Орташа жалақы – бұл көп пе, әлде аз ба? Біреулер үшін 200 000 теңге – қалыпты табыс, ал басқалар үшін бұл ақша айдың соңына дейін әрең жетеді.
Әсіресе, жалғыз тұрып, пәтер жалдайтындарға қиын. Аренда, коммуналдық төлемдер, азық-түлік, көлік шығындары – мұның бәрі ай сайын табыстың басым бөлігін жеп қояды. Оған қоса, киім-кешек, дәрі-дәрмек, байланыс қызметтері мен демалысқа да ақша қажет. Ал күтпеген шығындар – той-жиынға шақырту, техниканың бұзылуы немесе денсаулыққа байланысты шығыстар – қаржылық жағдайды одан әрі қиындатады.
Бұл – әр адамның мәселесі. Бірі күнделікті шығындарын қысқартып, үнемдеуді үйренсе, енді бірі қосымша табыс көзін іздейді. Кейбіреулер несие алып, ай сайын қарызын өтеп әлек, ал өзгелері табысын қалай дұрыс жоспарларын білмей, қарызға кіру қаупімен өмір сүреді. Осыдан келіп, «Орташа жалақы кімге жеткілікті?», «Қай салада жұмыс істейтіндер үшін бұл ақша жеткілікті болуы мүмкін?», «Отбасы мен жалғыз тұратын адам үшін шығындар қаншалықты өзгеше?» деген сұрақтар туындайды.
Сонда Қостанайда орташа жалақымен өмір сүру қаншалықты мүмкін? Жалғызбасты адам немесе жас отбасы осындай табыспен қалай күн көреді? Ақшаны дұрыс жоспарламаса, айдың ортасына жетпей қалу қаупі бар ма? Біз қарапайым тұрғындардың нақты шығындарын есептеп, өмір сүру деңгейін сараптап көрдік. Сонымен қатар, бюджетті тиімді басқарудың жолдары мен ақшаны үнемдеуге көмектесетін кеңестер ұсынамыз. Университетті аяқтағаннан кейін жастар үшін ең үлкен сұрақтардың бірі – орташа жалақыға өмір сүруге бола ма? Әсіресе, жалдамалы пәтерде тұратын және барлық шығынды өзі көтеретіндер үшін бұл мәселе аса өзекті. Көптеген жас мамандардың табысы 120 000 – 180 000 тг аралығында, бірақ бұл ақша жеткілікті ме? Осы мақалада біз екі жағдайды қарастырамыз. Жалғыз тұратын қыз – жалақысы 130 000 тг, пәтер жалдап тұрады, барлық шығынды өзі өтейді. Жас отбасы – күйеуі 180 000 тг, әйелі бала күтімінде 22648 тг алады, сонымен қатар күйеуі қосымша табыс табады.
Негізгі шығындарды есептеп, осындай табыспен өмір сүру мүмкін бе, соны анықтаймыз.
Шығындар
Жалдамалы пәтер – ең үлкен шығындардың бірі. Қостанайда 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы – 100 000 тг. Егер қала орталығынан алатын болса, баға 150000 тг-ге дейін барады, ал арзан нұсқалар 90000 тг шамасында. Коммуналдық төлемдерге 15 000 – 20 000 тг кетеді, әсіресе қыста. Нәтижесінде жалақының 70%-ы тек баспанаға кетеді.Алайда, жалғыз тұратын қызға пәтерді құрбыларымен бірге жалдауға болады.
Келесі ірі шығын – тамақ. Егер тек үйде тамақ дайындап, үнемдейтін болса, 25 000 – 30 000 тг жеткілікті. Бірақ мейрамханаларда тамақтанатын немесе тамаққа жиі тапсырыс беретін адам айына 40 000 тг жұмсауы мүмкін. Көлік шығындары айына 6 000 – 7 000 тг шамасында, егер жеке көлігі болмаса. Сонымен қатар, косметика, киім, тұрмыстық химия,сұлулық салондарына бару немесе басқа қызметтерге жазылу сияқты шығындар бар. Барлық шығындарды есептегенде, бұл табыспен айдың соңына дейін ақша қалмауы мүмкін, ал ақша жинау немесе саяхаттау туралы ойлау қиын.
Жас отбасы 300 000+ теңгемен өмір сүру мүмкін бе? Жас отбасылардың шығындары көбірек болады. Біріншіден, олар кем дегенде 2 бөлмелі пәтер жалдайды, оның орташа бағасы 100 000 тг. Коммуналдық қызметтер 20 000 – 25 000 тг, қыста 30 000 тг-ге дейін жетеді.
Ең үлкен шығын – азық-түлік. Үш адамға 70 000 – 80 000 тг қажет, себебі балаға сапалы тамақ керек. Ет, сүт өнімдері, көкөністер, жемістер – бұлардың барлығы бюджеттің үлкен бөлігін алады. Кейде арнайы балалар тағамын немесе қоспаларын сатып алу керек болады, бұл қосымша шығын. Баланың қажеттіліктеріне де ай сайын 20 000 – 25 000 тг жұмсалады. Оған киім, аяқ киім, ойыншықтар, кітаптар кіреді. Көлік шығындары орта есеппен 10 000 – 15 000 тг, ал ойын-сауыққа 15 000 – 20 000 тг кетеді (кино, кафе, туған күндерге сыйлықтар).
Бұл отбасы тек негізгі шығындарды өтеп қана қоймай, ақша жинау үшін де қосымша табысқа сүйенеді. Күйеуінің қосымша жұмысы болмаған жағдайда, тек негізгі жалақымен өмір сүру қиын болар еді. Көріп отырғанымыздай, жалғыз қыздың жалақысы қажеттіліктерін әрең жабады, ал жас отбасы күйеуінің қосымша табысымен ғана тұрақты қаржылық жағдайды ұстап тұра алады.
Ақша жетпесе не істеу керек?
Қаржылық кеңесші Айжан Серікқызы мынадай кеңес береді:
– Осындай жалақымен өмір сүру үшін шығындарды қатаң бақылау керек. Отбасыларға арнайы бюджет жоспарын құру пайдалы, ал жалғыз тұратын жастар қосымша табыс көздерін іздегені дұрыс, – дейді.
Егер жалақы жеткіліксіз болса, мынандай лайфхактарды қолдануға болады. Бюджетті алдын ала жоспарлау. Барлық шығындарды жазып, қайда ақша кетіп жатқанын қадағалау керек. Азық-түлікке үнемдеу. Жаппай сатып алу, жеңілдіктерді бақылау, үйде тамақ пісіру тиімді. Жалақының 5-10%-ын жинақтау. Шағын болса да, уақыт өте келе үлкен сомаға айналады. Бонус карталарын қолдану. Дүкендерде, дәріханаларда, кафелерде жеңілдіктерге қол жеткізуге болады. Қажетсіз жазылымдардан бас тарту. Барлық стримингтік сервистер сізге қажет пе? Қоғамдық көлікті пайдалану. Жеке көлікке қарағанда арзанырақ. Қосымша табыс көзін іздеу.
Фриланс, репетиторлық, артық заттарды сату – бұның бәрі қосымша ақша әкелуі мүмкін.
Осындай жалақымен өмір сүруге болады, бірақ оңай емес. Жалғыз тұратын жастарға қиын, себебі жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер жалақының көп бөлігін алады. Ал отбасылар үшін күйеуінің қосымша табысы қаржылық жағдайды жеңілдетеді. Дегенмен, ақшаны дұрыс басқару, қажетсіз шығындарды азайту және қосымша табыс табу – қаржылық тұрақтылықтың негізгі жолдары.
Жалақы барлық қажеттіліктерге жетуі үшін қаржыны дұрыс басқаруды үйрену маңызды. Ең алдымен, ақшаның қайда жұмсалатынын түсіну керек. Ол үшін бір ай бойы барлық кірістер мен шығыстарды жазып отыру қажет. Бұл үшін дәптер, мобильді қосымшалар немесе кестелерді пайдалануға болады. Осылайша, қажетсіз шығындарды анықтап, оларды азайтуға мүмкіндік туады.
Бюджетті талдағаннан кейін, оны дұрыс жоспарлау керек. Жалақыны бірнеше санатқа бөлу маңызды, міндетті шығындар (тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, көлік), азық-түлік, жинақ және жеке қажеттіліктер. 50/30/20 ережесін ұстанған жөн, 50% – негізгі қажеттіліктерге, 30% – қалауымызға, 20% – жинаққа бөлінеді. Егер ақша жетпей жатса, шығындарды қайта қарап, артық нәрселерден бас тарту қажет. Көп жағдайда ақшаның жетіспеуі ойланбай жасалған шығындарға байланысты болады. Ақша көбіне аса қажет емес заттарға жұмсалады. Қымбаттау зат сатып алмас бұрын, шешімді 24 сағатқа шегеріп, оның қаншалықты қажеттігін ойлану керек. Сондай-ақ, заттың бағасын жұмыс уақытымен есептеген жөн – осылайша оның шын мәнінде қажет екенін түсіну оңайырақ болады.
Үнемдеуге болатын салалар көп. Мысалы, азық-түлікті акциямен сатып алу, үйде тамақ әзірлеу, жеңілдік карталарын қолдану және кэшбэк пайдалану. Коммуналдық шығындарды азайту үшін жарықты сөндіру, суды үнемдеу және газды артық қолданбау қажет. Көлік шығындарын қысқарту үшін жаяу жүру немесе жол жүру билетін сатып алу тиімді. Демалысты үнемді өткізу үшін қымбат іс-шаралардың орнына тегін бағдарламаларды іздеу немесе достармен үйде бас қосу пайдалы. Егер жалақы жетпесе, қосымша табыс көзін қарастырған жөн. Бұл фриланс, кешкі уақытта қосымша жұмыс істеу немесе хоббиден ақша табу болуы мүмкін. Мысалы, копирайтинг, репетиторлық, қолдан жасалған бұйымдар жасау немесе уақытша курьер болып жұмыс істеу. Тіпті айына 20-30 мың теңге көлеміндегі қосымша табыс кейбір шығындарды жабуға көмектеседі.
Тағы бір маңызды аспект – қаржылық қор қалыптастыру. Табыс аз болса да, жалақының кемінде 5-10%-ын жинақтап отыру керек. Бұл күтпеген жағдайларда несие мен қарыздан сақтануға көмектеседі. Жинақты шағын сомадан бастауға болады, ең бастысы – оны тұрақты түрде жасау. Жалақының жетуі үшін шығындарды бақылап, қажетсіз заттарды сатып алмау, үнемдеудің жолдарын қарастыру және қосымша табыс көзін іздеу маңызды. Қаржылық тәртіп пен дұрыс жоспарлау тіпті төмен жалақымен де өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77