Здравоохранение Коронавирус

Қостанай облысының бас педагогы мен мұғалімдер коронавирусқа қарсы екпе алды

Қостанайға өткен жетіде «Спутник V» вакцинасының 4500 дозасы жеткізілді

Ақпан айында Қостанайға 1200 дана вакцинаның бірінші партиясы жеткізілген болатын. Алғашқы болып медицина қызметкерлері, облыстың бас санитар дәрігері мен облыс әкімінің орынбасарлары екпе алды. Кейін 22 күн өткен соң бірінші болып екпе салынғандар, екінші кезең бойынша қайта егілді.

– Өткен сенбіде біздің облысқа 4500 дана вакцина жеткізілді. Алғашқы кезекте медицина қызметкерлері егілген еді, оларға енді ұстаздар мен полиция қызметкерлері қосылып отыр. Наурыз айының ортасында 7500 дана екпе келуі керек, ал сәуір айында 30 мың дана вакцина Қостанай облысына жеткізіледі деп күтілуде, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Бұл «Спутник V» вакцинасы Ресейде жасалған, ал Қарағандыда құтылырға құйылып, аймақтарға жөнелтілген.

– Адамдардың уайымдауына негіз жоқ. Ресейде жасалға, Қарағандыда құйылған. Құрамына ешқандай өзгерістер енгізілмеген. Барлығы сертификатталған, Қарағандыдан вакцинаны таза логистикалық тұрғыдан жеткізу ыңғайлы, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

Вакцинаны ектірту, ектіртпеу әр адамның өзінің құқы. Білім басқармасының басшысы облыс ұстаздарына ешкім қысым жасамайтынын атап өтті.

– Жұмыс бабыммен көп білім нысандарына барамын. Сол себепті білім нысандарының қызметкерлері мен оқушылар індет жұқтырмағанын қалаймын. Өкінішке қарай, індет білім саласына айтарлықтай салдарын тигізгенін білесіздер. Бүгінгі таңда мектептердің жартысына жуығы қашықтан білім беру жүйесінде. Ұстаздар мен оқушылардың дәстүрлі оқу форматына көшкенін мен де қалаймын, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.

Алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері, ұстаздар, полиция қызметкерлері егілетін болады.

– Жыл сайын күз бен көктем айларында тұмауға қарсы екпе алып тұрамын. Бұл вакцинацияны қалт жібермей салдыртамын. Коронавирусқа қарсы екпе жүріп жатқаның хабарлаған соң арнайы келіп отырмын. Өйткені, біз полиция қызметкерлері көп жерлерде жұмыс бабымен жүреміз. Сол себепті өзім мен өзгенің өмірін қауіпке тіге алмаймын. Екпе алу сақтықтың бірден бір жолы деп есептеймін, – дейді Қостанай қаласы жол полиция батальенының командирінің орынбасары Ербол Абдеев.

Екпе салдырғысы келетін қала тұрғындары тіркелген емханаларына барып өтініш бере алады. Кезекші мейірбике оларды тіркеп, вакцина жеткізілген уақытта хабарласатын болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77