Социум

Қостанайда имамдар мен жамағат бірігіп мешіт ауласына ағаш отырғызды

Ұйымдастырылған акция аясында облыс бойынша 330 ағаш егіледі

Қостанайда облыстық мешіт пен қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері «30 жылдық мерейтойға – 30 мың тал отырғызу» акциясына атсалысты.

Мешіт қызметкерлерінің мәліметінше, облыс бойынша 330 тал егілмек. Отырғызылатын көшеттер ішінде шырша, терек, қарағай мен жеміс ағаштары бар. Ағаш отырғызу бағзыдан жеткен дәстүр. Бір жағынан сауапты істердің бірі. Шараға мешіт қызметкерлері мен жамағат бірлесе қатысты.

– Біздің ата-бабаларымыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», деп босқа айтпаған. Себебі, отырғызылған көшеттер уақыт өте айналамызды көркейтіп, көгалдандырумен қатар жасыл желекке бөлейді. Ал, экология жақсарған сайын адамдардың денсаулығы да нығаяды. Сондықтан мұны жете түсінген қостанайлық дін қызметкерлері мен жұртшылық биылғы тал егу шарасына да белсене қатысып, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін көрсетті. Үстіміздегі жылы отырғызылған жас көшеттер ертең жапырағы жайқалған үлкен бәйтерекке айналады. Жаздың ыстық күндерінде жанға сая болары хақ. Бір жағы оның өмірімізді жалғастыратын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, тағылымды тәрбие болатындығы даусыз. Сөйтіп, олар жан-жағымыздағы көркем де көңіл-күйімізге ерекше әсер беретін табиғатты көздің қарашығындай сақтауға ықпалын тигізеді, – дейді Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы.

Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе деген болатын. Алдағы бес жыл ішінде орман алқаптарына 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырған болатын.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған мешіт қызметкері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77