Біздің Қостанай

Қостанайда мерекелік жәрмеңке өтті

Онда 120 тоннаға жуық өнім әкелінді

Қостанайда «Емшан» сауда орталығы маңындағы жабық шатыр ішінде азық-түлік жәрмеңкесі өтті.

Оған облыстың 14 ауданы мен Қостанай, Рудный қалаларының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өнімдері әкелінген. Жәрмеңкеде 120 тоннаға жуық өнім сатылымға шықты. Ет өнім-дерінің 30 тоннасы нарық бағасынан төмен бағамен сатылымға қойылды. Айталық, сиыр етінің келісі 1350-1500 теңге аралығында сатылса, жылқы еті 1500-1700 теңгеден бағаланды, қой етін 1300 теңгеден кездестіруге болады, шошқа еті 1150-1300 теңге шамасында, ал құс етінің келісі 750-850 теңгеден ұсынылды.

Сауда-саттық барысын бағамдауға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келді.

– Бұл облыс көлеміндегі 491-ші жәрмеңке, оған өңірдегі барлық аудан-қаланың кәсіпкері белсенді қатысып отыр. Біз шамамен 2,5 млрд теңгеге 5 200 тонна өнім саттық. Тұрақтандыру қорының өнімдері осы жерде сатылуда. Қазіргі таңда 882 млн теңге бар, бірінші сұрыпты нан бағасын тұрақтандыру үшін тағы 300 млн теңге бөлінді. «Асалия» диірмен кешенімен 3200 тоннаға келісім жасадық. Облыс аумағындағы қалалар мен аудандарда орналасқан 26 наубайханада нан бағасын 83 теңгеден асырмаймыз. Қазір 120 тоннаға жуық өнімді нарықтағы орташа деңгейден 15-20% төмен бағамен сатып жатырмыз. Бүгінде 1-ші сұрыптағы ұнның бағасы көтеріліп жатқанын білемін. Жәрмеңкеде 1 келісі 95 теңгеден сатылуда, ал гипермаркеттерде 120 теңгеден сатылады. Жұмыртқа 144 мың дана әкелінді. Бұл ретте «Жас қанат» тұрақтандыру қорымен келісім жасастық, мұнда 230 теңге, ал дүкендерде 250 теңгеден. Жәрмеңке арқылы әлеуметтік тауарлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешеміз, – деді облыс әкімі.
Көкөніс пен жеміс-жидектің жалпы салмағы 7 тоннадан асады. Келідей өлшегенде, сәбіз – 75, орамжапырақ – 90, қызылша – 70 теңгедан саудаға қойылды. Мұнымен қоса, 6 тонна күнбағыс майының литрі 330-390 теңгеден болды.

– Жәрмеңкеден тауық етін, жұмыртқа алдым. Дүкендердегі бағадан айырмашылығы аса көп байқалмаса да, шамалы арзан. Дегенмен, осындай жәрмеңкелер қажет. Өйткені бүгінгі таңда азық-түлік бағасы тым қымбат, – деді тұтынушы Шолпан Батырғалиева.

Естеріңізге сала кетейік, келесі жәрмеңке желтоқсан айының ортасы мен соңына қарай өтеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77