Қостанайда қала көркін аша түсетін жаңа муралдар пайда болды. Оның бірі Жаңа қала шағын ауданының қасындағы жаңа үйлердің қабырғасына салынған. Суретте қос Тана, екі қыздың бейнесі бейнеленген. Алыстан көз тартып, түрлі-түсті болып, әдемілік береді. Бұл қала күніне жасалған тарту сый.
Муралды көкшетаулық суретшілер Мағжан Айтқожаев пен Алдияр Жәкеев салуда. Олар біздің қаламызға алғаш келген екен.
– Бұл Қостанай қаласында салып жатқан екінші суретіміз. Алғашқысын «Алюр» компаниясның тапсырысы бойынша салған болатынбыз. Оны қарағандылық Николай деген суретшімен біріге отырып салдық. Негізі қалалық әкімдік тапсырыс берген. Бірақ ақысын жергілікті мердігер Бауыржан Есенбаев төлейді. Жалпы бізге қабырғаға сурет салу ұнайды. Көбіне салған суреттер сол қаланың тарихына, сол жерден шыққан азаматтарға байланысты болады. Сондықтан түр-әлпетін, образын айнытпай салуға тырысамыз. Жұмыстарымызды бағалап, қалалықтар ұнатып жатады. Бұл еңбегіміздің жемісі, – дейді Мағжан Айтқожаев.
Суретші жігіттер осы суретті бір аптаның ішінде салып шыққан. Композицияны қалалық әкімдік таңдапты. Суретшілердің бұл іспен айналысып жүргендеріне де біраз жылдың жүзі болыпты. Олардың қолтаңбасы Көкшетау, Петропавл, Астана, Семей, Атырау қалаларында қалған. Мурал салумен тұрақты түрде айналысып келеді.
Елімізде жыл сайын зәулім ғимараттардың қабырғаларына салынған муралдар саны артып келеді. Белгілі бір тақырыпқа құрылған әрі өзіндік көркемдік ерекшелігі бар стрит-арт стиліндегі бұл туындылар шаһар көркін одан сайын ажарландыра түсетіні де белгілі. Қабырғаларға салынған көлемді әрі көркем суреттер көше мәдениетінің бір түріне айналып үлгерген. Біздің қаламызда да бұрын түрлі тақырыпқа арнайы салынған муралдар бар. Мысалы, Кәмшат Дөненбаева апамыздың бейнесі немесе Шоқан Уалихановтың, Абайдың бейнелері үйлердің қабырлағаларында тұр.
Еш жері де бұзылмай, түр-түсінің де өңі кетпеген. Ол да атақты кісілерге қойылған ескерткіш сияқты. Кейінгі ұрпақ көреді, оқиды, таныс болады. Сондықтан тәрбиелік мәні де зор.
Сонымен, біздің өнерімізге кейіннен енген мурал дегеніміз – монументальды бейнелеу өнерінің танымал бағыттарының бірі екен. Бұл бізге ағылшын тілінен енген сөз. Ол қабырғаға салынған сурет деген мағынаны білдіреді. Оның тарихы бұрынғы кездегі адамзат баласының үңгірде қабырғаларға қашаған жазуларынан бастау алады. Ең бірінші түрлі-түсті мұндай мурал Латын-Америка елдерінде өткен ғасырдың бірінші жартысында салына бастаған. Мексикадағы үйлердің қабырғалары жұртшылықты өз бостандықтары мен құқықтары жолында күреске шақыратын муралдарға толы болған. Уақыт өте келе олардың мазмұны өзгеріп, үлкен мегаполистерде көбінесе сюрреализм бағытындағы суреттер кеңінен тарала бастаған. Кейін бұл бағыт Латын Америка елінің шекарасынан асып, өзге мемлекеттерге таралды. Енді олардың қатарында Қостанай қаласы да бар. Мұндай суреттердің арқасында қалалардың келбеті ажарлана әрі ерекшелене түседі.
Мұндай туындылар үйлердің қабырғаларында ғана емес, сонымен қатар қазандықтарда, қоршауларда және тіпті үйлердің шатырларына да салынады екен. Бүгінде муралдар әлемдік мәдениетте лайықты орын алып, адамдардың өмір сүруіне қолайлы кеңістікті қалыптастыруда, туристерді тартуда үлкен әлеуетке ие. Тіпті қабырға суреттері кәрі құрлық тұрғындарының баспана бағамына да әсер етеді. Еуропаның көптеген елінде сурет туындысы бар тұрғын үйлер қарапайым баспанадан гөрі қымбатқа сатылатын көрінеді.
–Екеуміз де Көкшетауда білім алдық. Мамандығымыз да суретші. Мурал кәсібім әрі хоббиім деп те айта аламын. Бала кезден сурет салғанды ұнататынмын. Бір мурал салу үшін бір аптаға дейін уақытымыз кетеді. Бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысымыздың уақыты да созылуы мүмкін. Ғимараттарға сурет салу үшін бояудың сапасы да үлкен рөлді алады. Ол өте жақсы болуы керек. Көбісі осынша үлкен суретті қателеспей қалай саласыздар деп таң қалады. Біз 9 қабатты үйдің қабырғасына түнде прожектор арқылы суретті сызып аламыз. Қазір түрік фирмасының «Маршал» деген бояуын қолданып жүрміз. Спасы өте жақсы. Суға ағып кетпейді. Біз осы суретке 5 жылдан артық кепілдік бере аламыз. Әрине, әр жұмыстың қиындығы да, қызығы да бар – дейді екінші суретші Алдияр Жәкеев.
Бұрындары естеріңізде болса үйлердің сырты мозайкалармен әрлендірілетін. Ол да муралдың бір түрі іспеттес екен.
–Мозайкамен әсемдеу өмірлік тұратын дүние. Ал муралдар әрі кетсе он жыл кетпей, сапасын сақтап тұрады. Сосын бояудың да өңі кетіп, ағара бастайды. Қостанай қаласы бізге қатты ұнады. Өте таза, әрі әдемі екен. Саябақтарды араладық. Болашақта тағы келіп жатсақ қуанар едік. Осыдан кейін Астана қаласына барамыз, – дейді суретші жігіттер.
Қала күніне тарту болған қос қыздың бейнесі қала атауының тарихымен астасып жатыр. Қала атауының шығуы жайлы түрлі әңгіме көп. Солардың бірі – Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздар туралы хикая. Суретші М.Рахалиев айтқандай-ақ бізге жеткен аңыз бойынша Тобыл өзенінің терістік жағалауында Қос және Тана есімді қыздар жайлы айтылады. Бұл туралы жергілікті ақын А.Шаяхметтің «Пирамида» деп аталатын кітабында да жазылған. Яғни, қала атауы ақылына көркі сай қыздардың есімдеріне байланысты болса керек.
Аий ӘБДІЛДА, суретті түсірген
Лариса БОЖКО және автордыкі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77