Экономика

Қостанай облысында егін жинау жұмыстары жалғасуда

Биыл облыс көлемінде егін жинау жұмыстары 5,1 миллион гектар алқапта жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, бүгінге дейін 992 мың гектар жерден астық орылып, 1 млн 240 мың тонна өнім бастырылды. Десе де жауын-шашынға байланысты орақ науқанының қарқыны баяулағаны рас. Шаруалар ауа райы түзелген соң жұмысты барынша жеделдетпек.

Орташа өнімділік гектарына 12,5 центнерді құрайды. Майлы дақылдар 20 мың гектардан жиналып, 16,2 мың тонна майлы тұқым алынды. Бұл бағыттағы өнімділік гектарына 8,1 центнерден айналды. Сондай-ақ картоп 330 гектарда жиналып, 5045 тонна өнім алынды. Көкөністер 99,4 гектардан жиналып, 1846 тоннаға жетті. Орташа өнімділік гектарына – 185,7 центнер.

Егін жинау науқанының сапалы әрі уақытылы өтуі үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткілікті көлемде дизель отыны бөлінген. Биыл бұл мақсатқа 83 мың тонна жанармай қарастырылды. Шаруалар үшін оның бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен – литріне 254 теңгеден аспайды.

Жиналымға облыстың қолда бар барлық техникасы жұмылдырылып жатыр. Қазіргі таңда дала төсінде 7,9 мың астық жинайтын комбайн мен 8,2 мың жүк көлігі еңбек етуде.

Өнімді сақтау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Қостанай облысында бүгінде 34 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы – 3 млн тонна. Бұдан бөлек, шаруашылық құрылымдарының иелігінде қосымша 5,3 млн тоннаға дейін астық сақтайтын қоймалар бар. Осылайша, жалпы сақтау қоры 8,3 млн тоннаны құрап отыр.

Сонымен қатар, өнімді кептіру үшін аймақта 415 астық кептіргіш қондырғы бар. Оның 96-сы астық қабылдау кәсіпорындарында, 319-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарында орнатылған. Аграрлық сала мамандарының айтуынша, қолда бар техника мен инфрақұрылым өсірілген өнімнің барлығын дер кезінде жинап, кептіріп, сақтауға толық мүмкіндік береді.

Ая Әбділда, суретті түсірген Виктория БОЛГЕРДТ

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77