Біздің Қостанай ЖКХ

Қостанайдағы спорт пен табиғат көрінісі үйлескен мекен

«Қала көшелері» жобамыздың келесі шығарылымы Ярослав Гашекке арналған. Бұл мақалада Қостанайдағы Гашек көшесінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндалады.

Қостанай қаласында әрбір көше өзінің тарихымен ерекшеленеді. Бірі – белгілі тұлғаның есімімен аталады, екіншісі – өткен ғасырдың ізі қалған орын. Гашек көшесі де сондай ерекше көшелердің қатарында. Тарих пен бүгінгі тыныш өмір қатар өрілген бұл көше – қала тұрғындары үшін ыстық әрі маңызды.

Көше 1986 жылға дейін Речная көшесі деп аталып келген. Кейін ол чех сатиригі Ярослав Гашектің құрметіне өзгертілді. Гашек – XX ғасырдың басында өмір сүрген белгілі жазушы, «Браво солдат Швейктің бастан кешкендері» атты романы арқылы әлемге әйгілі болған. Оның шығармаларында соғысқа қарсы сатира, әлеуметтік сын, адамгершілік мәселелері кеңінен қозғалады. Жазушының ирониясы мен юморы әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған.

2008 жылы қала әкімдігінен көше атауын қазақ зиялысы, ағартушы Мұхамеджан Қарабаевтың атына ауыстыру туралы ұсыныс болған. Бірақ бұл бастама тұрғындардың қарсылығына ұшырады. Олар бұл атаудың орнығып, тұрмыстық, құжаттық қолданыста тұрақты екенін алға тартты.

— Біз бұл көшені Гашек деп атауға үйреніп қалдық. Атауын өзгертудің қажеті жоқ. Бұл біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды. Құжаттарды да ауыстыру қиын болады, — деп №8 үйдің тұрғыны Светлана толықтырды.

Қазіргі таңда Гашек көшесі – Қостанайдағы тыныш, әрі дамып жатқан ауданның бірі. Мұнда бірнеше маңызды спорт нысандары орналасқан. Олар Қостанай облыстық триатлон федерациясы, қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (ДЮСШ), күштік спорт түрлері академиясы, шаңғы базасы.

Көшенің бір шеті «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» саябағына, Тобыл өзенінің жағалауына апарады. Бұл жер қала тұрғындары үшін серуендеуге, отбасымен уақыт өткізуге таптырмас орын.

— Біз бала-шағамен осы жақта жиі жүреміз. Набережный тыныш, қауіпсіз, табиғатқа жақын. Гашек көшесінің ерекшелігі – дәл осы атмосферада, — дейді қала тұрғыны Әлия.

Алайда көшенің кейбір инфрақұрылымдық мәселелері де бар. Мұнда жаяу жүргіншіге арналған үстем өткел орнатылған, бірақ ол қазір шынылары қираған күйде тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұл өткелмен адамдар мүлде жүрмейді, өйткені оның орналасқан жері ыңғайсыз. Адамдардың көбі жолды өздері кесіп өтеді.

— Ол өткел тек көзбояушылық үшін тұрғандай. Ешкім пайдаланбайды, — деп толықтырды жергілікті тұрғындар.

Сондай-ақ, Гашек көшесінің бойында КЖБИ көпірі орналасқан. Бұл — Қостанайдың маңызды жолайрықтарының бірі. Ол көлік қозғалысы үшін өте маңызды.

Көшеде соңғы жылдары жаңа көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бір үйдің қабырғасында Шоқан Уәлихановқа арналған мурал салынған — бұл мәдени құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі. Жаңа ықшам аудандардың бой көтеруі көшеге жаңа леп әкеліп отыр.

Гашек көшесі – Қостанай қаласының бейбіт өмірін, спорттық рухын және тұрғындарының белсенділігін айшықтайтын орын. Бұл – тыныштық пен қозғалыстың, тарих пен бүгінгінің тоғысқан мекені. Атауы шетелдік жазушының есімімен аталғанымен, көшенің болмысы — қостанайлықтардың өз өмірінен құралған. Қала осындай шағын аудандармен көркейеді. Ең бастысы – тарихты сақтай отырып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру. Гашек көшесі – соның айғағы.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77