Біздің Қостанай Культура

Қостанайда ұлттық аспапқа баулитын тегін үйірме бар

Қостанайда көне ұлттық аспап – жетігенді үйрететін тегін үйірме жұмыс істейді. Бұл ерекше үйірме IQostanay ғимаратында орналасқан. Үйірменің жетекшісі – өнерге жаны жақын, ұлттық мұраны ұлықтап жүрген Мөлдір Құлымбетова.

Жетігенде ойнау арқылы адам тек күй шертіп қоймай, ұлттық мұрамен байланыс орнатады, музыка арқылы қазақтың рухани әлемін сезінеді. Осы аспапта орындалатын күйлер мен әндер баланың эстетикалық талғамын дамытып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады.

– Бұл аспапты алғаш көргенде-ақ бірден ұнады. Жаныма жақын тартты. Қалайда үйренемін деп мақсат қойдым. Карантин кезінде онлайн курс арқылы меңгеріп, кейін балаларға үйреткім келді. Былтырдан бері осы жерде сабақ өткізіп келемін. Биыл тағы екі топ ашып, қазір 30-дан астам қыз балаға жетіген үйретіп жүрмін, – дейді ол.

8 бен 14 жас аралығындағы қыздар қатысатын үйірмеде қазіргі таңда 4 жетіген аспабы бар. Оның екеуі – жетекшінің жеке аспаптары, ал қалғанын балалардың ата-аналары сатып алып берген. Айта кету керек, жетіген арзан аспап емес – биыл оның бағасы 230 мың теңгеге дейін өскен. Бұл кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтін сома.

– Ата-аналар кейде таңғалып жатады. Қыздар асығып, өздері сұранып барады. Аспаптың өзіне тән ерекше бір сиқыры бар сияқты. Салмағы ауыр болғанымен, тіпті 6 жасар қыз да үйірмеге қатысып жүр. Қиындығына қарамастан, оған қатты ұнайды, – дейді жетекші.

Мөлдір Құлымбетованың айтуынша, кез келген бала жетігенді меңгере алмайды. Ол үшін есту қабілеті, ырғақ сезімі, жалпы музыкалық қабілет пен ынта қажет. Үйірмеде аптасына екі рет сабақ өтеді. Егер бала үйде де дайындалып, сабақтан қалмаса, жарты жылдың ішінде қолы қойылып, аспапта еркін ойнай бастайды.

Үйірмеге қатысушы Дания Жұмағали жетігенге деген қызығушылығын әлеуметтік желіден көріп оянғанын айтады.

– Үйірме ашылғаннан бері қатысып келемін. Аспаптың үні ерекше ұнады. Қазір «Әке арманы», «Кербез қыз», «Махаббат бекеті» сынды күйлерді ойнаймыз. Қазіргі уақытта «Сарыжайлау» күйін үйреніп жүрміз, – дейді ол.

Бүгінде үйірме қыздары түрлі қалалық іс-шараларға қатысып, байқауларда топ жарып жүр. Былтыр ешбір оқушының өз аспабы болмаған еді, ал биыл ата-аналардың қолдауының арқасында балалар жеке аспаптарын ала бастады. Енді алдағы уақытта республикалық деңгейге шығу жоспарланған. Маусым айында Алматыда өтетін жетігеншілер байқауына қатыспақ. Бұл – қыздардың алғашқы ірі сапары болмақ.

– Мен жетіген үйірмесіне бір жылдан бері қатысып жүрмін. Басында қиын көрінді, бірақ қазір жеңілдей түсті. Түрлі аспаптарды көріп жүріп, жетіген ерекше әсер қалдырды. Бір рет көріп көремін деп келген едім, енді осы үйірмеге тұрақтап қалдым, – дейді №31 мектеп оқушысы Анель Ербол.

Тағы бір талантты үйірме қатысушысы – 13 жастағы Гүлбахар Назар. Ол бірнеше жылдан бері жетігенде ойнап, түрлі байқауларда бақ сынап жүр. Ақтауда өткен республикалық байқауда 1-орын алып, Түркияға жолдама жеңіп алды. Стамбул қаласында өткен халықаралық додадан 2-орын иеленді. Ал 2024 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған «Бозторғай» халықаралық байқауында тағы да 1-орынға ие болды.

Жетіген – қазақ халқының көне ұлттық шертпелі аспаптарының бірі. Бұл аспаптың тарихы тереңде жатыр, атауы «жеті» және «ән» сөздерінен шыққан деген болжам бар. Бастапқыда жетігеннің ішегі жылқы қылынан жасалатын болған, ал қазір арнайы синтетикалық немесе металл ішектер қолданылады. Әу баста аспапта жеті ішек болса, бүгінде оның жетіден артық ішекті түрлері де бар. Жетігеннің ерекшелігі – үнінің жұмсақтығы мен әуезділігі, адамның жанын тербететін нәзік дыбыстарды шығара алатын қасиетінде.

Бүгінде жетіген тек ұлттық оркестрлердің құрамында ғана емес, заманауи эстрадамен үйлесіп, жаңа деңгейде дамып келеді. Сондықтан осындай үйірмелердің болуы – ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруына, өскелең ұрпақтың рухани бай болуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77