Культура

Қостанайда қазақтың ерке қызының ән кеші неге кейінге шегерілді?

Қаламызда Мақпал Жүнісова мен «Музарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілев бірігіп беретін кешке сатылған билеттердің ақшасы иелеріне толық қайтарылған

Қостанай қаласының көшелеріне Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова мен «Музарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілевтің бірлескен концерті болатына жайында афишалар жағалай ілінген болатын. Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованың өнерін сүйретін бірқатар қостанайлық бұл кешке алдын ала билет те сатып алған еді. Концерт 3 шілдеде өтеді деп бекітілген.

Бірақ халыққа неге екені белгісіз, бұл концерт күзге қалдырылып, «Жастар» сарайының кассасынан сатып алынған билеттердің ақшасы кері иелеріне қайтарылды.

Осы концерттің кейінге шегерілуінің себебін білмек болып, қаламыздағы «Жастар» сарайына хабарласып, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залының меңгерушісі Наталья Гразновамен тілдескенімізде, ол:

-Бұл концерт  жайында мәлімет маусым айында түсті. Концертті ұйымдастырушылар облыстық әкімдіктің рұқсатымен «Жастар» сарайының залын жалға алды. Билеттер біздің кассаларда сатыла бастады. Бағасы білуімше 3000-6000 теңге аралығында болды. Бірақ билет айтарлықтай көп сатылмады. Кейін концерт залын жалға алушылардың тарапынан концерттің кейінге шегерілетіні жайында хабарланды. Біздің кассадан сатылып алынған билеттердің барлығының ақшасы иелеріне толық қайтарылды. Концерт күз мезгілінде өтетінін ғана білеміз. Неліктен кештің кейінге шегерілгендігі бізге беймәлім,-деді.

Осы ретте біз осы кештің алдын ала өтетіні жайында жарнамасымен айналысқан, концерт ұйымдастырушылардың бірі Әсет Боралкиев есімді азаматпен хабарласқанымызда, ол:

-Жалпы шілде айы концерт беруге қолайсыз ай. Өйткені, бұл айда халықтың көпшілігі еңбек демалысына кетіп жатады. Сондықтан біз шілде айында концерт ұйымдастырсақ көрермен жинай алмай қаламыз ба деген оймен концертті осы жылдың қазақ айына шегерген болатынбыз. Бұл концертті Қостанай халқы үшін Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Мақпал Жүнісова мен «Музарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілев қою керек болатын. Аталмыш концерт міндетті түрде қазан айында Қостанай өңірінде өтетін болады,-деді.

Елімізде енгізілген карантин уақытында көпшілікті жинап, концерт бере алмаған өнерпаздар, жұқпалы дерттің беті қайтқаннан  кейін өңір-өңірлерді аралап,  өздерінің кештерін ұйымдастыруды қолға алғанын байқаған едік. Өңірімізде үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында Сәкен Майғазиев, одан кейін сәуір айында Қайрат Нұртас толық зал жинап, көпшілікті әсем әндерімен тербегені белгілі. Осылай басталған өңірімізге өнер иелерінің гастролін кеңінен танымал әншілер Қайрт Нұртас, Қуаныдық Рахым, Ернар Айдар, RAIM жалғастырып, зал толған көрермендер алдында өнер көрсеткен болатын. Қазақтың бозторғайы Мейрамбек Беспаевтың кешіне жасы үлкен де, кіші де тағатсыздана асыққан еді.

Осы ретте біз кейінге шегерілген концерт ұйымдастырушысының Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, өзіндік дауыс ырғағы бар сахна саңлағы, қазақтың еркесі Мақпал Жүнісованың концертіне «адам жинай алмай қаламыз ба деп ойладық» деген қорқынышының мәнін түсіне алмадық.

Бұл қорқыныштың астарында қазіргі тыңдарманның кез-келген жанды рухани байытатын халық әндерінен гөрі қазіргі мағынасынан бұрын жеңіл-желпі ұйқасы маңызды болып тұрған той әндерін ғана тыңдайтындары жатыр ма деген ойға қалдық. Сонда, бүгінде сөзі мағыналы халық әндерін орындайтын күміс көмей әншілерден гөрі жеңіл-желпі той әндерін орындайтындардың абыройы аса түскен бе? Тыңдарманның талабы қандай? Халық қазір қандай ән тыңдайды? Тыңдарман үшін әннің сөзінің мән-мағынасы маңызды болудан қалған ба? Сөзінің жартысы ұйқасына қарай орысша, қазақша, тыңдаған жанға салар ойы жоқ, мән-мағынасы жоқ, тыңдаған құлақты шошытатын әндер халықтың таңдауы болып отырса, талғамның төмендеп кеткені емес пе…

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77