Культура

Қостанайлық қуыршақ театры “Ортеке” фестивалінде үздік атанды

21 мамыр күні Алматы қаласындағы Корей театрында VII Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлары фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Өнер мерекесі 21-25 мамыр аралығында өтіп, Қазақстан, Грузия, Түркия, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген үздік қуыршақ театрларының қойылымдары балалар мен ересектерге ұсынылды.

Аталған беделді фестивальге Қостанай облыстық қуыршақ театры да қатысты. Театр актерлері грузиялық режиссер Николос Сабашвили сахналаған “MEN” спектаклін ұсынды. Қоюшы режиссердің ерекше тәсілі мен әртістердің шебер ойыны көрермен мен қазылар алқасының көңілінен шығып, қостанайлық ұжым «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. Осы жеңіс үшін театр ұжымы 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

— Бұл біз үшін үлкен жетістік. “Ортеке” — халықаралық деңгейдегі ең беделді театр фестивальдерінің бірі. Мұнда өнер көрсету әрі жеңімпаз атану — көп жылғы еңбектің нәтижесі, — дейді театр қызметкерлері.

Айта кетейік, “Ортеке” фестивалі алғаш рет 2007 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің бастамасымен қолға алынған. Содан бері бұл шара қуыршақ өнерін насихаттап, халықаралық тәжірибе алмасу алаңына айналды. Жылдан жылға фестиваль ауқымы кеңейіп, кәсіби театрлар арасында бәсекелестік те арта түсуде.

Қуыршақ өнерін жоғары деңгейде көрсете алған қостанайлық әртістердің бұл жеңісі — аймақтағы театр өнерінің дамып келе жатқанын дәлелдейді. Осындай аламанда ел намысын абыроймен қорғаған Қостанай театры ұжымын шын жүректен құттықтаймыз!

Аяжан СЕРІК,
сурет театрдың әлеуметтік желісінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77