Біздің Қостанай Спорт

Қостанай тұрғындары даладағы тренажерларға ден қойып жүр

Соңғы уақытта Қостанай қаласының әр бөлігінде орнатылған көше тренажерлары бұрынғыдан да жиі қолданылып жатыр. Бұған басты себеп – жаз мезгілінің келуімен қатар, спорт кешендерінің уақытша жөндеу жұмыстарына жабылуы. Енді спорт сүйер қауым даладағы жаттығу құралдарын күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналдырды.

Бұрын тек балалар алаңына іргелес қойылған бірнеше қарапайым құрылғы болса, қазір әрбір шағынауданда дене шынықтыруға арналған заманауи әрі ыңғайлы тренажерлар орналастырылған. Арасында тартылуға арналған көлденең турник, велотренажер, аяқ пен қол бұлшықеттерін жаттықтыратын құралдар бар.

Қаламызда Жастар сарайының маңында, Триатлон саябағында, Арыстанбеков көшесіндегі саябақта орналасқан жаттығу тренажерлері әсіресе қатты сұранысқа ие. Алаңда таңғы сағат жетіден бастап адамдар жинала бастайды. Солардың бірі –Егор. Ол мұнда күнде келеді.

– Бұрын жеке фитнес-залға барып жүрдім. Бірақ кейін даладағы тренажерлерде дайындалып көрдім. Басапқыда Гашек көшесіндегі жағалауда жаттығатынмын, кейін осы жерде пайда болғаннан кейін үйдің қасында жаттығып жүрмін. Міне, осы жаттығу алаңдарына келгеніме төрт айдай болды. Ашық ауада спортпен шұғылдану – денсаулыққа да, көңіл-күйге де пайдалы, – дейді ол.

Егор секілді бұл алаңға келетіндердің арасында жастар да, зейнеткерлер де бар. Кейбіреулері таңертең ерте келсе, енді бірі кешкісін отбасы болып серуендеп жүріп, жаттығу жасап кетеді.

Бөлек атмосфера

Дала тренажерларының тағы бір артықшылығы – ашық кеңістікте жаттығу жасау мүмкіндігі. Бұл жайлы жас студент Әділбек айтып берді.

– Бөлмеде жаттығу жасағанда тез шаршап қаласың. Ал көшеде дене жаттығуларын жасаған бір 40 минут зымырап өтеді. Айналада адамдар, табиғат, таза ауа – бәрі күш береді. Одан бөлек, мұнда көп адаммен танысып, жаңа достар табуға болады. Шын мәнінде, мұнда атмосфера бөлек. Біз досым екеуміз аптасына үш рет келеміз, – дейді ол.

Әділбектің айтуынша, спортты енді бастағандарға тренажерларды дұрыс пайдалануға көмектесетін адамдар да бар. Тұрғындай бей-жай қарамайды, айтып кеңес беріп жатады. Қауіпсіздік пен тиімді жаттығу жасау үшін бұл өте маңызды.

– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға қолжетімді спорт инфрақұрылымын ұсыну. Кейбіреулер фитнеске ақша жұмсай алмайды немесе уақыт таба алмайды. Сондықтан ашық аспан астындағы жаттығу алаңдары – олардың спортпен айналысуына керемет мүмкіндік, – дейді ТКШ бөлім маманы.

Оның айтуынша, алдағы уақытта қалада тағы бірнеше жаңа алаң салу жоспарда бар. Сондай-ақ, қазіргі тренажерлардың кейбірін жаңарту да күн тәртібінде тұр.

Бірнеше апта бұрын Қостанай қаласының тұрғындары Жеңіс саябағында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын байқады. Бұл не жұмыс екенін білу үшін біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық.

Бөлімнің мәліметінше, 2025 жылы қала саябақтарына күш жаттығуларына арналған құрылғылар мен балалар алаңдарын орнатуға байланысты келісімшарт жасалған. Жобаның жалпы құны 128,5 миллион теңге. Жұмысты орындаушы — Қостанай қаласындағы «FERT» өндірістік фирмасы ЖШС.

Жеңіс саябағында 6 күш жаттығу құрылғысы (үстінде күннен қорғайтын шатырмен), 4 орындық пен қоқыс жәшігі орнатылады, қауіпсіздік үшін резеңке жабын төселеді.

Сондай-ақ, қолданыстағы воркаут алаңына жөндеу және сырлау жұмыстары жүргізіледі, футбол алаңының қоршауы ауыстырылады.
Бұдан бөлек, Гашек көшесіндегі саябақта жаңа балалар ойын алаңы, шағын сәулет нысандары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады, резеңке жабын төселеді.

Барлық жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін.

– Бұл жұмыстар қаламыздың қоғамдық демалыс орындарын жақсарту мақсатында жыл сайын жүзеге асырылатын абаттандыру бағдарламасы аясында жүргізілуде. Мақсатымыз – саябақтарды ересектер мен балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз ету. Жаңартылған инфрақұрылым қостанайлықтардың көңілінен шығады деп сенеміз, – дейді ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Аманқұлов.

Біз құрылыс барысын бақылап, саябақтардың қалай жаңарып жатқанын алдағы уақытта хабарлаймыз.

Балалар үшін

Ауладағы алаңдар – тек үлкендер үшін емес, балалар үшін де өте пайдалы. Кейбір тренажерлар балаларға арналған қауіпсіз түрінде жасалған. Сонымен қатар, ата-аналар баласын ертіп келіп, бірге жаттығу жасауға мүмкіндік алады.

– Мен өзім жүгіру жолымен айналысамын, қызым велосипедпен жүреді. Екеуміз таңертең бір сағат серуендейміз. Одан кейін осы тренажерларда бірнеше жаттығу жасап, үйге ораламыз. Бұл бізге қалыптасқан күн тәртібін бұзбай, бірге уақыт өткізуге көмектеседі, – дейді қала тұрғыны, жас ана Лаура Ахметқалиева.

Мәселелер де жоқ емес

Дегенмен, барлық алаң толыққанды жұмыс істеп тұр деуге келмейді. Кейбір аудандардағы құралдар сынған, тұтқалары босап қалған немесе тот басқан. Сонымен қатар, кейбір тұрғындар алаңға қоқыс тастап кетеді, бұл жердің тазалығына кері әсер етеді.

– Біздің Гашек көшесіндегі жағалауда орналасқан тренажерлар әлі де жақсы. Бірақ былтыр бір құрылғы сынып қалды, содан бері ешкім жөндеген жоқ, – деп өз ойымен қала тұрғыны бөлісті.

Мамандар бұл мәселені мойындайды. Алайда бюджет шектеулі болғандықтан, барлық алаңды бірден жөндеу мүмкін емес екенін айтады.

– Жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп жатырмыз. Биыл бірнеше алаң толық жаңартылады. Қалғандары бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді жоғарыда аталған бөлімнің мамандары.

Қауіпсіздік – басты назарда

Дала тренажерларын пайдаланған кезде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. Дәрігерлер бірден ауыр жаттығуларға кірісуге болмайтынын ескертеді.

– Әсіресе жүрек, омыртқа аурулары бар адамдар жаттығуды дәрігермен кеңесіп барып бастағаны жөн. Сонымен қатар, бұлшық еттерді біртіндеп қыздырып барып жаттығуға кіріскен дұрыс. Әйтпесе денсаулыққа зиян болуы мүмкін, – дейді №2 қалалық емхананың дәрігері.

Ол сондай-ақ су ішуді ұмытпау керектігін, ыстықта ұзақ жаттығу жасамау қажеттігін айтты. Қостанай қаласындағы көше тренажерлары бүгінде тек спорт құралы емес, адамдардың өзара араласатын, белсенді өмір салтын қалыптастыратын алаңға айналды. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, денсаулыққа ден қою – әр адамның өз қолында. Тұрғындардың айтуынша, егер жаттығу алаңдары көптеп салынып, тұрақты түрде жаңартылып отырса, бұл халықтың өмір сапасына оң әсер етеді.

– Бастысы – ниет. Ал мүмкіндік бар. Қалада тренажер бар, таза ауа бар, таңғы немесе кешкі бос уақыт бар. Ендеше, денсаулық үшін күніне 30 минут уақыт бөлу қиын емес, – дейді мақала кейіпкерлерінің бірі Азамат.

Алайда барлығы бірдей мінсіз деп айтуға әлі ерте. Қаладағы кейбір жаттығу алаңдарында сынған, ескірген, тіпті мүлде істен шыққан құрылғылар да кездеседі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамытуда тек жаңа нысандар салу емес, барын күтіп-ұстау, уақтылы жөндеп отыру да аса маңызды. Қостанайлықтар даладағы жаттығу алаңдарының саны ғана емес, сапасы да арта түссе деген тілекте. Өйткені көше тренажерлары – тек уақытша тренд емес, бұл – салауатты қоғамға жасалған нақты қадам.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77