Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірі – Әл-Фараби даңғылы бойында жаяу жүргіншілерге арналған жолдың тас төсемдерін алу жұмыстары біраз уақыттан бері жүріп жатыр
Ескі тастөсемдер алынып, орнына жаңалары төселуде. Көше бойы жаңарып, келбеті жаңаша сипат алуда.
Дегенмен, соңғы күндері жауын-шашын жиілеп, тұрғындар арасында: «Бұл ауа райы жұмыстың уақытында бітуіне кедергі келтірмей ме?» деген сауалдар туындауда.
Қала әкімі Марат Жүндібаев бұл туралы бұған дейін:
– Жол бойындағы тас төсемдер тегіс емес, кей жерлерінде шұңқырлар бар. Тұжырымдамаға сәйкес, қаланың келбеті көрікті, ал жолдар талапқа сай болуы тиіс. Сол себепті жаңарту туралы шешім қабылданды. Ал алынған ескі брусчаткалар Қостанай жылу энергетикалық компаниясының аумағына жеткізіледі, – деген болатын.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы Шыңғыс Омаровтың айтуынша, жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ:
– Қазір жұмыстар қызу жүріп жатыр. 17 мың шаршы метрдің 4 мыңы аяқталды. Жоспар бойынша барлық жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін бітуі тиіс. Жаңбырлы күндер де кедергі емес. Өйткені бұл асфальт жол емес, асты құм төселген тастөсем. Жауын суы құмға тез сіңіп кетеді, – дейді ол.
Биыл Қостанайда әртүрлі көшелердегі 90 жол учаскесін жөндеу жоспарланған. Орташа жөндеу жұмыстары Әл-Фараби даңғылының Баймағамбетов көшесінен Майлин көшесіне дейінгі 1,4 шақырымдық бөлігінде де жүргізілуде. Мұнда асфальт жамылғысы жаңартылып, жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылып, жасыл желек көбейтіледі. Сонымен қатар, «Балалар әлемі» сауда орталығы маңында 20-дан астам қосымша автотұрақ орны қарастырылған.
Ая ӘБДІЛДА, сурет «НК» мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
