Новости Образование

Қостанайдағы екі университет қосылып Өңірлік мемлекеттік жоғары оқу орынға айналмақ

Бұл жайлы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Дощанова мәлімдеді

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ғимаратында білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Брифингке аймақтық БАҚ журналистері, оқу орын ректоры, проректорлар мен институт директорлары, профессорлық-оқытушы құрам, студенттер қатысты.

Университет ректоры Алма Дощанова аталмыш жоғары оқу орынның алдағы бес жылдағы даму бағдарламасымен таныстырды.

– Қайта құрудағы негізгі мақсат – өңірде Назарбаев Университеті үлгісінде қуатты университет құру, университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жұмыс берушілердің талаптарын орындай алатын кадрлар даярлауды түбегейлі жақсарту. Сондықтан университет кәсіби білімнің өсуіне, аймақ экономикасының басым секторлары үшін мақсатты оқытуға бағытталатын болады, – деп атап өтті Алма Іргебайқызы.

Атап өтетін үлкен өзгеріс, екі университеттің қосылуы. Яғни, ҚМУ мен ҚМПУ-дың бірігіп қайта құрылуы. Нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы Өңірлік мемлекеттік университетке айналады. Мақсаты айқын – білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеу деңгейін көтеріп республикадағы ең үздік оқу орын атану. ҚМПУ-дан Ө.Сұлтанғазин есімі алынып тасталмайды, оқу орын ішінен құрылатын институт Өмірзақ Сұлтанғазин атында қалады.

Сонымен қатар, жиын барысында университет проректорлары мен институт директорлары еліміздің білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында алға қойылған міндеттерді орындау және оларды жүзеге асыру жұмыстары туралы ой бөлісті.

– Қазіргі уақытта А.Байтұрсынов атындағы университетте шамамен 4500 студент білім алады, магистранттар мен докторанттарды қосқанда. Ал, біріккеннен кейін студенттер саны 8 мыңға дейін артады, бұл екі университеттің еңбек, материалдық және зияткерлік ресурстарын біріктіру арқылы айтарлықтай сапалы өсуге ғана емес, сонымен қатар студенттердің білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа технологияларды енгізуге жол ашылады. Дамыту және қаржыландырудың барлық мәселелері «директорлар кеңесі» деңгейінде қаралады. Алынған кіріс инфрақұрылымды дамытуға, оқу процесін жақсартуға және оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеруге жұмсалады. 2021 жылдан бастап университет меншікті үлгіде дипломдарын бере бастайды. Бұл студенттер қауымдастығы үшін де, профессорлық-оқытушылық құрамға да жауапкершілік жүктейді, – деді әлеуметтік және шаруашылық жұмыстар бойынша проректордың м.а Нұрлан Мамиев.

2020-2025 жылдарға бағытталған жоспарда оқытушылар жалақысын арттыру, оқу орын жанынан барлық мамандық бойынша біліктілік емтиханын қабылдайтын жұмыс берушілер кеңесін құру қолға алынбақ.

Дегенмен, ҚМУ жаңа жатақханасының құрылысы қашан басталатыны әлі белгісіз. Жатақхана салу жобасы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылуы керек. Серіктестік университетке қажет ғимаратты өз қаражаты есебінен тұрғызады, ал мемлекет оған жұмсалған ақшаны сегіз жыл ішінде қайтарады.

– 2019 жыл ішінде біз бірнеше әлеуетті инвесторларды қарастырдық. Бұл бірден орындалатын шарау емес екені айқын, өйткені кәсіпкер біз білдірген ұсыныс бойынша өз табысын есептейді. Бірақ мен мұндай серіктестік жекешелік иелері үшін ұтымды екенін атап өткім келеді, өйткені мемлекеттен ақшаны қайтарумен қатар, ол басқа да өз жұмыстарын жүзеге асыра алады. Кәсіпкер салынған ғимарат ішінен кез-келген кәсібін аша алады. Мысалы, кафе, кір жуу алаңы және өзге бизнес көдерін ашуға құқылы, – деді ҚМУ ректоры Алма Дощанова.

Қазір жатақхана жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Жатақхана 2-корпустағы бес қабатты жатақхананың жанында салынатын болады. Ректор жұмысқа кірісетін серіктестіктің атын жақын арада хабарлауға уәде берді.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурет ҚМУ сайтынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77