деген пайыздық көрсеткіштер бар. Әрине, мұндай жағдайдың тұрақты қалыптасуына істердің тергеу барысында қай тілде жүргізілетіні, талап-арыздың қай тілде берілетіні және қорғаушылардың қай тілге бейім екені әсер ететіні сөзсіз. Бірақ, халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатыны үнемі аудармашыны алдыратыны жасырын емес. Статистиканы сөйлетсек, соңғы 9 айда бірінші сатыда 2 млн 447 мың 881 іс қаралған. Оның 120 мың 656-сы, яғни 5 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізілген. Ал, апелляциялық сатыдағы 62 мың 997 істің тек 12 пайызы ғана қазақ тілінің үлесінде. Бірінші саты мен апелляциялық сотта қаралған азаматтық істердің көрсеткіші 4–9 пайызды құраса, ал, қылмыстық істер 32-34 пайыз шамасында. Әрине, бұған географиялық аумақтардың ерекшелігі, тергеу кезінде істің қай тілде жүргізілгені және қорғаушылардың қай тілге бейім екендігінің де әсері мол. Шағымданушының өз таңдауы десек те, кілең қазақ жиналған сот отырысында бір қазақтың сөзін екінші қазақ аударып тұратын халге жеттік, – деді ҚР Жоғарғы сот жанындағы ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина.

ҚР Бас прокорутураның құқықтың статистика және арнайы есепке алу комтетінің дерегі бойынша былтыр 31 мың 309 тұлға сотталған, оның 18 мың 911-і қазақ ұлтты азаматтар. Ал, ағымдағы жылы 23 мың 77 тұлға сотталса, оның 14 мың 660-ы қазақ ұлтының өкілдері екендігі анықталған.

Қостанай облысы бірінші сатыда және апелляциялық сатыда мемлекеттік тілде қаралған азаматтық істер үлесі 1 пайызды құраса, қылмыстық істер 4 пайыздық деңгейде тұр.

– Көбіне құқық қорғау органдарында, соттарда, оның ішінде әкімшілік соттарда қарайтын тиісті құжаттар рәсімдегенде орыс тілін қолданады. Ал іске қатысушылар қазақ тілінде сөйлейді. Бұл соттар отырысында кейбір мәселерді тудырумен қатар, азаматтардың заңды құқықтарын бұзады. Статистикалық деректерге сүйенсек облыс бойынша барлығы 52 мың 136 істің мемлекеттік тілде тек қана 1 698-і немесе 0,1 пайызы ғана қаралған. Әрине, бұл өкінішті жайт. Істердің түрлеріне келетін болсақ қылмыстық істер 3,5 азаматтық 2,5, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 4 пайыздан аспайды, – деді Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев.

Іс-шараның соңында конференцияға қатысушылар сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығын және оны одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77