Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл Қазақстанда өткелі отыр
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары-этникалық спорт түрінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар орталық азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Ал, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда.
Бүгінде ДКО ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып табылады. Шамамен болжам бойынша, Астана қаласына 7 күнге созылатын жарыстарға 100-ден астам елден 4000-ға жуық қатысушы келеді. Іс-шара кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжам жасалуда.
Қыркүйек айы – жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшудің аяқталуын білдіретін мерекеге сілтеме. Дәстүр бойынша, адамдар және киіз үйлер, мүлік тиелген жануарлар керуенінің жолы салт-дәстүрлер, ойындар мен жарыстар өткізілетін жаңа қоныста аяқталатын.
Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.
ДКО ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. ДКО-ны тиімді дайындау және өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Вице-Премьер-Министрінің төрағалығымен ДКО ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру комитетінің құрамына мемлекеттік өкілетті органдардың басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің басшылары, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары кірді.
Ақпараттарға сүйенсек 5-ші ДКО инфрақұрылымына «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы. «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты 6 елордалық нысан кірген.
«Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ДКО Аккредиттеу және Жабдықтау орталықтары орналасады. Ежелгі Олимпиада ойындарынан бері ашылу рәсімі Ойындардың ажырамас бөлігі болып табылады. Ірі халықаралық спорт форумдарының дәстүрлеріне сүйене отырып, Көшпенділер ойындарындағы ең мәнді және жарқын оқиғалар ойындардың ашылу және жабылу рәсімдері болып табылады. Театрландырылған көріністер арқылы қабылдаушы елдің мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері, музыкалық-хореографиялық мәдениет жауһарларының қойылымы паш етіледі.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына іріктеуден өткен ойыншылардан садақ атудан ҚР Ұлттық құрамасы құрылды. Анжела Тарыца, Айым Тілепберген, Ербол Тапенов, Қанат Абылайхан дәстүрлі садақ атудан спорт шебері атанды, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметіне сүйенсек.
Тағы бір айта кететін жайт, 18 садақшы шеберліктерін шыңдау үшін Малайзиядағы оқу-жаттығу жиынына қатысып қайтты. Іс-шара 23 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтті.
– Тарихи сәт, өйткені дәстүрлі садақ ату бойынша тұңғыш рет оқу-жиын жаттығуына қатысып қайттық. Бұл 5 Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына іріктеу болып саналады әрі қосымша өзіміздің тәжірибемізді арттыру үшін Малазия елінде болып қайттық, осы оқу-жиыны жаттығуы арқасында көшпелілер ойындарында үздік нәтиже көрсетеміз деген сенімдеміз, – дейді жерлесіміз, «SAQ» Sadaq atu Qostanai федерациясының президенті Аяулым Аппазова.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына біздің Қостанайдың атынына 3 спорт түрі бойынша 10 ойыншы қатысушы ретінде үміткер. Көкпар ойыны бойынша сегіз қатысушының ішінде Бақдәулет Асанов, Оралхан Сұлтан, Саттархан Полат, Мейрамбек Абду, Тобылбек Асан, Сырым Нұрсеит, Нұркен Омаров, Наурызбай Қалтаев бар. Аударыспақ ойынына бізден Алдияр Байтасов үміткер. Ал, садақ ату бойынша облысымыздың намысын қолдан бермей келе жатқан аруымыз Аяулым Аппазова қатысатын болады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек көкпар және аударыспақ ойындары бойынша оқу-жиыны жаттығуының бірінші этапы ақпан айының 6-19 аралығында Шымкент қаласында өткен екен. Садақ ату бойынша Малазия елінің астанасы Куала-Лумпур қаласында өткен. Алдағы уақытта екінші этаптың мерзімі белгілі болатынын хабарлайды.
Астана қаласында өткен ДКО ұйымдастырушыларының халықаралық конференциясында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың айтуынша, аталған дүбірлі жарысты ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды әлемге әйгілеуге зор мүмкіндік береді.
– Бұл ойындардың басталғанына 10 жыл болды, V мерейтойлық жарыстар Қазақстанда өтеді. Басты ерекшелігінің бірі – тек спорттық жарыстар ғана емес, ғылыми конференциялар өтеді. Мыңдаған турист келеді, оларға тек ұлттық спортты ғана емес, ұлтымыздың салт-дәстүрі, мәдениетін көрсетеміз. Одан бөлек ұлттық киімі, тағамы, өнері мен қолөнері бар. Сондықтан бұл ойын ұлтымызды бүкіл әлемге паш етуге жақсы мүмкіндік болады деп ойлаймын, – деді Исламбек Салжанов.
Дайындаған
Жан ШАЙМЕРДЕН
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77