Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры көрермендерге Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі «Махаббат, қызық мол жылдар» романының желісі бойынша сахналанған спектакльді ұсынды.
Премьера залда отырғандарды бейжай қалдырмады, тіпті көрермен арасында көз жасын жасыра алмаған жандарда болды. Соғыстан кейінгі жылдарда өрбіген Ербол мен Меңтайдың мөлдір махаббаты бүгінгі күнмен үндесіп, жүректерге жол тапты.
Бұл — жай ғана махаббат хикаясы емес. Бұл — мәңгілік жастықтың, адалдық пен сезім тазалығының гимні. Қойылымда махаббат, достық, адамгершілік секілді өмірлік құндылықтар дәріптеледі. Ербол мен Меңтай арасындағы шынайы сезім, олардың өмірге деген көзқарастары мен жүректегі үміттері көрерменге терең ой салды.
– Бұл шығарма – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. Оны бірнеше ұрпақ оқып өсті. Бізге тек оқиғаны ғана емес, сол дәуірдің тынысын, кейіпкерлердің жан дүниесін жеткізу маңызды болды. Қойылымды сахналаған – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті Ералхан Мырзаахмет. Жас режиссердің жұмысы сәтті шықты деп ойлаймын. Көрермендердің ықыласы соны дәлелдеп отыр, – дейді театр директоры Асхат Зауатбек.
Спектакльде Ерболдың соғыстан аман оралып, жаңа өмірге қадам басуы, ал Меңтайдың нәзіктігі мен рухани беріктігі шебер суреттелген. Қойылымда поэзияға толы көріністермен қатар, ауыр сәттер де бар – кейіпкерлердің күресі, ішкі тебіреністері, адамдық таңдаулары әсерлі жеткізіледі.
– Спектакль жүрегімді қозғады. Бұл тек махаббат туралы емес, бұл — арман қуған, сенген, күрескен ұрпақ туралы. Актерлер өз кейіпкерлерінің тағдырын шынайы жеткізді, – дейді көрермендердің бірі, Алия.
«Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін театр сахнасынан тағы да көруге болады. Қойылымның премьерасы бүгін және ертең де өтеді. Театр шынайы сезімді, таза махаббатты бағалайтын көрермендерді әсерлі қойылымға шақырады.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77