Социум

Қостанай жастары: Жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламасы

Мемлекет тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда, олардың бірі – Қостанай облысында жас мамандарға арналған “Қостанай жастары” өңірлік тұрғын үй бағдарламасы.

Бұл бастаманы Қоғамдық даму басқармасы мен “Отбасы банк” АҚ-ның облыстық филиалы бірлесіп қолға алып, жас мамандардың тұрғын үйге қол жеткізуіне мүмкіндік беруде.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – 34 жасқа дейінгі мамандарға Қостанай облысында баспана алуға жеңілдетілген несие беру. Бұл ретте несие облыстық әкімдік пен “Отбасы банк” арасындағы келісім негізінде бөлінген қаржыдан қамтамасыз етіледі. Қатысушылар 21 қазан мен 1 қараша аралығында өтініштерін тапсыра алады.

– Бағдарламаға қатысу үшін маманның кемінде бір жерде 6 айлық жұмыс өтілі және Қостанай облысында тұрақты тіркеуі болуы шарт. Ал жеке кәсіпкерлерге бір жыл бойы үздіксіз кәсіппен айналысу талабы қойылады. Бұдан бөлек, өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі болмауы және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалдамалы пәтер алмаған болуы керек. Мұрагерлік не жекешелендіру арқылы алынған тұрғын үй жағдайлары ғана ерекшеленеді, – дейді Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының саяси жұмыс бөлімінің басшысы Әсел Құлмағамбетова.

Бағдарламаға Қазақстан азаматтары, сондай-ақ барлық қала мен аудандардан келген жас мамандар қатыса алады. Ерекше талаптардың бірі – бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатысуы тиіс. Жас маман баспананы жұмыс істейтін аймағынан сатып алуы қажет.

-Бұл тұрғын үй бағдарламасы үшінші рет іске іске асырылып жатыр. “Отбасы банк” тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға Қостанай облысының әкімдігі 2,1 миллиард теңге бөлді. Облыс қалалары мен аудандарының барлық қызмет салаларының мамандары қатыса алады. Соңғы 6 айда ерлі-зайыптылардың жиынтық табысы не онымен тұрақты негізде тұратын адамдардың төлемақысы айына 150 АЕК-тен аспауы тиіс.
2023 жылы бағдарлама арқылы 159 жас маман жалпы сомасы 2 миллиард 89 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алған. Осылайша, “Қостанай жастары” өңірлік бағдарламасы жастардың тұрғын үй мәселесін шешіп, олардың өңірдегі тұрақтылығына ықпал етіп отыр.

Аяжан СЕРІК,
сурет ИИ арқылы жасалған


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77