Ежелгі уақытта Қазақстанда жаңа жылды атап өту дәстүрі болған. Бұл уақыт «Жапырақтардың шығу уақыты» деп аталды. Көктем қысты толғандырып, 21 наурызда өз құқығына толыққанды кірді, дәл осы ерекше күні көктемгі күн мен түннің теңелуін ғана емес, табиғаттың жаңаруын да білдіретін Наурыз мерекесі атап өтіледі.
Ежелгі заманнан бері Қазақстандағы Наурыз құнарлылықты, достық пен сүйіспеншілікті бейнелейді. Бұл күні адамдар талғампаз киініп, туыстары мен достарына қонаққа барады және ізгі тілектерін айтады. Мереке жаңа өмірдің хабаршысы болып саналады. Ал парсы тілінде Наурыз сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Бірнеше күннен кейін Шығыс әлемі мереке дәстүрі бес мың жылдан асатын Наурызды атап өтеді.Тамырын тереңнен тартқан бұл мейрам – береке мен бірліктің, татулық пен тазалықтың бастауы, шаттық пен қуанышқа толы Ұлық мереке. Тәуелсіздігіміздің арқасында Наурыз мейрамы қайта жаңғырып, жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Көктемнің осы бір тамаша шағында тек табиғат қана түрленіп қоймай, адамдардың да жан дүниесі жаңғырып, жаңа үмітпен, жарқын болашаққа деген сеніммен толығады. Наурыз – бұл тек жылдың жаңаруы емес, ізгілік пен мейірімділіктің, бейбітшілік пен татулықтың мейрамы.
Қазақ халқы Наурыз мерекесін ықылым заманнан бері тойлап келеді. Ол – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Алайда, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл мерекені атап өтуге тыйым салынып, көптеген ұлттық дәстүрлерден қол үзуге мәжбүр болдық. Десе де, тарихқа көз жүгіртсек, Қызылорда қаласы астана болған 1926 жылы Наурыз кең көлемде аталып өткен екен. Бұл ұлық мерекеге Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев қатысып, халықты құттықтаған. Сонымен қатар, қаланың шығыс жағы, Бірқазан елді мекеніне жақын маңда үлкен ат жарыс ұйымдастырылғаны да тарихи деректерден белгілі.
Алайда, көп ұзамай бұл дәстүр «ескінің сарқыншағы» деп танылып, Наурызды тойлауға ресми түрде тыйым салынды. Соған қарамастан, ауыл-аймақтарда ата-баба дәстүрінен қол үзбеуді мақсат еткен халық мерекені жасырын түрде атап өтіп, ұлыстың ұлы күнінің рухын сақтап қалды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл мереке өз мәртебесін қайтарып, мемлекеттік деңгейде тойлана бастады. Бүгінде Наурыз – қазақ халқының ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ мейрамы.
Қайта оралу
Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын. Алайда, айта кететін жайт – бұл дәстүр мүлде жойылып кеткен жоқ. Кеңес заманында көктемнің алғашқы айының соңында елде «Қысты шығарып салу» атты халықтық серуендер ұйымдастырылатын.
1988 жылдың наурызында Алматыда өткен Жазушылар одағының съезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық бөлімінің жетекшісі Өзбекәлі Жәнібеков: «Наурыз мейрамын қайта жаңғыртатын уақыт келген жоқ па?» деп мәселе көтерді. Айтылған сөз жерде қалмады. Сол жылы көктемде Алматы тұрғындары Наурызды қайта тойлау дәстүрін бастады. Бір жылдан кейін бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Қостанай қолдады. Дегенмен, біздің қалада алғашқы Наурыз 1989 жылы наурызда емес, 28 мамырда аталып өтті.
Наурыз мейрамы қаланың басты көшесі – Ленин даңғылы бойымен баяу қозғалып, оған қосылған адамдар саны арта түсті. «Химик» Мәдениет үйінен бастап, қалалық мәдениет және демалыс саябағына дейін қостанайлықтар мен қала қонақтары мерекелік колоннамен бірге жүрді. Облыстық және қалалық партия комитетінің, атқару комитетінің басшылары халықпен бірге тойлады.
Қостанайлықтарды көктем мерекесімен облыстық атқару комитетінің төрағасы Кенжебек Үкин құттықтады.
– Жалпы Наурыз мейрамын ата-бабаларымыз ерте дәуірден атап өткен. Кейін Кеңес одағы кезінде мерекеміз жоғалып кетті. 60 жылдан аса уақыт бойы тойлаған жоқ. 1988 жылы Мұхтар Шаханов Колбинге кіріп, әуелі «Жас алаш» газетіне жазып, кейін бұл мекеренің дінге ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты. Бірақ қазақ көп шоғырланған жерде тойланған. Бұрын әр күнді тойлау болған жоқ, кейін пайда болды, – дейді «Қазақ анаралы дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша мүшесі Райхан Абдигамидова.
Қалыптасу
1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктемнің халықтық мейрамы – Наурыз мейрамы туралы» Жарлығы шықты. 22 наурыз мерекелік әрі демалыс күні деп жарияланды. 1995 жылға қарай Наурыздың 22 наурызда тойлануы дәстүрге айналды.
– Біз совет үкіметі кезінде өстік, балалық шағымыз сол кезде өтті. Кейін 80-ші жылдардың аяғында Наурыз қолға алына бастады. Сонда осы мереке жайында білдік. Сол үкіметте қандай мереке болды, соны ғана тойладық. Есейгенде ғана Наурыз жайында білдік. Батыс жақта 14 наурыз күні Көрісу күні бұрыннан тойланатын, ал қазір барлық жерде солай тойланып жатыр. Бірақ мұның бәрі дұрыс деп ойлаймын. Біздің ұрпағымызға қазақтың салт-дәстүрін білу керек. Біздің отбасында міндетті түрде наурыз көже пісіріледі, отыз жылдан аса уақыт болды. 21-нен 22 -не қараған түнде жеті дәмнен мол етіп қосып, дайындаймын. Бір қызық айтайын, осы шамамен жиырма жыл бұрын орталықта Наурыз мерекесі тойланып жатты, бір киіз үйге кіріп наурыз көжені көріп шошып кеттім, сонда колбаса туралған, картоп салған. Бұл енді Қостанайда көп ұлттық басым болғандықттан шығар, – дейді Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актрисасы Ақдамен Досанова.
1989 жылдан бастап Наурыз мейрамы ресми түрде 21-22-не ауыстырылғандықтан, халық амал жоқ 14 наурызды «амал», «көрісу» атап кетті. Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын», «Ақ мол болсын», «Ұлыс оң болсын», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн.
– Көрісу күні Батыс жақтарды бар. Атырау, Ақтау, Маңғыстау өңірінде бір бірін кешірейік, татуласайық деп 14 наурыздан бастап тойланады. Бізге 1-2 жыл бұрын келді. Өзім жайлы айтатын болсам, 1988 жылы Қостанайға келін болып түстім. Ал 1992 жылы алғаш рет Наурыз мейрамы қарсанында қаламызда келіндер сайысы өтті. Сол кезде мен 21-22 жастағы жас қыз едім. Жыл сайын 21 күні кешкілік Наурыз көжені пісіріп, жаңа жылды күткендей, Аяз атаны күткендей Қыдыр атаны күтеміз, – дейді Гүлжамила Сүндетбаева, ҚХА Қостанай облыстық жанындағы «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары.
Қазіргі таңда Наурыз – Қазақстандағы ең басты ұлттық мерекелердің бірі. Ол үш күн бойы – 21-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Қала орталықтарында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады, дәстүрлі тағамдар ұсынылады. Әсіресе, қазақы салт-дәстүрлер мен ұлттық өнерді дәріптейтін іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылады.
– Осы Ұлыстың ұлы күні байланысты түрік халықтарының барлығында әдет-ғұрыптар, жол-жоралғылар бар. Бұрын 22-ші наурыз басталса, қазір 14-нен бастап тойланып жатады. Қазір мектептерде де салт-дәстүрімізді көрсетіп, әр түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Жалпы бұл ұмытылып кетіп бара жатқан әдет-ғұрыпты еске алып, олардың ғасырдар ғасырға таралуы деп білеміз. Мысалы, қазір ақырын ғана жұқа тырбық қар түсіп жатыр, мұны «наурызша» деп атайды екен. Осылай мейрамның басы басталады. Күн мен түннің теңескенің біз жаңа жыл деп есептейміз, – дейді Райхан Арыстанова «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі.
Наурыздың бүгінгі орны
Қостанайда Наурыз жыл сайын ерекше көңіл-күймен өтеді. Орталық алаңда, саябақтар мен түрлі мекемелерде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлайды. Жыл сайын өтетін жәрмеңкелер мен концерттер, ұлттық спорт түрлері мен театрландырылған көріністер мерекенің ажырамас бөлігіне айналды.
– Әр салт-дәстүрдің астарында жатқан сыры бар. Бұрын оның барлығы дінге байланысты деп алып тасталды ғой. Ал қазір шүкір барлық жұртпен бірге тойлаймыз. Қаламыздың орталығында киіз үйлер орнатылып, қазақ-орыс болсын барлығы бірге атап өтеді, – деді «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мақсат Арыстанов.
Кейіпкерлеріміздің айтуынша, 1989 жылы 9 мамыр күні Арқалықта мектеп мұғалімдері Наурыз мерекесін өткізді, ат жарыс ұйымдастырып кәдімгідей үлкен іс-шара болды. Кейін Қостанайда 1989 жылы маусымның аяғында жағалауда әр кеңшардың тұрғындары келіп тойланған. Бірақ бұл тәуелсіздікті әлі алмаған уақыт еді. Сондықтан жаздың ортасында өткізілген.Қазіргі таңда біз бұл мерекені ауқымды түрде, кеңінен тойлап келе жатырмыз.
Наурыз – тек жаңа жылдың басталуы ғана емес, ол – халықтың бірлігін, татулығын және мәдени мұрасын дәріптейтін ұлы мереке.
Аяжан СЕРІК,
суреттер «Костанай и Костанайцы»
сайтынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77