Ресей Федерациясының Президенті атынан «Ұлы Жеңіске – 75-жыл» мерекелік төсбелгісі марқұмдардың туыстарына табысталды
Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен батырлар өте көп. Жоғалған жандарды іздеу жұмысымен айналысатын республикалық «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі бар.
Бірлестік өткен жылдың қазан айында «Ресейдің іздестіру қозғалысы» ЖШҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
– Жастар бірлестігінің бастамасымен Жеңістің 75 жылдығына орай облысымызда көптеген шараларды өткізіп жатырмыз. Сондай сипаттағы шараның бірі өткен атпада орын алған болатын, ол Бауыржан Момышұлының туғанынан 110 жыл толуына орай, Тобыл өзенінің жағасына 110 көшет отырғыздық. Қазіргі іс-шараның мән-маңызы зор деп айтар едім. Өйткені, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі өздеріңіз білетіндей соғыста хабарсыз кеткен адамдарды іздестірумен айналысыды. Бүгін бірлестік мүшелері Қостанай қаласына арнайы ат басын тіреп келіп отыр. Оларың келгендегі негізгі мақсаты, хабар-ошарсыз кеткен батырлардың туыстарымен кездесу. Сонымен қатар, 75-жылдық мерекелік төсбелгіні туыстарына табыстау, – деп атап өтті Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Дүйсеков.
Хамит Мырзахметов 1905 жылы туған, 1941 жылы майданға аттанған. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен адамның бірі. Төлеутай Мырзахметов іздеушісі болып табылады. Төлеутай ағаның айтуынша Хамит Мырзахметов әкесінің інісі екен.
Қазір Төлеутай ағаның қолындағы бар дерек 1941 жылы соғысқа алынғандығы жөнінде және 1943 жылы жоғалып кеткендігі жайлы. Ал, қай жерде соғысқаны туралы, болмаса өзге де деректер жоқ.
– Хамит Мырзахметов әкемнің інісі. Ол кісінің 1941 жылы соғысқа алынғандығы жөнінде және 1943 жылы жоғалып кеткендігі жөнінде архивте дерек бар, ол одан басқа деректі таппай келеміз. Хамит Мырзахметов Қостанай облысынан соғысқа алынған. Атам соғысқа кеткенде артында әйелі мен бір қызы қалған. Қызы қазір Алматыда тұрады жасы 82-де. Қазір екі жылдан асты атамның атын Жеңіс саябағында тұрған «Отан үшін өмірін қиғандар» тақтасына жазғыза алмай келемін. Артымдағы немерелерім біліп жүрсін, келешекте барып тағзым етсін деген ой еді. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасына барып едім, толық дерек жоқтығын алға тартып отыр. Атамның соғысқа қатысқандығы ақиқат. Мұрағат оны растап отыр. Егер қаражаттан қиындық туып отырса, бар шығынды өтеуге дайынмын, – дейді Төлеутай Мырзахметов.
Қостанай облысы бойынша бүгінгі күні туыстарын іздеу бойынша 40-тан астам адам өтінім берген. Қазіргі таңда хабар-ошарсыз кеткен 5 сарбаз жайлы мәлімет табылған көрінеді.
Жиын соңында Ресей Федерациясының Президенті атынан «Жеңістің 75 жылдығы» мерекелік төсбелгісі марқұмдардың туыстарына табысталды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77