Қостанайда сөзі мен ісі бір жерден шығатын ардақты тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі бүгін әңгіме арқауына айналып отырған ауызы дуалы, сөзі уәлі ағамыз Жандарбек Сейітов.
Өнегелі отбасында өсті
Кейіпкерім бұл күндері облыс орталығында тұрады. Шаһардағы жиындарда мағыналы сөзімен ізін басқан інілері мен кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Оның берген батасы қашан да жұртшылықтың назарын аударып, еріксіз тәнті етеді.
Біз мұндай мінезге бай қарттарымызды қалай құрметтесек те жарасады. Сөзге шешен, кез-келген кісіні жан дүниесінің сұлулығымен бірден баурап алатын азаматты өңірдегі үлкенді-кішілі қауымның бәрі сыйлап, оны көрсе кішіпейілдік танытып жатқаны.
Өмір бір орында тұрмайтыны рас екен. Әдемі қартая білген абыз тұлға жасының ұлғайғанына қарамастан әлі тың да сергек. Ойлы пікірлерімен көпке үлгі. Әрбір сөз саптауынан көп жайды көзбен көріп, көңілге түйгені айқын көрініп тұрады.
Жәкең туралы айтылғанда алдымен оның асқар таудай әкесі, күллі Қазақстанға белгілі біртуар көрнекті де қайраткер Сейіт Кәрбеновтің аты-жөні алдымен ауызға алынады.
Өйткені, Секең артында өшпес ізін қалдырды. Қаншама іргелі кең шарларды басқарып, халықтың әл-ауқатын жақсартты. Астықты өлкеде қызмет еткен соң, жайқалтып егін өсірді. Басқа жақты айтпағанның өзінде, Бестау ауылының танылуына орасан үлесін қосты.
Кешегі Кеңес Одағы кезінде қазақ азаматтарының арасынан топ жарып, өзге ұлттардың өкілдерінен кем еместігімізді айқын дәлелдеді. Кеудесіне Социалистік Еңбек Ері атағымен қоса берілетін алтын жұлдыз бен Ленин орденін тақты.
Мәселен, сонау бір жылдары СОКП Орталық Комитетінің органы „Правда„ газеті осы шаруашылық туралы: „Бестау совхозының жері Финляндия жеріне тең„ деген мақала жазып, ағамызды айдай әлемге жария еткенін оның замандастары әлі күнге дейін ұмытпай жыр ғып айтады.
Қара шаңырақтың ырыс-берекесін келтірген иман жүзді апамыз Бәтима да адамгершілігі мен мейірім-қайырымдылығы, кісілігі, адамдарға деген ізгі қарым-қатынасы отағасына сай жан еді. Қазір сол күндердің бәрі де сағыныш. Еске алсаң, ерекше толғанысқа түсесің.
Ерлі-зайыпты өздерінен тараған ұл мен қыздарын да жастайынан еңбекқорлыққа баулып, парасатты мамандар болып шығуына барын салды. Бұлар да өсе келе оларды жерге қаратқан жоқ. Бәрі де өмірден өз орындарын тапты.
Азаматты ісіне қарап таны
Қазақ халқының мақтанышы Сейіт аға мен Бәтима апамыздың ұлағатты тәрбиесін ес білгеннен бойына сіңірген Жандарбек аға өз қатарынан қалмай жастайынан ширақтығымен, тиянақтылығымен жұрт назарын өзіне аударды.
Бірде қадірменді ақсақалдың киелі шаңырағына арнайы атбасын бұрып, ұлтымызға тән салтымыз бойынша сәлем беріп, хал-жағдайын білдік.
Есікті өзі ашып, төрге өтуімізді сұрады. Оның қимыл-қозғалысына қарап, қазіргі жасын бермейсің. Есте сақтау қабілеті де бізді таңдандырғанын жасырмаймыз. Жарасымды әзіл-қалжыңы да жаныңызға жылы желдей әсер қалдырады.
Өңірдегі қолына қалам ұстаған әріптестеріміздің көбісін жатқа біледі. Сұхбат кезінде оның еліміздегі беделді басылымдар жайлы да молынан хабардар екендігін аңғардық. Осыдан сөз өнерінің қадірі мен парқын ажырата білетіндігін байқау әсте қиын емес.
Жәкеңнің айтуына қарағанда, ол 1937 жылы шілде айында артта қалған кезеңдерде әкесі қызмет атқарған Жітіқара ауданындағы Милютин ауылында дүниеге келіпті.
Ал Жандарбек ағаның ынтымағы жарасқан отбасы хақында сыр шертетін болсақ, аймақтағы барша қауым оларды өздеріне үлгі етеді. Кейінгі жастар жағы Жәкең мен осы үйдің қуанышын еселеп отырған Күләш апамыздай бақытты жанұяның иелері болсақ деп армандайды.
Күләш апамыз да отағасына сай, рухани жағынан өте бай, өз ортасының сәніне айналған аяулы жан. Ол қазақтың белгілі сөз зергері Қайнекей Жармағамбетовтың немере қарындасы.
Жандарбек аға мен Күләш апа бір-бірін тауып қосылған сыйлы жандар. Бұлар ерте шаңырақ көтерді. Сол уақытта ағамыз 20 жастағы қылшылдаған бозбала болса, апамыз он алтыға әлі толмаған көркем бойжеткен-ді.
Екеуі қос аққудай жарасып, көп жылдардан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп келеді. Отау көтергеннен кейін қиындықтар да кездеспей қалған жоқ. Мұның бәрін де ерлі-зайыптының ынтымағы, махаббаттарының беріктігі жеңді.
Бұлар үйленіп, алғашқы перзенттері Нақия дүниеге келген кезде отағасы әскер қатарына алынды. Содан бұл ол жақта үш жарым жыл қызмет етті. Жұртшылыққа белгілі Семей полигонында болды. Көпшілікке мәлім, ол Курчатов шаһарының маңында орналасқан-ды.
Әскерден оралған соң «Орқаш» кеңшарында қатардағы жүргізуші болып жұмыс істеді. Бұл уақытта әкесі осы жердегі шаруашылықты басқаратын.
Жандарбек аға да білімге өте зерек-ті. Бірақ денсаулығына байланысты дер кезінде жоғары білім ала алмады. Сондықтан уақытша басқа мамандықты атқаруға тура келді.
Дегенмен игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Алдымен техникумға түсіп, есепшілік кәсіпті меңгерді. Содан кейін Алматы ауылшаруашылығы институтын тәмәмдап, өзі құрмет тұтатын экономист-ұйымдастырушы мамандығын алды.
Содан кейін мұның іскерлік қабілетін, адамгершілік қырларын көрген басшылар үнемі сенім артумен болды. 1969 жылы өңірдегі Викторов кеңшарындағы ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді.
Жоғары білімді маман өз қызметін тиісті деңгейде атқарып, жергілкті халықтың ыстық ықыласына бөленді. Көп өтпей Вачасов кеңшарындағы партия комитетіне жетекшілік етті. Ол кезде мұндай беделді жұмысқа кез-келген адамның қолы жете бермейтін.
Бәрі де сайып келгенде, кейіпкеріміздің жұртшылықпен тіл табыса жұмыс істей білуінің нәтижесі десек қателесе қоймаспыз. Беделді азамат осындағы тиянақты жұмыстарымен алғы шептен көрінді.
Басшылық қызметке төселген бауырымыз 1973 жылы Таран аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, білікті жан қызмет бабымен тез көтерілді.
Адам ұрпағымен бақытты
Сұхбаттасым Жандарбек Сейітұлы іскерлік қасиетінен де болар, сенім артылған жерлердің бәрінде де ерекше көзге көрінді. Халықтың жағдайын жасап, олардың құрметті адамына айналды.
Мәселен, 1975 жылы ол Абай атындағы кеңшарға директор болып тағайындалды. Бұл кезде аталмыш шаруашылықта атқарылар істер шаш-етектен болатын. Қордаланған мәселелер де аз емес-ті. Қысқа мерзім ішінде кеңшарды іргелі ұжымдардың қатарына қосты.
Уақыт өте Қостанай аудандық атқару комитетіне хатшылық қызметке кірісті. 1985 жылы облыстық партия комитетінің қаулысымен Обаған ауданы ашылғаны белгілі.
Жаңадан құрылып жатқан ауданды көтеру үшін де тәжірибелі, жұртшылықты соңынан ерте білетін білікті мамандар керек-ті. Сондықтан Жандарбек Сейітұлы осы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары – жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымды қызметіне жіберілді.
Жігерлі азамат өзінің көпшілдігі, істің көзін білетіндігі, халыққа жақындығының арқасында жаңа ортаға да тез сіңісті. Кейін бұл ауданға ұлы ағартушы, халқымыздың біртуар перзенті Ыбырай Алтынсаринның есімі берілді.
Осы ауданда 1998 жылы құрметті демалысқа шыққанша аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін үлкен абыроймен атқарды. Мұндағы қалың жұртшылықтың алдында беделі өте жоғары болды. Алдына үлкен үмітпен келген үлкенді-кішілі қауымды жылы жүзбен қарсы алып, оларды толғандырған мәселелерді дер кезінде шешіп отырды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ардақты ағамыз қол қусырып қарап отыра алмады. Оның ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалайтын қауым білікті аға ұрпақ өкілін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады.
Ер азаматтың қызметте сыйлы, перзенттерінің алдында мәртебесі биік болуы шаңырақтың алтын діңгегі болып табылатын отанасына да байланысты. Бұл орайда Күләш апамыздың аса парасаттылығын, қазақтың жазира даласында кең пейілділігін айтып өткеніміз де орынды.
Ерлі-зайыптылар тіршілікте кездескен барлық ауыртпалықты бірге бөлісіп, бәріне де төзе білді. Мұны әңгіме барысында Жәкең ерекше бір тебіреніспен айтып өтті. Отбасында жүрегі нәзік әйелдің айрықша орын алатындығына тоқталды.
Бұлар бес балаларын өз қатарларынан қалдырмай оқытты. Олар да ата-аналарының сенімін ақтады. Тұңғыштары Нақия ата-әжесінің бауырында өсті. Кезінде Мәскеуде терең білім алып, ғылымға ерекше ден қойды.
Ал ұлдары Марат, Манат, Ерландар заман талабына сай кәсіптерді меңгеріп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосты. Әрқайсысы ынтымағы жарасқан жанұяның иелері. Ата-аналарының қамқоршысы. Бұл қазіргі таңда аса маңызды екендігі ағайындарға айтпаса да түсінікті.
Жандарбек аға мен Күләш апамыз осы ұрпақтарынан немере, шөбере сүйіп отырған аса бақытты жандар екенін замандастары жақсы біледі.
Бір әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналған ардақты ақсақал өткен жылдарда еліне сіңірген еңбегі үшін бірқатар ордендер және медальдармен марапатталды. Беделді жиындар мен басқосулардың төрінен орын беріліп, аталы сөзімен кейінгілерге ғибрат көрсетті.
Ол кезінде мұсылмандық бес парыздың бірі – Меккеде қажылықта болды. Ақсақал ғұмыр бойы адамгершілік пен мейірімділікті, бір сөзділікті жоғары қойды. Жастардың арасында көп болады. Сондай кездесулерде жиналған бозбалалар мен бойжеткендердің алдында отансүйгіштік, үлкен мен кішіні сыйлау, кішіпейілдік пен ізеттілік жайлы тебірене сөз сөйлейді.
Көкірегі шежіреге толы тұлға қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан руханиятты, мәдениетіміз бен тарихымызды жетік біледі. Ол салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды өскелең ұрпақтың бойына молынан сіңіру – аға-ұрпақ өкілдерінің де басты парызы деп түсінеді.
Тіршілікте қиындыққа мойымай, талай асуларды бағындырған кемеңгер ағамыз бұл күндері бір әулеттің бәйтерегіне айналған. Осындай айтары мол тұлғаны облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітіндегі тәрбиелік маңызы зор ұлағатты шараларға жиі шақырады.
Өйткені, Жандарбек Сейітұлы көпшіліктің алдында өзінің көкейінде жүрген ойларын батыл айтады. Сондықтан да жерлестеріміз онымен өткізілетін жүздесулерге белсене қатысады.
Оның оқырмандарға да айтары мол. Өзі ғұмыр кешіп жатқан Қостанай шаһарының бұдан да гүлденіп, тәуелсіз еліміз өркендеп, әлемдегі алпауыт елдердің алдыңғы шебінен көріне берсе деп армандайды. Бұған жастарымыздың қосар үлесі айтарлықтай екендігіне нық сенеді.
Біз әрдайым Жәкеңе және оның отбасына ырыс-береке, молшылық тілейміз. Алдымызда ақылшы болып жүре беріңіз, асыл аға!
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
