Көптеген дүкендерде «Тауар қайтарылмайды» деген жазуды көруге болады, бірақ бұл сөздің артында не жатқанын, заңдылықтың қаншалықты сақталатынын бәрі біле бермейді. Жақында Қостанайда орын алған жағдай бұл мәселенің мәнін ашып берді
Косметика мен әшекей сататын дүкенде бір әйел екі күн бұрын сатып алған затын қайтармақ болады. Сатып алушы заттың қажетсіз болып қалғанын, оны асығыс сатып алғанын түсіндірді. Алайда сатушы бұл өтінішті қабылдаудан бас тартып, дүкен ережелеріне сүйеніп, тауарды қайтару мүмкін емес екенін айтты. Әйтсе де, тұтынушы әйелдің өз ұстанымы берік еді: ол өз құқығын қорғауға бел буғанын, әрі өзі заңгер болып жұмыс істегенін мәлімдеді. Ұзақ дау-дамайдан соң, сатушы жағдайды ушықтырмау үшін және басқа тұтынушылардың наразылығынан қашу мақсатында тауарды алмастырып берді. Бұл оқиға қоғамда жиі кездесетін осындай келеңсіздіктерге назар аударуға түрткі болды.
Қостанай облысындағы «Тұтынушылар құқықтарын қорғау одағының» төрайымы Ольга Березуцкая бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңда тауарларды қайтару мен ауыстыру нақты реттелген. Тауарды қайтару мүмкіндігі заңмен кепілдендірілгенімен, кейбір сатушылар бұл талаптарды орындамай жатады.
– Сапалы тауарларды қайтаруға және ауыстыруға мүмкіндік бар, бірақ кейбір ерекше жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы заттар, өсімдіктер мен жануарлар, іш киімдер, шұлықтар және метражбен сатылатын тауарлар (мысалы, линолеум, мата) қайтаруға жатпайды. Дегенмен, бұл тауарлар да сапасыз немесе ақаулы болған жағдайда қайтаруға немесе ауыстыруға жатады, – дейді маман.
Сапалы тауарларды қайтару үшін бірнеше маңызды шарттарды сақтау қажет: тауар пайдаланылмаған болуы тиіс, оның барлық пломбалары, жапсырмалары және басқа да тұтынушылық қасиеттері сақталуы керек. Сонымен қатар, қайтару мерзімі 14 күннен аспауы тиіс. Егер тұтынушы дүкеннен сатып алған заты өзіне жарамсыз деп тапса, оны қайтаруға толық құқылы. Мұндай жағдайда дүкен сатушысы тауарды қайтарудан немесе ауыстырудан бас тартуға негізсіз әрекет жасай алмайды.
Березуцкаяның айтуынша, кейде сатушылар тұтынушының ақшасын бірден қайтарудан бас тартып, «тауар сатылғаннан кейін ғана ақшаны қайтарамыз» деген сылтауды алға тартады. Алайда бұл әрекет заңсыз. Тұтынушы мұндай жағдайда күн сайын тауардың құнының 1%-ы мөлшерінде өтемақы талап ете алады. Бұл айыппұлдың өзі сатушыларды тұтынушылар алдындағы міндеттерін уақытылы орындауға итермелеуі тиіс.
Сонымен қатар, дүкен сөрелерінде ілінген «Тауар қайтарылмайды» деген жазулар әрдайым заңға сәйкес келе бермейді. Егер дүкен қайтарылмайтын тауарлар тізіміне кірмейтін заттарды сататын болса, мұндай хабарландырулар заңсыз деп танылады. Тұтынушылар мұндай жағдайларда өз құқықтарын қорғап, сатушылардан заң талаптарын орындауды талап ете алады.
Тұтынушыларға ескеретін тағы бір жайт — қайтарылатын заттың жағдайы. Егер зат пайдаланылмаған болса, оның барлық құжаттары, қаптамасы, тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда ғана оны қайтару мүмкін. Ал егер тауар пайдаланылған немесе оның бастапқы түрі өзгерген болса, оны қайтару мүмкіндігі жойылады.
Бұл ережелердің бәрі тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғанымен, көптеген адамдар өз құқықтарын білмегендіктен немесе түсінбегендіктен, заңды талаптарын орындай алмай жатады. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін әрбір тұтынушы заңдарды мұқият оқып, қажет жағдайда өз құқығын қорғауға дайын болуы керек.
Егер сіз дүкенде “тауарды қайтаруға болмайды” деген жазуды көрсеңіз, барлық тауарларға тиісті емес екендігін білуіңіз тиіс. Адамдардың жартысынан көбі бұл жайлы біле бермейді. Сондықтан ақпараттандыру жұмыстары жүріп тұру керек.
– Көбінесе мұндай жазба базарларда ілініп тұрады. Мысалы, маған айтпаса, мен бұл ақпаратты білмес едім. Өйткені, өмірді түрлі жайттар болады. Мысалы, сыйлыққа алған нәрсе тура келмесе, барлық жерде ауыстырып бермейді. Ал заңда жазылған тізім бойынша тауарларды ауыстыруға, не тапсыруға құқығым бар екен, – дейді қала тұрғыны Жанна Абдрахманова.
Тұтынушылар құқығын қорғау — қоғамдағы маңызды аспектілердің бірі. Әркім өз құқығын білген жағдайда ғана әділдікке қол жеткізе алады. Егер сіздің құқығыңыз бұзылса, жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына немесе уәкілетті органдарға жүгінуден тартынбаңыз. Заңды білу — сіздің мүддеңізді қорғаудың ең сенімді жолы.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77