Здравоохранение

Қостанайда белгілі нейрохирургтің қатысуымен ми қан тамырларына ота жасалды

Қостанай қаласында Қазақстанға белгілі нейрохирург, жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев арнайы келіп, ми қан тамырларына 10 ота жасады. Бұл іс-шара тек науқастарға көмек көрсетумен ғана емес, сонымен қатар жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шеберлік сабағы ретінде ұйымдастырылды.

Қалалық аурухана соңғы жылдары жаңа медициналық жабдықтармен толықтырылып, заманауи ангиограф, компьютерлік томограф, микроскоп секілді аса қажет құралдар орнатылған. Дәл осы технологияларды тиімді пайдалану үшін тәжірибелі маман арнайы шақырылып отыр.

Ми қан тамырларына жасалатын операция – медицина саласындағы ең күрделі бағыттардың бірі. Ол дәрігерден жоғары кәсіби дайындықты, ерекше ұқыптылық пен жаңа технологияларды толық меңгеруді талап етеді. Бұған дейін мұндай оталарды Қостанай тұрғындары елордаға барып жасатуға мәжбүр болатын. Алдағы уақытта бұл қажеттілік жойылып, облыс тұрғындары сапалы медициналық көмекке өз өңірінде қол жеткізе алады.

– Біздің жергілікті дәрігерлеріміз тәжірибелі маманнан жаңа құралдарды дұрыс пайдалану әдістерін үйренуде. Бұл – алдағы уақытта өз күшімізбен осындай күрделі оталарды жасауға жол ашады. Қазіргі заман талабы – медицинаның үздік жетістіктерін игеру. Сол себепті біз де ұжым болып жаңа технологияларды толық меңгеруге тырысып жатырмыз. Осы жолғы шеберлік сабағы аясында 10 науқасқа ота жасалады. Негізінен 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтарға көмек көрсетілмек. Дегенмен, әрбір науқастың жағдайына байланысты қарсы көрсетілімдер ескерілуде. Дәрігерлер үшін де мұндай тәжірибе жинақтаудың маңызы зор, – дейді Қостанай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетов.

Айта кетейік, белгілі хирург осындай шеберлік сабақтарын 2013 жылдан бері Қазақстанның түрлі өңірлерінде өткізіп келеді. Бұған дейін мұндай іс-шаралар облыстық ауруханаларда ұйымдастырылған болатын. Басты мақсат – жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру, білікті мамандардың қатары көбейіп, халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне жол ашу.

– Бұл жерде барлық қажетті құрылғылар орнатылған. Олар дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, отаның нәтижесін де жақсартады. Ең бастысы – тәжірибе. Жергілікті дәрігерлер кем дегенде бірнеше отаны өз қолымен жасап үйренуі тиіс. Мен олардың әрқайсысына бағыт-бағдар беріп, тәжірибесін жетілдіруге көмектесемін. Болашақта Қостанайдың өз мамандары мұндай оталарды еркін жасай беретін болады. Бұл ең алдымен адам өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибелік сабақтар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – Қостанай өңіріндегі медицинаның дамуына жасалған маңызды қадам.

Ая Әбділда


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77