Қоғамды алға сүйрейтін, халықтың күнделікті өмірін қамтамасыз ететін басты күш – еңбек адамдары
Олардың маңдай терімен атқарған қызметінің арқасында өміріміз үздіксіз жалғасып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «нағыз еңбек адамы – өз ісіне адал, әр қадамын жауапкершілікпен орындайтын азамат» деп атап өткен болатын.
Биылғы жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, ел көлемінде еңбек адамдарын дәріптеу, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған игі істер қолға алынуда. Бұл бастама жас буынды кәсіптік-техникалық мамандықтарға баулу, қоғамға нағыз еңбек майталмандарының еңбегін үлгі етуге жол ашты.
Ерекше жол таңдаған жас маман
Кәсіптік-техникалық білім алуды таңдаған жастардың арасында ерекше көзге түсетіндері бар. Солардың бірі – 17 жастағы Ксения Росоха. Ол Қостанайдағы колледждердің бірінде дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүр. Қыз бала үшін мұндай таңдау көпшілікке тосын көрінуі мүмкін, алайда Ксения бұл жолды саналы түрде таңдағанын айтады.
Өткен оқу жылында Ксения «Қостанай-Су» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбектің нағыз мектебінен өтті. Сол кезден бастап бұл кәсіпорынға ерекше қызығушылық танытып, болашақта осында еңбек етуді мақсат тұтты. Жақында ғана ұйымдастырылған «Мамандық үздігі – 2025» кәсіби шеберлік байқауына қатысып, өз мүмкіндігін сынады.
– Менің таңдауыма ата-анам алғашында таңқалғанымен, кейін қолдау көрсетті. Өйткені бұл мамандықты өзім жүрегіммен таңдадым. Дәнекерлеу ісінде үлкен жауапкершілік пен табандылық қажет. Қолыңнан іс келсе, қыз балаға да ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі байқауда бар білгенімді ортаға салып қана қоймай, тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйрендім. Алдағы уақытта кәсібімді жетілдіріп, білікті маман болғым келеді, – дейді Ксения.
Оның айтуынша, еңбек етуден қорықпау керек. Қазіргі таңда қыз-келіншектердің де ер азаматтармен қатар ауыр техникалық салаларды меңгеруі – қоғам үшін пайдалы үрдіс.

Еңбек адамын дәріптеген байқау
Қостанай қаласының тіршілігін қамтамасыз етіп отырған «Қостанай Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында алты жүзге жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында өз ісінің нағыз майталмандары да бар. Сол үздіктердің шеберлігін анықтап, кәсіби қабілетін шыңдау мақсатында кәсіпорында биыл алғаш рет «Мамандық үздігі – 2025» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Бұл шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, еңбек адамын дәріптеуді көздейді.
Байқау бірнеше бағыт бойынша өткізілді. Қатысушылар кәсіби біліктілігін, шапшаңдығын, ұқыптылығын және тәжірибесін көрсетті. Әр маман өз саласының қыр-сырын жан-жақты меңгергенін дәлелдеуге тырысты. Слесарь, дәнекерлеуші, жүргізуші, экскаваторшы сынды түрлі бағыттағы мамандық иелері өзара бақ сынап, үздіктер анықталды. Байқау тартысты өткеніне қарамастан, қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп отырды.
Қала тұрғындарын жыл он екі ай, төрт мезгіл бойы, күндіз-түні үздіксіз сумен қамтамасыз ету – осы мамандардың арқасы. Жауапкершілік жүгін сезіне білетін, сенім үдесінен шығуға әрдайым дайын білікті қызметкерлердің еңбегі зор.
Байқауда ерекше көзге түскендердің бірі – Нұрлан Исмайлов. Ол бүгін үздік экскаваторшы атанып, бірінші орынды иеленді. Нұрлан осы кәсіпорында 12 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Мамандығы – экскаваторшы.
– Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Қалада апат болса, біз бірінші барамыз. Жауапкершілігі жоғары мамандық. Еңбегімізді бағалап, қолдау көрсетіп жатқанына қуаныштымын. Байқауға алғаш рет қатысып, жүлдегер атанғаныма ерекше шаттанып отырмын, – дейді Нұрлан Исмайлов.
Оның айтуынша, экскаваторшы мамандығы тек техника тізгінін ұстау емес, ол – дәлдік пен ептілікті, төзім мен табандылықты талап ететін еңбек. Бір сәттік қателік үлкен апатқа соқтыруы мүмкін, сондықтан әрбір қозғалыс пен әрекет мұқият жасалуы шарт.
Жеңімпаздар лайықты марапатталып, әріптестер тарапынан ықыласқа бөленді. Бұл тек жүлде алу емес, еңбектің қадірін сезіну, мамандықтың абыройын асқақтату. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, олардың кәсіби біліктілігін шыңдауға жол ашады. Сондай-ақ еңбек адамын дәріптеу арқылы қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру көзделген.

Қостанайдың тіршілігі – еңбек адамдарының қолында
«Мамандық үздігі – 2025» байқауында үздік шыққандардың қатарында Ыбырай Сарин де бар. Ол экскаваторшылар арасында үшінші орынға ие болды. Ыбырай аға – нағыз еңбек адамы.
Ол 11 жылдан бері «Қостанай-Су» кәсіпорнында еңбек етіп келеді, ал бұған дейін 35 жыл бойы механизатор болған. Осы жылдар ішінде ауыр жұмыстың талай белесін еңсерген білікті маман бүгінде экскаватор тізгінін ұстауда.
– Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, талай жыл бойы осы салады қызмет етудемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйренгендеймін. Көктем, жаз мезгілінде қаланың қай жері болмасын тез жетеміз. Жұмыстың оңайы жоқ. Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұмыс істеп келемін. Өзіме ұнайды. Біздің міндет – халықты таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету. Қиындық туындаса, ең алдымен біз барамыз. Сондықтан бұл жауапкершілікті сезініп, бар күш-жігерімізді саламыз. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Осындай байқау ұйымдастырып, еңбегімізді бағалап жатқаны қуантады, – дейді Ыбырай Сарин.
Бұл шараның тағы бір мәні – еңбектің мерейін үстем ету, әрбір жұмысшының қоғам үшін атқарып жүрген қызметіне құрметпен қарауды қалыптастыру. Еңбек адамының мәртебесін көтеру, үздік мамандарды ынталандыру және жас қызметкерлерге үлгі көрсету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
– Жас мамандарымыздың арасында еңбек өтілі алты айдан асқаны да, осы мекемеде 25 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқандар да бар. Байқауды ұйымдастыру арқылы біз тәжірибелі мамандардың еңбегін бағалап, жастарға үлгі етуді көздедік. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар дайындалды. Олар үшін бұл қуаныш, ал біз үшін алғыс білдірудің бір жолы, – дейді кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Әнуар Есхатов.


Ая Әбділда, суреттерді «Қостанай-Су» кәсіпорны ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
