Без рубрики

Қостанайда қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемнің жаңа ережелері туралы еске салынды

2025 жылдан бастап Қазақстанда қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлем жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінде хабарлады.

Жаңашылдықтар бірнеше бағытты қамтыды – стационарлық көздерден шығарындыларға, ластаушы заттарды төгуге, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын көмуге төленетін төлем мөлшерлемелері өзгерді.

– Енді жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) бұрынғыдай өз қалауы бойынша төлем мөлшерлемелерін арттыра алмайды. Тек коммуналдық қалдықтарды көмуге қатысты төлем мөлшерлемесін ғана көбейтуге рұқсат бар. Бұл – еліміздің барлық өңірінде бірыңғай әрі ашық жүйе қалыптастыру үшін жасалған қадам, – деді департамент өкілдері.

Сондай-ақ Салық кодексінің 577-бабының 3-тармағына өзгерістер енгізілді. Яғни, қоршаған ортаға теріс әсер ететін, бірақ кешенді экологиялық рұқсаты жоқ кәсіпорындарға төлем мөлшерлемесіне коэффициент қолдану тәртібі өзгертілді.

– Егер кәсіпорында кешенді экологиялық рұқсат болмаса, төлем сомасы көбейеді. Бұл компанияларды қажетті экологиялық құжаттарды уақытылы рәсімдеуге ынталандырады, – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер департаментінде.

Қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлем төлеушілер – I, II және III санаттағы объектілердің операторлары. I және II санаттарға негізінен мұнай-газ, тау-кен-металлургия, химия және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындар жатады. Олар міндетті түрде кешенді экологиялық рұқсат немесе әсер етуге рұқсат алуы тиіс. Бұл құжаттың мерзімі 10 жылға дейін болуы мүмкін.

– III санаттағы объектілер – бетон, сабын, аяқ киім, кілем, сіріңке сияқты тауарлар өндіретін шағын цехтар. Олар экологиялық рұқсат алуға міндетті емес, бірақ жыл сайын табиғи ресурстар басқармасына қалдықтар көлемі көрсетілген экологиялық декларация тапсыруы керек. Бұл декларация – хабарлама сипатындағы құжат, –  деп толықтырды департамент мамандары.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің басым бөлігі IV санатқа жатады. Олар қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлемнен босатылады және осы бағыт бойынша салық есептілігін тапсыруға міндетті емес.

Сонымен қатар, арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары қоршаған ортаға теріс әсері үшін төлем төлеуден босатылады.

– Егер кәсіпкерлік қызмет арнайы салық режиміне сәйкес жүргізілсе, онда экологиялық төлем алынбайды, – деп департамент өкілдері атап өтті.

Осылайша, 2025 жылдан бастап күшіне енген өзгерістер шағын бизнеске түсетін салық жүктемесін жеңілдетуге және ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77