Қаламызға Әулиекөл ауданынан “Шабыт” театры келіп, “Садағаң кетейін…” қойылымын қаламызда көрсетті. Қойылымның негізгі тақырыбы – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – зиянды тәуелділіктерге қарсы күрес.
Құмар ойындарға әуестік пен нашақорлық тақырыбы шығарманың негізгі өзегін құрайды. Қойылымда мұндай зиянды әдеттердің адамдардың өмірін қалай күйрететіні, отбасы құндылықтарын жойып, сенімді бұзатыны терең бейнеленеді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрерменге тәуелділіктің салдары – жанұяның ыдырауы, жақындарынан айырылу және болашаққа деген сенімнің жоғалуы әсерлі жеткізіледі.
Әлемдік статистика көрсеткендей, жыл сайын құмар ойындар мен нашақорлыққа шалдыққандар саны артып келеді. Бұл мәселе жеке адамдардың ғана емес, бүтін отбасылардың өмірін күрт өзгертуде. Қаржылық қиындықтар, отбасындағы жанжалдар мен сенімнің жоғалуы – тәуелділіктің басты зардаптарының бірі. Сондықтан, бұл мәселеге театр сахнасынан үн қату – қоғамға ой салудың бірден-бір жолы.
– Қойылым жайында айта кететін болсам, театр мүшелерінің сұрауымен пайда болған көрініс десем де болады. Өйткені олар тек коммедия жанрында ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын қойылым қоюды ұсынды. Сонымен сценарий жазуға кірісіп кеттім. Әр актер өзінің рөлін жақсы алып шыға алды деп ойлаймын, – деп атап өтті режиссер Нұржамай Құлтаева.
«Шабыт» театрының бұл қойылымы – шығармашылықтың әлеуметтік үндеумен үйлескен ерекше үлгісі. Театрдың әртүрлі мамандық иелерін біріктірген ұжымы, құрылғандарына бір жылдан астам уақыт болды.
– Менің рөлім осы қойылымдағы ең қиын рөлдердің бірі деп айта аламын. Бақытсыз ақсақал, бақытсыз әкенің рөлі. Басында бақытты болып көрінгенімен, содан кейін ұлдарының тура жолдан жаман жолға көшкенің көрінісі, – дейді актер Ерлан Қасымов.
Қойылымды дайындау барысында мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер және оқушылар жұмыла еңбек етті. Барлығы тегін жұмыс жасауда, дайындыққа жұмыстан тыс уақыт тауып келеді.
– Өте керемет қойылым. Біздің көңілімізден шықты, бұл жерде тек ойынқұмарлық жайында ғана емес, бала мен әкенің қарым-қатынасы да қозғалды. Қазір мұндай көрініс жиі кездесіп жатады, сондықтан бұл қойылым жүрегімізге жетті, – дейді көрермендердің бірі Айсұлу әже.
Көрермен лық толы болған қойылым алдағы уақытта өз жалғасын тауып қалар. Бұл жайында алдағы уақытта хабарлаймыз.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77