іс-шаралар ұйымдастырылады
Қалада Отан қорғаушылар күні қарсаңында патриоттық рухты көтеруге бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Мамырдың алғашқы күндерінен басталатын бұл шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейді.
Мерекелік бағдарлама аясында қала мектептерінде спорттық жарыстар өткізіледі. Атап айтқанда, баскетболдан, футболдан мектеп лигаларының жарыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар 4-6 мамыр аралығында «Жас сарбаз» сыныптарында военкомат өкілдерінің қатысуымен «Біз Отанымыздың болашақ қорғанымыз!» тақырыбында сынып сағаттары өтеді.
«5 мамыр күні Дружба тұрғын алабында әскери қызмет өткерген жастармен «Отанға қызмет ету – ел мен халықты қорғау» тақырыбында кездесу жоспарланған. Бұл жүздесулер жас буынға әскери борыштың маңызын түсіндіруге бағытталған», – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков.

Мамыр айының алтысы күні қалада бірқатар мазмұнды іс-шаралар жалғасады. «Северный» кітапхана-филиалында «Жүректегі Отан» атты әскери-спорттық турнир өтсе, А.С. Пушкин атындағы кітапханада «Жас сарбаз» ойын байқауы ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Мирас» мәдениет үйінің филиалында «Елім деп соққан жүрек» атты патриоттық әндер фестивалі өтеді. Ал «Дружба» кітапханасында «Алға, жас қорғаушылар!» ойын бағдарламасы ұсынылады.
«Мәдени бағыттағы іс-шаралар да назардан тыс қалмайды. 6-7 мамыр күндері облыстық орыс драма театрында «О чем молчат Ленинградские крыши» спектаклі көрермен назарына ұсынылады. Мерекенің негізгі іс-шарасы 7 мамыр күні облыс әкімдігі алаңында өтеді. Бұл күні «Қорғаушы жүрегі – ел жүрегі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйланады», – деді бөлім басшысы.
Жалпы, Қостанайда Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шаралар жас ұрпақты елін сүюге, әскери қызметтің маңызын түсінуге және патриоттық рухты нығайтуға бағытталған.
Қала әкімі Марат Жүндібаев мерекелік іс-шараларды өткізуде жаңа алаңдарды тиімді пайдалануды тапсырды. Атап айтқанда, жағалау маңында уақытша сахна орнатып, кешкі уақытта шағын концерттер ұйымдастыру ұсынылды. Бұл алаңда көше музыканттарының өнер көрсетуіне де мүмкіндік жасалмақ.
«Жаңа алаңдар табу қажет. Бұған дейін айтқанымдай, қаладағы адамдар көп жиналатын орындарды пайдалану керек. Мысалы, «Триатлон» паркі маңында уақытша сахна орнатып, кешкі уақытта шағын концерттер ұйымдастыруға болады. Сол жерге көше музыканттарын шақыруға болады – олар мұндай мүмкіндікке әрдайым дайын. Жарық, дыбыс құралдарын қойып, жағдай жасау керек. Жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі уақытта концерттер өткізуге толық мүмкіндік бар. Қазір ол жерде электр желісі де бар, ешқандай мәселе жоқ деп есептеймін. Адамдар да көп серуендейді», – деді қала әкімі.
Осылайша, қалада мамыр мерекелерін жоғары деңгейде өткізуге барлық жағдай жасалып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ, фотосурет “Наш Костанай” газетінің мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
