Культура Новости

Қостанайда «Қазақстан» кинотеатрында «Казбат» көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті

Қостанай қалалық 6697 әскери бөлімінің жеке құрамы мен арнайы шақыртылған қонақтар фильмнің жабық көрсетілімін қарады

Фильм 1995 жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауында қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Бірақ оларға қарсы жасалған шабуылдың өте күшті болғандығынан, бес сағатқа созылған қарулы қақтығыстан кейін кері шегінуге мәжбүр болды. Айта кеткен жөн, бұл қақтығыс ішінде қостанайлық жауынгерлер де болды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қаза болған 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екі жауынгерге  «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медалі берілді.  Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде  монумент тұрғызылып, Ресейдің «За отличие в службе» медалі де берілді. Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған, сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа да бірқатар қалаларда батырлардың аруағына ескерткіш қойылды.

Көрсетілім барысында баспасөз концеренциясы ұйымдастырылды.

– «Казбат» көркем фильмі еліміздің азаматтарының санасына жетіп, жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге бағыттауға ықпал етеді деп сенемін. Олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен оның қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін оятады, сондай-ақ қоғамда Отан қорғаушының беделін айтарлықтай көтереді деп санаймын, – деді баспасөз концеренция барысында Қостанай қалалық 6697 әскери бөлімінің командирі, подполковник Медет Есембаев.

Туындының  бас продюсері  –   Данияр Ибрагимов,  қоюшы режиссер – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы бас операторы –  Максим Задарновский.
Кинода Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков,  Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров, Индира Шынболатқызы секілді талантты актерлер ел есінен өшпейтін тарихи қанды оқиғаның кейіпкерлерін сомдаған.

Фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы   7 сәуірден бастап, аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай  «Qazaqstan» телеарнасы арқылы көрерменге жол тартады.

– Фильм маған өте қатты әсер етті. Батыр ағаларымыздың ерлігіне тәнті болдым. «Казбат» көркемфильмі жоғары дәрежеде түсірілгені көрініп тұр. Ұрпаққа берер патриоттық тәрбиесі зор деп білемін. Өзім қатарлы жастарға осындай ой саларлық дүниелер тым қажет деп есептеймін. Мағынасы терең фильмдер көптеп түсірілсе екен деп тілек айтар едім, – деп фильмнен алған әсерімен бөлісті Данияр Ихсан.

Айта кетейік, «Казбат» фильмі еліміздің барлық кинотеатрларында 21 қарашадан бастап көрсетіле бастайды.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77