События

Қостанайда Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі бекітілді

Еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Бұл күн тек салтанатты рәсім ғана емес, ел дамуының негізгі жетістіктері мен сын-қатерлерін саралайтын, тарихи жадыны сақтау ісінің маңызды кезеңі. Қостанай қаласында мерекені атап өту қарсаңында түрлі іс-шаралар легі жоспарланған. Ол туралы қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов айтып берді.

– Мереке аясында тақырыптық диалог алаңдары, конференциялар, дәрістер, көрмелер, сынып сағаттары және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылмақ. 10–16 желтоқсан аралығында Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кітапханалық іс-шаралар циклін өткізеді: «Тарих белгірлері» брейн-рингі, «Елім деп соққан жүрек» естелік кеші, кітап көрмелері және тағы басқалар, – деді ол.

Сондай-ақ, Л.Толстой атындағы кітапханада «Қазақстан: кеше және бүгін» квест ойыны өтсе, Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейінде «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты естелік кеш ұйымдастырылады.

Қаладағы барлық білім беру ұйымдары өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларды өткізеді. Бағдарлама аясында «Тәуелсіз елдің ұланымыз» атты сынып сағаттары, «Тәуелсіздік – біздің мақтанышымыз» кітап көрмелері, мерекелік сап түзулер, спорттық-сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады.

Мектептер мен колледждерде де мерекелік апта бойы студенттердің патриоттық, рухани-адамгершілік құндылықтары мен белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған іс-шаралар өтеді. 8–12 желтоқсан аралығында Қостанай қаласының 13 колледжінде «Біртұтас Отан – Тәуелсіз Қазақстан» тақырыптық көрмелері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, университеттер де белсенді атсалысады.

 

Ая Әбділда

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77