Образование

Қостанайлық студент Еуропада білім алуға қалай тәуекел етті

Кейде өмірді өзгерту үшін үлкен қадамдардың қажеті жоқ – ең бастысы, алғашқы батыл шешім.

19 жастағы студент Аяна Балтамұратова үшін мұндай шешім академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелге оқуға аттану болды. Қорқыныш, күмән, құжат жинаудағы қиындықтар – бәрі бала күнгі арманына жету жолында артта қалды.

Аяна Қостанай қаласындағы №15 мектептің түлегі. 2024 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығына оқуға түсіп, ағылшын және француз тілдерін терең меңгеріп жүр.

– Мен әрқашан әлемді көргім келетін. Бала кезімнен шетелде білім алуды армандадым, өйткені ол жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, – дейді Аяна.

шығу мүмкіндігі оған кездейсоқ келген жоқ. Бұл жолды бұған дейін әпкесі Айгерім де жүріп өткен. Ол 2014 жылы Францияда оқып, Аянаға үлкен үлгі болды.

2025 жылдың қараша айында Аяна университеттің интернационализация және академиялық ұтқырлық бөлімі арқылы құжат тапсыруға бел буады. Алайда бұл процесс оңай болмаған.

– Көп университеттердің дедлайндарын өткізіп алдым. Бірақ біз берілмедік. Соңында Польшадағы Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетіне құжат тапсырдым, – деп еске алады ол.

Жолға дайындық үш айға созылды. Құжат жинау, шетелдік университетпен байланыс, толассыз уайым, оның үстіне ең жауапты кезеңдердің бірі – виза алу.

Арман қаншалықты үлкен болса да, кетер сәт оңай болған жоқ.

– Басында қатты қорықтым. Жалғыз қалай өмір сүремін, жақындарымды қалай қалдырамын деп ойладым. Бірақ жақындарымның қолдауы күш берді. Достарым «болашағың үшін алға қадам жаса» деді – сол сөздер мені жігерлендірді, – дейді кейіпкер.

Аянаға бала күнінде естіген бір нақыл сөз ерекше әсер еткен:

– «Өмір деген қып-қысқа… кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді». Осы сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды, – дейді ол.

Польшадағы алғашқы күнін ол ерекше толқумен еске алады.

– Өте қобалжыдым. Тіл жағынан, адамдармен қарым-қатынас қалай болады деп уайымдадым. Бірақ кейін бәрі де мен сияқты екенін түсіндім. Ең бастысы – сөйлесуді бастау, – дейді студент.

Университетте оның үмітін толық ақтаған: заманауи кампус, үлкен кітапханалар, белсенді студенттік өмір. Әсіресе, білім беру жүйесі Аянаға ерекше ұнаған.

– Мұнда әр студент өз таңдауына өзі жауап береді. Пәндерді өзің таңдайсың, сабаққа тек қызығушылығы барлар келеді. Бұл оқуға деген жауапкершілікті арттырады, – дейді ол.

Халықаралық орта да үлкен әсер қалдырған.

– Әртүрлі елден келген студенттер көп. Бұл – мәдениет алмасу, жаңа көзқарастармен танысу. Менің ойымша, біздің университеттер де осы бағытты дамытуы керек, – дейді Аяна.

Оның айтуынша, бұл тәжірибе болашаққа деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.

– Осы жарты жыл менің өмірімде үлкен із қалдырады. Мен дамығым келеді, тәжірибе жинап, әлемді көріп, табысты мансап құрғым келеді, – деп айтады ол.

Шетелде білім алуды ойлап жүрген жастарға Аяна нақты кеңес береді.

– Қорықпаңыздар. Армандарыңызды кейінге қалдырмаңыздар. Иә, қиын болады. Бірақ сол қиындықтардан өткенде, бәрінің бекер болмағанын түсінесіздер, – деп қорытындылады кейіпкер.

Оқу кезеңі аяқталған соң Аяна туған еліне, жақындарына оралуды жоспарлап отыр.
Аяна Балтамұратованың оқиғасы жай ғана шетелге сапар емес. Бұл – адам өз шекарасынан шыққанда ғана өсетінін дәлелдейтін өмірлік мысал. Кейде үлкен өзгеріс үшін бір ғана батыл қадам жеткілікті.


Асем БАЙКАНОВА,

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77