Бүгін қаламызда Наурызнама онкүндігі ресми түрде бастау алды. Мерекелік іс-шаралар легін дәстүрлі «Көрісу күні» ашты. Бұл шараны «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі Аналар кеңесімен, Ақсақалдар кеңесімен және Рудный қаласындағы мемлекеттік кітапхана жанынан құрылған «Ата жол-Ана ұлағат» қоғамдық еріктілер тобымен бірлесіп ұйымдастырды.
Шара аясында дәстүрлі Көрісу рәсімі театрландырылған қойылым арқылы көрсетілді. Сонымен қатар, қазақ халқының сирек кездесетін, тұрмыстық жыр жанрларына жататын аушадияр дәстүрі жаңғыртылды. Бұл ерекше өнер түрі бір кездері кең таралғанымен, уақыт өте келе ұмыт бола бастаған еді.
«Аушадияр» – той жыры. Ол екі жастың үйлену тойында айтылатын дәстүрлі өлең түрі. Құлаққа жағымды ырғақпен орындалып, жастарға ақ бата, ізгі тілектер арналады. Бұл жырда ақыл, өсиет, тәлім-тәрбие айтылады, сондықтан ол жастарға ой салып, бағыт-бағдар береді.
– Біздің мақсатымыз – жастарға ұлтымыздың дәстүрін, салтын, тәрбиесін, ырымдарын нақты түсіндіру. «Көрісу күні» – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келген дәстүрлерінің бірі. Бұл күн адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасатын, ақжарма тілектерін айтып, реніштерін кешіретін сәт. Халық бұл күні «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деп тілек айтып, татулық пен береке тілейді, – дейді «Ата жол-Ана ұлағат» қоғамдық еріктілер тобының мүшесі Данагүл Жанахметқызы.
Мерекеге жиналған қауымды «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Гүлжамила Сүндетбаева құттықтады.
– Көрісу күні – қазақ халқының бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін ерекше дәстүрі. Бүгін біз бір-бірімізге ақ тілек арнап, жақсылық тілеп, араздықты ұмытатын күн. Осындай игі дәстүрімізді сақтау – ұрпақ парызы. Сонымен қатар, бүгін көрсетілген «Аушадияр» дәстүрі туралы да кеңінен айтып өттік. Бұл – жастарға арналған тілек-жыр. Біздің елде ұмытылғанымен, шетелдегі қазақтар арасында әлі де сақталып келе жатқан дәстүр, – деді Гүлжамила апай.
Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар алдағы күндері жалғасады. Баршаңызды мерекеге қатысып, көктемнің шуақты мерекесін бірге атап өтуге шақырамыз!
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77