Біздің Қостанай Социум

Қостанайда «Абысын-ажын» атты облыстық байқау өткізілді

Әсем ою-өрнекті киімдер байқаудың маңызын арттырып, келіндер мен аналардың ажарын аша түскендей

Бүкіл әулеттің ұйытқысы – абысындар татулығы деп әспеттеген халықпыз. Жастарымыздың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіру арқылы ұлттық сананы оятуда, саналы қоғам қалыптастыруға ықпал етуде бұл жарыстың үлесі мол.

Ұлттық салт-дәстүрді насихаттауды көздеген бәсекеге бес әулеттің келіндері қатысты.

Байқаудың бас мақсаты – қазақ аналарын біріктіру арқылы жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, дәріптеу, сондай-ақ абысындар арасындағы өнегелі қарым-қатынасты, татулықты келешек ұрпаққа үлгі ету.

– Осындай байқау қаламызда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл байқаудың тағылымдық-тәрбиелік мәні зор. Әсіресе жас қыз-келіншектерге әдет-ғұрыпты дәріптеу мен ұлттық құндылықты насихаттауда үлкен маңызы бар. Байқау барысында әр әулеттің келіндері өз өнерлерін көрсетіп, жұртшылықтың ілтипатына бөленді, – деді Облыстық Достық үйінің баспасөз хатшысы Дарья Щербакова.

Сындарлы сайысқа Меңдіқара ауданынан Айсағалиевтер әулеті, Сарыкөл ауданынан Жанұзақовтар әулеті, Науырзым ауданынан Сағынаевтар әулеті, Жангелдин ауданынан Ибраевтар әулеті мен Қостанай қаласынан Омарқановтар әулеті қатысып, бақ сынады.

Сайысқа қатысушылар «Ана әлдиі» бесік жырын айту, қазақтың салт-дәстүрін, ежелден келе жатқан ғұрыптарын, әйелдер бас киімінің топтамасы мен ұлттық тағамдарды көрсету кезеңдері бойынша сынға түсті.

Олар өнер көрсетіп, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп,қазақ әйелінің бейнесін көркейте түсетін сән үлгісін көрсетті. Осылайша абысындар тек сайысып қана қоймай, қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттады.

– Біздің Меңдіқара ауданы бойынша «Қазақ аналары-дәстүрге жол» атты қоғамдық бірлестіктің мүшесімін. Қоғамдық жұмыстарға атсалысамын. «Абысын-ажын» байқауы болатыны туралы хабарландыруды көргеннен кейін, елдің, жердің намысын қорғау мақсатында келіп отырмыз. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп, үйде отырған келін ертеңгі күні аналардың болашағын жалғастырсын деп осы сайысқа келген жайымыз бар,-дейді байқауға қатысушы Жұмагүл Қалиева.

Байқау қорытындысында үшінші орынды Меңдіқара ауданынан келген Айсағалиевтер әулеті, екінші орынды Қостанай қаласынан қатысқан Омарқановтар әулеті, ал бірінші орынды Жангелдин ауданынан қатысқан Ибраевтар әулеті иеленді.

Олар республикалық байқауға жолдама алып, облыстың намысын қорғайды.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА, суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77