Социум

Қостанайлықтар қақпақ жинап қайырымдылық жасауда

Қаламызда “Таза Қазақстан” акциясы аясында түрлі іс-шаралар жүргізіліп келеді. Қала көркін келтіру үшін сенбіліктер мен  акциялар өз жалғасын тауып жатыр.

Neco экологиялық клубы мен Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі бірлесіп, “Таза Қазақстан – Таза Қостанай” бағдарламасы аясында жаңа Qoskomek экологиялық акциясын қолға алуда. Аталған бастама шеңберінде 40 білім беру мекемелерінде пластикалық қақпақтарды жинауға арналған контейнерлер орнатылмақ. Бұл жоба қоршаған ортаны ластанудан сақтауға әрі қайырымдылыққа бағытталған. Мұндай контейнердің бірі №19 жалпы білім беру ордасына қойылды. Аталмыш білім ордасы бұған дейін әртүрлі жобаларға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Мәселен, “Экологиялық мектеп” жарысында 3-орын, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен бірлесе өткізілген жарыстарда 1-орын иеленген. Сондай-ақ, мектепте жалпы экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Мектеп қабырғасында тіпті қолданылған батарейкаларды да жинауға арналған жәшік те бар.

– Маған мұндай акцияларға қатысқан ұнайды. Жиі қатысуға тырысамын. Мектеп директоры мен ұстаздарымыздың және осындай акцияларды ұйымдастырушылардың арқасында біз экологияны түсініп, жақсы көре бастадық. Мұндай жобалардың көптеп жүзеге асырылуы қаламызды одан әрі көркейтеді. Әрбір тұлғаны пайдалы бастамалардың қатысушысы болуға шақырамын,- дейді мектеп президенті Жетпісбаев Максим.

Қайта өңдеуге келетін қақпақтардан түсетін қаражат науқас балалардың еміне жұмсалатын болады. Сондықтан олардың “Мейірімді қақпақ” деген атауы бар. Пластикалық қақпақтарды жинаушылардың саны өте көп. Дегенмен оны іріктеу жұмысына атсалысатын еріктілер саны аз. Сондықтан барлық  сұрыптап алу, салмағын өлшеу сынды жұмыстарында өзім жүремін деп сөз етті жоба басшысы.

– Бұл идея негізінен Испаниядан бастап таралған. Менде осындай әдіс арқылы қақпақтарды қайта өңдеуден өткізіп, түскен қаражатты науқас балалардың еміне жұмсағым келді. Біз тек қақпақтарды ғана емес, сонымен қоса, алюминий құтыларды да қайта өңдеуден өткіземіз. Қазіргі таңда  екі жыл уақыт ішінде  3 центнер қайта өңдеуге жарамды қақпақтар мен құтыларды жинадық. Сонын арқасында Qoskomek акциясы арқылы 4 балаға көмек көрсетілді, – дейді Динара Шадрина.

“Мейрімді қақпақтарды” қайта өңдеуге жергілікті “Атамекен 4+” ЖШС көмектесіп жатыр. Жыл аяғына дейін 2000 кг пластик қақпақтар мен 400 кг алюминий банкісін жинау жоспарда бар.

– Бұл бастаманы барлығы бірден қолдап кетті.  Қақпақтарды жинау үшін облыс бойынша 12 контейнер қойылған. Оның 7-еуі Әулиекөл ауданында. Көптеген ұйымдар мен мекемелер, облыстағы 14 елді мекен өздері жинақтап, бізге тапсырады. Сонымен қатар, Астана қаласындағы BINOM мектеп-гимназиясындағы қостанайлық мұғалімде аталмыш акциядан қалыс қалмады. Қалаға келген кезде бізге пластикалық қақпақтарды әкеліп береді. Бұл жобаның осындай деңгейде қолдау тапқанына мен қатты қуанамын, – деп толықтыра түсті Qoskomek экологиялық жобасының жетекшісі.

“Таза Қазақстан” бағдарламасы арқылы тек қалалардың ғана емес, ауыл-аймақтардың да экологиялық ахуалы жақсаруда. Мұндай акциялардың болашақ ұрпаққа тигізер пайдасы орасаң зор. Күнделікті қоқыстарды сұрыптап, табиғатты ластамау сияқты қарапайым іс-әрекеттер арқылы аталмыш жобаларға өз үлесімізді қоса аламыз.

Гүлжан БӨЛЕГЕН,

                                         суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77