Республикалық «Алтын сақа» пәндік олимпиадасы – білім алушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыруға, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған ауқымды жоба
Қостанай қаласында өткен олимпиаданың қалалық кезеңі IQostanay орталығында ұйымдастырылып, оған 3, 4, 5 және 6-сынып оқушылары қатысты.
«Алтын сақа» олимпиадасы төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық. Әрбір кезеңде оқушылардың пәндік білімдері мен дағдыларына ерекше көңіл бөлініп, олардың логикалық есептерді шешу, уақытты тиімді басқару, сондай-ақ сындарлы шешімдер қабылдау мүмкіндіктері сыналады. Биылғы жылы да бұл дәстүрлі жарыс оқушылар мен ұстаздар қауымының ерекше назарын аударып, көптеген жас дарындарды анықтады.
Қатысушылар максималды 100 балл жинауға талпынып, өз білімдерін көрсету үшін барын салды. Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтижелер көрсеткен оқушылар анықталды. №24 мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы Арсен Қуандық 80 балл және 4-сынып оқушысы Нұғыман Кеңесбай 94 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Ал С. Мәуленов атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы Ерасыл Өмірзақ 89 балл жинаса, 6-сынып оқушысы Амира Дөненбаева 75 балл көрсеткішімен ерекшеленді. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сертификаттар, медальдар және естелік сыйлықтар табысталды.
Нұғыман Кеңесбайдың математикаға деген ерекше қабілеті мен қызығушылығы 1-сыныптан-ақ байқалған. Оның зеректігі мен білімге деген құштарлығы ұстаздарының назарынан тыс қалмай, жас дарынның қабілетін дамыту бағытында үлкен жұмыстар жүргізіле бастады. Сынып жетекшісі Лязат Каримованың айтуынша, Нұғыманның ойлау қабілетін арттырып, логикалық есептердің алгоритмдерін меңгерту мақсатында сабақта әртүрлі тәсілдер қолданылды.
– Нұғыман – өте зейінді, математикаға бейімі жоғары бала. Бұл олимпиаданың басты ерекшелігі – оның сабақтастыққа негізделуі. Яғни, аудандық деңгейден кейін облыстық, одан әрі республикалық кезеңдерде бақ сынау мүмкіндігі бар. Біз алдағы уақытта республикалық деңгейге шығып, үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенеміз, – дейді сынып жетекшісі Лязат Каримова.
Олимпиядаға дайындық
Қазіргі уақытта жас дарын «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасына дайындалып жүр. Оның ұстазы Лязат Каримова жетекшілік етіп, дайындық жұмыстарын үдету үстінде.
– «Алтын сақа» олимпиадасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Олимпиаданың тапсырмалары қызықты болды. Кейбір есептер оңай шешілсе, басқалары көп ойлануды талап етті. Бірақ бұл сайыс маған ұнады, өйткені осындай сынақтар мені шыңдайды және білімімді арттыруға ықпал етеді, – деді Нұғыман.
6-сынып оқушысы Амира Дөненбаева өзінің қабілетімен және табандылығымен С.Мәуленов атындағы гимназияның ғана емес, аймақтың мақтанышына айналып отыр. Бастауыш сыныптардан бастап республикалық деңгейдегі білім додаларына белсене қатысқан ол, әрдайым жүлделі орындарға ие болып келеді. Амираның жетістіктері оның математикаға деген ерекше ықыласын және терең білімін айқын көрсетеді.
– Бастауыш сыныптарда «Бастау» олимпиадасында жоғары нәтижелерге қол жеткізген ол, одан кейінгі республикалық математика пәні олимпиадаларында да үздік шықты. Әсіресе, «Алтын сақа» олимпиадасында көрсеткен жетістігі ерекше,- дейді С.Мәуленов атындағы гимназияның математика пәні мұғалімі Ғалия Жүсіпбекова.
Бұл олимпиада балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға, функционалдық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ күрделі есептерді шешудің тиімді жолдарын меңгеруге бағытталған. Амира мұндай талаптарға толық сай екендігін дәлелдеп, олимпиаданың жүлдегері атанды.
– Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ ұстаздарым менің математикаға деген қызығушылығымды байқап, оны дамытуға көмектесті. Болашақта халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, өзімді жаңа деңгейде сынап көргім келеді, – деп бөлісті Амира.
2023-2024 оқу жылында Амира республикалық математика пәні олимпиадасының қорытынды кезеңінде 3-орын иеленді. Сонымен қатар, түрлі қашықтықтан өткізілген олимпиадаларда да 1-орындарға ие болып, өз білімін тағы да дәлелдеді. Амираның жетістіктерінің артында оның жетекшісі Ғалия Жүсіпбекованың еңбегі де жатыр. Ұстазы оқушымен сабақтан тыс уақытта арнайы дайындық жұмыстарын жүргізеді.
– Біз сабақтарда тек мектеп бағдарламасымен шектелмейміз. Республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың есептерін талдаймыз, оларды шешу жолдарын саралаймыз. Алдағы уақытта Халықаралық Жәутіков олимпиадасында бақ сынау жоспарда бар, – дейді Ғалия Жүсіпбекова.
Ерекше қабілет
С.Мәуленов атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы Ерасыл Өмірзақ өзінің математикаға деген ерекше қабілетімен танылып келеді. Биыл ғана гимназияға қабылданған жас дарынның логикалық ойлау қабілеті мен пәнге деген қызығушылығы алғашқы күннен-ақ анық байқалды. Ұстаздарының айтуынша, Ерасыл тек математикаға емес, жалпы білімге ерекше ынтамен қарайтын, зеректігімен көзге түсетін оқушы. Ерасылдың математикаға деген сүйіспеншілігі бала кезінен қалыптасқан. Ата-анасының айтуынша, ол №61 балабақшада жүргенде-ақ дамыту ойындарына қатыса отырып, өзінің есептерге деген ынтасын көрсеткен. Оның қабілетін әрі қарай дамытып, білімін тереңдетуге бастауыш сыныптағы ұстазы Ботакөз Дөненбаеваның қосқан үлесі зор. Ұстазының басшылығымен Ерасыл мектепте де, түрлі жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
– Ерасылдың олимпиадалық жетістіктері аз емес. Ол Алматы қаласында өткен 2-4 сынып оқушыларына арналған «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Ал былтырғы оқу жылында «Алтын сақа» республикалық олимпиадасында 1-орын жеңіп алды. «Алтын сақа» олимпиадасы – математика және логика есептері бойынша дарынды оқушыларды анықтауға бағытталған жоғары деңгейлі білім додасы. Бұл олимпиадада тек білімді әрі терең ойлайтын оқушылар ғана жеңіске жетеді. Ерасыл өзінің білімі мен зеректігін дәлелдей отырып, қалалық кезеңде де 1-орын алып, облыстық және республикалық кезеңдерге қатысуға жолдама алды, – дейді С.Мәуленов атындағы гимназияның математика пәні мұғалімі Гүлсара Балтабаева.
Ерасылдың алдағы жоспары да айқын. Ол мектепішілік математика пәндік олимпиададан 1-орын алып, қалалық кезеңге жолдама алды. Енді ол осы жарыста да үздік нәтиже көрсетіп, облыстық және республикалық деңгейге өтуді мақсат етіп отыр. Ұстаздары Ерасылдың білімін дамыту үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.
– Ерасыл өте талапты әрі еңбекқор оқушы. Біз сабақтан тыс уақытта оған логикалық және күрделі математикалық есептерді шығару бойынша үздіксіз дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Оның қабілетін жетілдіру үшін республикалық және халықаралық деңгейдегі математикалық сайыстарға қатыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Гүлсара Балтабаева.
Жас дарындардың білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығы оларды биік белестерге жетелейтіні сөзсіз. Олар өздерінің табыстарымен ғана емес, замандастарына үлгі боларлық қасиеттерімен де ерекшеленеді. Бүгінгі күнде жас дарындардың болашағынан үлкен үміт күтіледі. Алдағы уақытта бұл олимпиада жаңа дарындарды анықтап, еліміздің білім саласына қосқан үлесін одан әрі арттыра береді.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкерлер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77