І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында У.Шекспирдің «Дуалы күнгі думан» атты спектаклінің жабық премьерасы өтті. Бүгіннен бастап, яғни 14, 15, 16 маусым көрермендерге арналған премьера өтеді. Өте жеңіл, жақсы көңіл күйді сыйлатын қойылым
Спектакльді танымал режиссер Вячеслав Виттих Қырғызстаннан келіп қойды.
– Мен Бішкектегі Шыңғыс Айтматов атындағы Мемлекеттік ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісімін. Жалпы, бұл менің қазақ тіліндегі алғашқы қойылымым. Бір ай бойы біз осындай спектакльге дайындалдық, музыкалық комедия шықты. Шекспирдің шығармалары бұл әрқашан жауапкершілікке толы. Көрерменге белгілі бір мерекелік сезімді бергім келді. Спектакль актерлік өнерге, музыкаға, биге толы. Менің ойымша, біз көп нәрсеге қол жеткіздік.Сондықтан Қостанайда болғаныма өте қуаныштымын. Ал актерлер өте керемет, олардың өз рөлдеріне қызығушылықтары бар екендігі ұнады, – дейді режиссер.
5 актылы «Дуалы түнгі думан» комедиясы У.Шекспирдің кең танымал шығармаларының бірі. Пьеса Афин қаласының герцогы Тезей мен Амазонка падишасы Ипполитаның үйлену тойына орай өткен бірнеше оқиға желісінен құрылған.
– Негізі бір айдан астам дайындалдық. Өйткені ертегіге, қиял-ғажайып әлемге көз жүгірту бірден жасала қоймайды. Оған қоса бұл жерде қаншама адамның ойыны қамтылды, оның барлығына бір-бірден дайындық керек, – дейді актерлердің бірі Асқар Турениязов.
Перілер дуасының әсері думанға айналдырған ормандағы түнгі әрекеттің бәрі ғашықтардың табысуымен, ерлі-зайыптылардың татуласуымен, тоймен аяқталады. Сондықтан шығарманы қазақша сөйлеткен белгілі ақын Хамит Ерғалиев пьесаны «Дуалы түнгі думан» деп атапты. Жалпы бұл қойылымның бастапқы идеясы адамдардың қарым-қатынасы жайында.
– Мен Гермияның рөлін ойнадым. Ерке, бұзықтау қыз. Басында спектакльге дайындық түсініксіздеу болды. Себебі, өмірдегідей емес, эмоцияларымызды екі есе көрсетуіміз керек. Қозғалыстарымыз да ерекше. Пластика бойынша көп дайындалдық. Ал режиссермен жұмыс жасағанда қиын болмады, ол барлығын өзі көрсетіп, түсіндіріп тұрды, – дейді актриса Асем Ищанова.
Актерлердің айтуынша, бұл спектакльге дайындық қиынырақ болды. Өйткені бұл жанр бұрын театрда болмаған.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77