«Қала көшелері» жобасы аясында Қостанай қаласындағы тарихи және жаңа атауларға ие көшелердің бірі — Генерал Арыстанбеков көшесі жайлы айтпақпыз. Ұзындығы шамамен 1,49 шақырымды құрайтын бұл көше шағын болғанымен, оның тарихы мен атауы үлкен мағынаға ие
Генерал Арыстанбеков көшесі қаланың орталық бөлігіне жақын орналасқан. Бұл көше тұрғындар үшін ыңғайлы бағыттардың бірі саналады, мұнда тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар мен шағын кәсіпкерлік орындары орналасқан.
Ол кім?
Әубәкір Әбдірайымұлы Арыстанбеков – Қазақстандағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қалыптасу дәуірімен тығыз байланысты тұлға. Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
1908 жылдың 7 қаңтарында Торғай облысы Қостанай уезінің Қарабалық болысындағы шағын ауылда дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасынан шыққанымен, бала кезінен-ақ білімге құштар, алға ұмтылған талапты жас болды. Қостанай педагогикалық техникумын тәмамдаған соң, еңбек жолын комсомол ұйымдарында бастаған. Сол кездің өзінде ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігімен ерекшеленді.
1931 жылдан бастап Әубәкір Арыстанбековтің өмірі мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен тығыз байланыста өтті. Ол ГПУ-дің аудандық бөлімінде тәжірибеші қызметінен бастап, кейіннен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына дейін көтерілді. Бұл жолда ол Қостанай, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Шымкент қалаларында қызмет атқарды. Қай өңірде жұмыс істесе де, өзін талапшыл да әділ басшы, шешім қабылдауда батыл, адал қызметкер ретінде танытты.
Арыстанбеков республикалық қауіпсіздік органдарының қалыптасуына зор үлес қосты. Ол кадр дайындау ісіне, елдің тыныштығы мен мемлекет мүддесін қорғауға айрықша мән берді. Өз ісіне деген адалдығы, тәртіп пен жауапкершілікті жоғары қоюы оны замандастарының арасында ерекше құрметке бөледі. Әріптестері оны сабырлы, аз сөйлейтін, бірақ қажет сәтте шешімді іс-әрекет жасайтын тұлға ретінде еске алады.
Қызмет жылдарында генерал-майор Арыстанбеков Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. Бұл марапаттар – оның елі мен мемлекет алдындағы еңбегінің айғағы.

Атау тарихы
Бұл көше бұрын «Жастар», ал одан ертеректе «Молодёжная» деп аталған.
2010 жылдың 20 сәуірінде көшенің атауын өзгерту туралы акт қабылданып, 13 мамырда ресми түрде күшіне енді.
Қайта атау беру бастамасын Қостанай қаласының қауіпсіздік органдары ардагерлерінің кеңесі көтерген. Олар өздерінің әріптесі, елге еңбегі сіңген тұлға — генерал Әубәкір Арыстанбековтың есімін мәңгі есте қалдыруды ұсынған.

Бұл бастаманы сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал-майор Михаил Дәуенов қолдап, жобаны жүзеге асыруға тікелей атсалысқан.
Әубәкір Әбдірайымұлы Арыстанбеков — еліміздің тарихындағы ерекше тұлғалардың бірі. Өз өмірін түгелдейдей мемлекеттік қауіпсіздік саласына арнаған Арыстанбеков 30 жылдан астам уақыт бойы кеңестік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман ретінде ел арасында зор беделге ие болған.
Тарихи деректерде генерал туралы «Генерал Арыстанбеков — қауіпсіздік органдарының алғашқы басшыларының бірі, генерал-майор атағын алған тұңғыш қазақстандықтардың қатарында» деп жазылған. Оның еңбегі мен ерлігі бүгінгі таңда ел есінде сақталып отыр.

2024 жылы осы көше бойында жаңа саябақ ашылды. Бұл нысан қала тұрғындарының серуендейтін, демалатын сүйікті орнына айналды.
Саябақтың жалпы аумағы — 2 гектар, ал оны абаттандыруға 136 миллион теңге жұмсалған. Оның 47 миллионы — мемлекеттік бюджеттен, ал 89 миллионы — демеушілердің қаржысынан бөлінген.
Қазір мұнда орындықтар орнатылып, жарық шамдар мен жасыл желектер көбейтілген. Балаларға арналған алаңдар мен серуен жолдары да бар.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, саябақ ашылғалы бері көше келбеті айтарлықтай жақсарған.
-Бұрын мұнда бос жер болатын, қазір әдемі демалыс орнына айналды. Кешкі уақытта адамдар серуендеп, балалар ойнап жүреді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, — дейді көше тұрғыны.
Бүгінде Генерал Арыстанбеков көшесі — Қостанай қаласының тарихы мен заманауи тынысын тоғыстырған ерекше мекендердің бірі. Көшеге есімі берілген тұлға — ел қауіпсіздігі жолында еңбек еткен адал азамат, ұлт мақтанышы. Сонымен қатар оның атына орай түрлі халықаралық жарыстар да өткізіледі.
Арыстанбековтің өмір жолы – ар мен адалдықтың, борыш пен патриоттықтың үлгісі. Ол қызметті мансап үшін емес, ел қауіпсіздігі мен болашағы үшін атқарды. Ал оның есімімен аталатын көше мен жаңа саябақ — қала тұрғындары үшін патриоттық тәрбиенің және құрметтің символы болып қала береді.



Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
