Мүсін қоладан құйылған, ескерткіштің ұзындығы 2,6 метрді құрайды
Қостанайда педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші ашылды. Ескерткіш ыбырайтанушылар мен ағартушылар, педагогикалық еңбек ардагерлерінің бастамасымен орнатылған болатын.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, қала әкімі Қайрат Ахметов және белгілі-ақын жазушылар Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, қоғам қайраткерлері мен ардагер ұстаздар қатысты.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов келер жылы Ыбырай Алтынсариннің туғананына 180 жыл, бұл шара сол тойдың бастамасы деп атап өтті.
– Бүгін біз Ұлы ағартушы, педагог, жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін ашып отырмыз. Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бет бұрыс жасауына ықпал еткен бірейгей тұлғаның алатын орны ерекше. Кеше ғана ағартушының туған күнін атап өткен болатынбыз. Ұлы ағартушының келер жылы туғанына 180 жыл. Мерейтой бүгінгі ескерткіштің ашылу рәсімінен бастау алады. Біз бұл атаулы датаға үлкен дайындықпен кірісеміз. Өздеріңізге белгілі ағартушының туған жері Алтынсарин ауданындағы, Мезгіл елді мекенінде орналасқан Омар құдығы, Қостанай ауданында орналасқан мемориалдық кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еңген болатын. Екі нысанда да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазір кесенені көру үшін біздің облыс қана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер саны артып келеді. Ыбырай Алтынсарин көшесі бойында орналасқан 14 көпқабатты үйдің қасбеттері мен шатырлары жаңартылды. Ұзындығы 2 шақырымды құрайтын тас жолға 900 млн теңгеден астам қаражат бөлдік. Осы жұмыстардың барлығы көпшіліктің сұрауы бойынша жасалған игі істер деп айтуға болады, – деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Ұстаздар қауымы атынан Қостанай қаласының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Беген Көпеш сөз сөйледі.
– Бүгін біздің облыста ерекше мереке. Ұлт ұстазы Ыбырай атамыздың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып тұрмыз. Мен ұстаздар атынана және өз атымнан осы ескерткіштің ашылуына себепкер болған кісілерге және жасап шыққан мүсіншілерге алғысымды айтамын. Атамыздың еңбегі зор. Мүлгіген қазақ даласын дүр сілкіндіріп білімге шақырды. Мен 1884 жылы Ыбырай атамыз салған мектептін шәкіртімін. Сол мектепте біраз жыл ұстаз болып істедім. Сол себептен мектеп менің екінші үйім, – деді құттықтау сөзінде ардагер ұстаз Беген Көпеш.
Ескеркішті Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Ж. Жұбанқосов пен Т. Ермеков бірлесіп жасаған. Ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың түбінен төменгі бөлігіне дейін гранитпен жасалған. Қола композициясының жалпы биіктігі плинттің төменгі нүктесінен 2,6 метр болады. Мүсінші Жеңіс Жұбанқосов ескерткішті жасауға бір жылдай уақыттың кеткендігін айтады. Тас мүсінде Ыбырай Алтынсарин және оның шәкірті бейнеленген.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77