Ол қаланың орталығында ұйымдастырылды
Жәрмеңкеге Қостанай мен Рудный қалаларымен қатар облыс аудандарынан тауар өнірушілер қатысты. Өңір шаруалары ет, картоп, көкөніс, сүт және бал әкеліп саудаға салды.
Қостанай облысы ауыл шарушылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаевтің айтуынша, осы жолғы жәрмеңкеге 140 тауар өндіруші кәсіпорын қатысқан.
– Облыс орталығында күздің алғашы ауыл шарушылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге 13 аудан мен Қостанай және Рудный қалаларының шаруалары қатысуда. Жалпы, 130-дан астам тонна өнім сатылымға шығарылды. Оның 30 тоннасы ет өнімі, 10 тонна күнбағыс майы, 10 тонна қант, 12 тонна картоп сонымен бірге 45 тонна көкөніс, 145 мың дана жұмыртқа сатылымда, – деп атап өтті басқарма басшысы Тимур Бисимбаев.
Бұл өнімдердің барлығы нарықтағы бағасынан 15-20%-ға арзан сатылды. Айталық, ірі қара мал еті келісіне 1800 теңгеден, жылқы еті 1900 теңгеден, шошқа еті 1600 теңгеден, қой еті 1800 теңгеден, құс еті 800 теңгеден сатылды. Сүт болса майлылығы 2,5 пайыздығы 235 теңгеден, май болса келісі 2000 теңгеден, жұмырқа С1 дәрежелісі 290-300 теңгеден саудаланды. Ұнның жоғары сұрыптысы 160 теңгеден, ал, бірінші сұрыпты ұн 140 теңгеден келісі сатылды. Картоптың келісі 70-90 теңге аралығында сатылды. Сәбіз, 75 теңгеден, жуа мен қырыққабат 70 теңгеден тұтынушыға ұсынылды.
Байқағанымыздай жұмыртқа мен ұнға кезек қатары көп болды. Ал, бал өніміне сұраныстың артқаны аса байқалмады.
Осы жолы бағаны тұрақтандыру қорынан жұмытрқадан басқа өзге өнімдер сатылымға шығарылды. Қор тарапынан жұмыртқаның болмағанын, әлі де бағасына келісімнің жасалмағандығымен байланыстырды жауапты мекеме өкілі.
Қарабалық ауданының ауыл шарушылығы басқармасының басшысы Ағыбай Бисембаев аудан орталығынан өнімнің көп түрін жәрмеңкеге әкелген.
– Жәрмеңкеге Қарабалық ауданынан балық, ет, көкөніс және өзге өнімдерді сатылымға қойдық. Бағасы нарық бағасынан едәуір төмен, қыс мезгілі жақындап келеді, сол себепті халық қамданып алу керек деп ойлаймын. Біздің аудан жәрмеңкелерде белсенділік танытып, әркез қатысады. Бұл жәрмеңке халық үшін өте тиімді, сондай-ақ, тауар өндірушілер де пайдаға шығады, – деп атап өтті Ағыбай Қапышұлы.
Басқарма басшысы алдағы уақытта ахуал қалыпты сақталатын болса, жәрмеңе тағы да ұйымдастырылатынын айтты.
Жәрмеңке барысы санитарлық мамандардың жіті қадағалауында болды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77