Біздің Қостанай Социум

Қостанайдағы қызмет көрсету саласындағы қазақ тілі

Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі болғандықтан, өмірдің барлық саласында, оның ішінде қызмет көрсету саласында да кеңінен қолданылуы тиіс

Алайда оның ресми мәртебесіне қарамастан, Қостанайда қазақ тілінде қызмет алу оңай емес. Мемлекеттік мекемелерде бұл бағытта белгілі бір ілгерілеушілік байқалғанымен, жеке кәсіпкерлік саласында мәселе әлі де өзекті. Бұл жағдай сауда орындарына, автосервистерге, сұлулық салондарына, қоғамдық тамақтану орындарына және медициналық мекемелерге де қатысты.

 

Тілге қолжетімділік

Қызмет көрсету саласында қазақ тілінің қолжетімділігін бағалау үшін бірнеше нысанды аралап, тұтынушылар мен кәсіпкерлермен сұхбат жүргіздік. Ірі сауда желілерінде жарнамалық баннерлер, маңдайшалар мен баға белгілері екі тілде жазылғанымен, сатушылармен сөйлесу кезінде қазақ тілі жиі еленбейді. Егер сатып алушы қазақ тілінде сөйлесе, көп жағдайда сатушылар орыс тілінде жауап береді немесе қазақша білмейтінін айтады. Қазақ тілін күнделікті қолданып жүрген тұтынушылар сатушылардың қазақша сөйлеуге ықылассыздығына жиі тап болады. Қостанай тұрғыны Айгүл дүкендерде қазақ тілінде қызмет алу қиын екенін айтып, сатушылардың қазақша сұранысқа таңданыспен қарайтынын жеткізді. Ал шағын дүкендерде жағдай тіпті күрделі. Мұнда қызметкерлер қазақ тілінде сөйлеспек түгілі, бағалардың өзі көбіне тек орысша жазылған.

Автосервис саласында да қазақ тілінің қолданылуы өте төмен деңгейде. Көптеген қызметкерлер тек орыс тілінде сөйлейді, ал қазақ тілінде түсініктеме сұраған клиентке кейде ашық түрде “түсінбеймін” деп айтады. Кәсіп иелері қазақ тілін енгізуді қажет деп санамайды, өйткені “тұтынушылардың басым бөлігі бәрібір орысша сөйлейді” деген пікір қалыптасқан. Бір автосервис иесі маңдайшадағы жазулардан бастап, барлық құжаттар тек орысша екенін мойындады. Дегенмен, кейбір автосервистерде жағдай басқаша. Қызметкерлері жас мамандардан құралған орталықтарда қазақ тілі еркін қолданылып, клиентке таңдау беріледі. Мұндай орындарда механиктер мен әкімшілік қызметкерлер қазақша сөйлеп, жөндеу жұмыстарының барысын егжей-тегжейлі түсіндіре алады.

Сұлулық салондары мен шаштараздар бұл мәселеде икемділік танытып отыр. Әсіресе жас мамандар жұмыс істейтін орындарда қазақ тілі жиі қолданылады. Қазақша қызмет алуды қалайтын тұтынушылардың көбейгені байқалады. Маникюр шебері Анастасияның айтуынша, оған әлеуметтік желіде тек қазақ тілінде жазып жазылғандар бар.

-Менің клиенттерім әдетте WhatsApp немесе Instagram әлеуметтік желілері арқылы жазылады. Сонда арасында 2-3 реттей шығар, қазақ тілінде жазғандар бар. Мен бірден аудармашыны қолданып, жауап беруге тырыстым. Өйткені бастысы оны қабылдап, маникюр жасап беру емес пе, былай әңгімелесудің қажеті жоқ, – дейді Анастасия.

Алайда беделді сұлулық салондарында жағдай басқаша. Орыс тілі басымдыққа ие болғандықтан, қазақ тілінде сөйлеген клиентке де орысша жауап беріледі.

Үйреншікті орыс тілі

Қостанай қаласының тұрғыны Жанар өз тәжірибесімен бөлісті.

-Мен Қостанайда орыс тілінде сөйлеп үйреніп қалдым. Қайда барсам да менімен орыс тілінде сөйлейді. Ал енді жұмыс бабымен Алматы қаласына барған кезімде, өзім әдетте үйреніп қалған орыс тілінде дүкенде, таксиде амандасып, сұрақ қойып жаттым. Алайда, маған барлығы қазақша жауап беріп жатты. Олар өздері орысша түсінгенімен, тек қазақша сөйледі, – дейді ол.

Бұл оқиға Алматы мен Қостанай қалаларындағы тілдік ортаның айырмашылығын көрсетеді. Бірқатар тұрғындар Қостанайда қазақ тілінде қызмет көрсету әлі де толық қалыптаса қоймағанын айтады. Кейбір мекемелерде, дүкендер мен қоғамдық орындарда қазақша сөйлегенде қызметкерлер түсінбей, жауапты орысша қайтару жағдайлары жиі кездеседі.

Дегенмен соңғы жылдары өңірде қазақ тілін дамыту бағытында оң өзгерістер байқалады. Кейбір кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер мен жеке бизнес өкілдері қазақ тілінде қызмет көрсету сапасын жақсартуға тырысуда. Бірақ бұл үрдісті толық қалыптастыру үшін тұрғындардың да белсенділігі қажет.
Қостанайда қазақ тілінің мәртебесін арттыру үшін не істеу керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін жергілікті билік, кәсіпкерлер мен халықтың бірлесіп әрекет етуі маңызды.

Қоғамдық тамақтану орындарында да қазақ тіліне деген сұраныс артқан. Көптеген мейрамханалар мен дәмханаларда мәзір екі тілде. Қазақ тілінде тапсырыс бергенде, даяшылар жиі абдырап, орысша жауап береді. Барлық мейрамханаларда қазақ тілінде сөйлейтін даяршылар бар деп те айта аламыз. Осыдан екі жыл бұрын қазақ тілінде мәзір бар ма, жоқ па деп рейд жүргізген едік. Ол кезде көбісінде болмады. Ал кейін барлық жерде пайда болды.

-Қазіргі таңда мейрамханаларда қазақ тілінде мәзір бар. Тіпті, кішкентай кафелерде де екі тілде. Бұрын ондай болмаған. Соңғы жылдары сұраныс көбейіп келеді, – дейді қала тұрғыны Сымбат Асқарова.

Медициналық мекемелерде де жағдай екіұшты. Мемлекеттік ауруханаларда дәрігерлердің көбі қазақ тілінде сөйлей алса, жекеменшік клиникаларда бұл сирек кездеседі. Қазақша сөйлеген науқастар дәрігердің өздерін түсінбейтінін көріп, амалсыз орыс тіліне ауысуға мәжбүр болады. Дәріханаларда да осындай мәселе бар. Фармацевттердің барлығы бірдей қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды, бұл әсіресе егде жастағы адамдар үшін үлкен қиындық тудырады.

Тіл деңгейі артуда

Сарапшылар қазақ тілінің қызмет көрсету саласында кең таралмауына бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден, көптеген кәсіпкерлер қазақ тілін енгізуді қажет деп санамайды, өйткені тұтынушылардың басым бөлігі орысша сөйлейді деген пікір қалыптасқан. Екіншіден, кадр мәселесі өзекті болып отыр. Қызмет көрсету саласында әртүрлі өңірлерден келген адамдар жұмыс істейді, олардың барлығы бірдей қазақ тілін меңгермеген. Үшіншіден, мемлекеттік қадағалау жеткіліксіз. Мемлекеттік мекемелерден айырмашылығы, жеке бизнес субъектілеріне нақты тілдік талаптар қойылмайды.
Лингвист Ержан Қасымов қазақ тілінің қызмет көрсету саласында қолданылу деңгейі біртіндеп артып келе жатқанын атап өтті.

-Бұрын қазақ тілінде қызмет алу мүлде қиын болса, қазір бұл жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Жас кәсіпкерлер қазақ тілін енгізудің маңыздылығын түсініп келеді. Бұл тек патриоттық қадам емес, сонымен қатар бәсекелестік артықшылық. Қызметкер неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым клиенттермен жақсы байланыс орната алады, – дейді.

Ал кәсіпкер Әлия Мұратова қазақ тілінің бизнеске тиімділігіне назар аударды.

-Егер кәсіпкер клиенттер санын көбейтуді қаласа, олардың тілдік қажеттіліктерін ескеруі керек. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде мекемелер қазақ тілінде қызмет көрсетіп, жақсы табыс тауып отыр. Қостанайда да осындай үрдіс қалыптаса бастады. Бұрын барлығы орысша сөйлеп үйреніп қалғандықтан. Біздің салада ол үйреншікті тіл ретінде қалыстасқан. Дегенмен, қазір өзіміздің тілде орыс тілімен қатар келе жатыр, – дейді кәсіпкер.

Бұл мәселені шешу үшін бірнеше нақты қадамдар қажет. Ең алдымен, қызмет көрсету саласындағы мамандардың тілдік біліктілігін арттыру керек. Қазақ тілін үйрететін курстарды ұйымдастыру – бұл тиімді шешімдердің бірі. Сонымен қатар, қазақ тілін кеңінен қолданатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан белгілі бір жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Тұтынушылар да бұл мәселеде белсенділік танытуы керек. Егер қызмет алушылар қазақ тілінде сөйлесуді талап етсе, бизнес бұл сұранысты ескеруге мәжбүр болады.

Қостанайда қызмет көрсету саласында қазақ тілінің қолданысы әлі де төмен болғанымен, жағдай біртіндеп өзгеруде. Мұнда басты рөл тұтынушылар мен кәсіпкерлердің тілдік санасына байланысты. Егер қазақ тілінде қызмет алу қалыпты жағдайға айналса, бұл бизнестің дамуына да, жалпы қоғамның мәдениетіне де оң әсерін тигізеді.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77