Біздің Қостанай

Қостанай жастары автошеру ұйымдастырды

Ел туын қаланың басты көшелерімен алып өтті

Еріктілер мен қостанайлық жастар ҚР рәміздер күніне орай құрмет белгісі ретінде автошеру ұйымдастыруды жөн көрген.

Бұл мереке елімізде 28-ші рет аталып өтіледі. Олар, сөрені «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» жағалауынан бастап, мәрені «Жастар сарайы» ғимараты алдына белгілеген.

Автошеруге қатысушылар Қазақстан Республикасының Туын көлік терезелеріне іліп, қаланың басты көшелерімен жүріп өтпек, яғни, Гашек көшесінен бастау алған шеру, Абай даңғылы бойымен жүріп өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы арқылы «Жастар сарайы» ғимараты алдына жиналды.

Автошеруге қатысушылардың бірі Болат Қалиев. Ол мұнда өзінің 4 жасар ұлы Әлиханмен арнайы келген.

– Жас ұрпақ осындай маңызды мерекенің бар екенін сезінулері керек деп есептеймін. Мемлекеттік рәміздеріміз біздің мақтанышымыз, елдігіміздің белгісі. Біздің балаларымыз Тәуелсіз елде ғұмыр кешіп жатқандарын мақтаныш етулері керек, сол себепті де патриоттық сезімін қалыптастыру үшін осында 4 жасар Әлихан баламды арнайы өзіммен ертіп келдім, – дейді автошеруге қатысушы Болат Қалиев.

Болаттың айтуынша баласы әр кеш сайын «Балапан» арнасындағы бағдарламалар аяқталып, ән ұран қосылған кезде, Әлихан орнынан тұрып, қолын жүрек тұсына қойып қосыла шырқайды екен. Бұл дегеніміз бала жүректің Отанға деген сүйіспеншілігінің шынайы көрінісі.

Он көліктен тұратын керуен қатарында мотоциклмен қатысқандар да болды. Мото жүргізуде 20 жылдық тәжірибесі бар Евгений Ладыгин шерудің бастаушысы болып табылады.

– Мен жас еріктілерге қолдау көрсету мақсатында қатысудамын. Бұндай шара Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылғанда да атсалыстым. Бүгінгі шеруді көк ту ілінген өзімнің мотоцикліммен бастап бермекпін, – деді ол.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77