Біздің Қостанай Социум

Қостанайда жыл сайын жұмысқа орналысатын адамдар саны артып келеді

Қостанайда мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда

Ерекше назар атаулы әлеуметтік көмек (ӘКК) алатын және тұрақты табысы жоқ азаматтарды жұмысқа орналастыруға аударылуда. Қалалық мансап орталығы жыл сайын жұмысқа орналасу бойынша оң динамиканы көрсетіп, азаматтардың лайықты жұмыс табуына көмектесуде.
Өткен жылы мансап орталығының көмегімен 6 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 48 азамат өз ісін ашуға 70 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау алды. Бұл олардың жеке кәсібін бастауына және табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
Орталықтың жұмысында кәсіби оқыту мен біліктілікті арттыру ерекше орын алады. Мансап орталығы филиалының басшысы Эльмира Есмағамбетованың айтуынша, оқыту тек оқу орталықтарының базасында ғана емес, жұмыс орындарында да ұйымдастырылады:

– Жұмыс берушінің сұранысы бойынша оқу орталықтарында және жұмыс орындарында қысқа мерзімді курстарға жұмыссыз ретінде тіркелген 130 адам жіберілді. Оның ішінде 127 адам жұмысқа орналасты, жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жалғасуда, — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, электрондық еңбек биржасы арқылы жүргізілген сұранысқа ие дағдыларды үйрету бағдарламасы аясында 1470 адам білім алды. Бұл нәтиже жоспарланған 583 қатысушыдан айтарлықтай асып түсті. Skills.enbek платформасындағы онлайн курстар базалық дағдылардан бастап, жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыруға дейінгі бағыттарды қамтиды.

– Бізге жүгінген әрбір азамат жұмысқа орналасу мүмкіндігін ғана емес, кәсіби дағдыларын дамытуға қолдау алуы үшін жұмыс істейміз, — деп атап өтті Эльмира Есмағамбетова.

Жыл өткен сайын орталық жұмысының тиімділігі артып келеді. 2025 жылға арналған жоспарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастыру, білім беру бағдарламаларының ауқымын кеңейту және жұмыс берушілерді ынтымақтастыққа көбірек тарту кіреді.

Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77