Біздің Қостанай

Отбасы – бақыт мекені

Үбірлі-шүбірлі болып отырған Ақан атай мен Құндызай әжейдің өмірі баршаға үлгі-өнеге

Адам баласы үшін отбасынан артық ештеңе жоқ. Күнделікті жұмысыңды бітіріп, үйіңе қайтқаныңда алдыңнан балаларың жүгіріп шығып, сені тағатсыздана күтіп отырғанын көрудің өзі бір бақыт. Отбасы – бақыт мекені. Адам бақытты болуы үшін алдымен отбасылы болуы қажет. Ғаламның барлық байлығын жинасаң да, отбасылық бақытты сатып ала алмасың белгілі.

Бүгінде шынайы сезіммен, таза ниетпен отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болып отырған ақ шашты аналарымыз бен ақсақалды аталарымыз баршылық. Олардың отбасы құндылығы жайында айтар өзіндік ойы да жетерлік. Бақытын отбасынан тапқан адам, шынымен де өмірде ең бақытты жан. Ыстық ұясына әрқашан асығып тұратын адамның бақытты ошағының шамын ешқашан өшірмесі белгілі.
Қазіргі таңда «Біздің Қостанай» газетінде «Мейірлі отбасы» жобасы бастау алып отыр. Осы жоба барысында өнегелі отбасыларды іздеп, сол жайында мақала жазуды қолға алдық.

Отбасы құндылығын берік сақтап, бүгінде немере, шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған Құндызай Ибраева мен Ақан Батыржановтың отбасына арнайы бардық. Бүгінде Ақан атамыз 83, Құндызай әжей 76 жаста. Қыздарын қияға қондырып, солардың қызығын көріп, қол ұстасып жүрген кісілерге қызғана да, тамсана қарайсың. Недеген бақытты жандар дейсің.

Құндызай апамыз да, Ақан атамыз да Меңдіқара ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген. Құндыз-ай апамыз осы ауылда мектеп бітіріп, сол кезде көптеген нәзік жандылар жұмысқа тартылған егін алқабында трактор тізгіндеген. Елімізге кеңінен танымал ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан атақты механизатор, тың игеруші, еңбек ардагері, Камшат Дөненбаевамен бірге егін алқабында жұмыс істеген. Ол кездері 24 жаста болған Құндыз-ай апамыз күн демей, түн демей егін алқабында жүретін кездерді сағына еске алады.

– Ол кезде жаспыз, шаршадық деуді білмейтінбіз. Тракторды да бір кісідей меңгеріп алғанбыз. Отбасы, бала-шаға деп оттың басында қалған жоқпын. Ер адамдармен бірдей еңбек еттім. Жұмысым қиын деп ешкімге шағымданған емеспін. Маған трактор тізгіндеген қатты ұнайтын. Егін алқабында талмай еңбек ететінмін. Содан бақыт табатынмын. Өзім сияқты түзде еңбек еткен қыз-келіншектер болды. Олармен құрбы-құрдас, сырлас болып бірге жүрдік. Ол кездегі сыйластық өзгеше еді ғой. Сол күндері қазір әлі кешегідей сол қалпында көз алдымда тұр. Ол шақты бақытты жастық шағымның бір белесі ретінде қатты сағынамын, – дейді Құндызай апамыз.

Иә жастық дәурен өтеді, қайтып оралмайды. Бірақ сол шақты бақытты да, қызықты өткізген жанның қартайған кезінде еске алар сәттері көп болары анық.

Құндызай апамыз ер адамша егін алқабында жүрседе, дер кезінде тұрмыс құрып бес қызды дүниеге әкелген аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. Бүгінде құдай қосқан қосағы Ақан атамыз екеуі баладан немере, немереден шөбере көріп отырған ардақты да асыл жандар.

Ақан атамыз да жастайынан еңбекке ерте араласып, мамандығы бойынша қызмет атқарған. Ол кісінің таңдаған кәсібі геолог. Осымен қоса балықшы, кей кездері көңіл қошы болса ыңылдатып ән салатын әнші. Жұмыстан бір сәт қолы босаса болды, қармағын қамдап, балық аулауға аттанады екен. Пейілі кең Ақан атай ауына түскенін үйіне әкеліп, қалғанын көрші көлеммен бөлісіп, Ақсауат ауылының беделді азаматы болған. Меңдіқара ауданына қарасты Ақсауат ауылы Құндызай әжей үшін де, Ақан атай үшін де өте ыстық. Өйткені, кіндік қаны тамған туған мекен. Мұнда олардың туған-туыстары, ет жақындары, дос-жарандары тұрады. Бүгінде бұл отбасы Қостанай қаласына жақын жерде орналасқан Тобыл қаласында үлкен қара шаңырақта ғұмыр кешіп жатыр. Бірақ туған мекендері Ақсуатты ұмытқан емес. Жыл сайын бірнеше рет Ақсуаттарына барып, киелі мекенде демалып, туған-туыстарымен әңгіме- дүкен құрып, өткен-кеткенді шолып көңілдерін бір демдеп қайтады.

– Адам үшін туған жерден ыстық, киелі мекен бар ма. Менің Ақсуатым керемет жер ғой. Мен үшін ол жер жәннәті. Сондықтан денсаулығым болып, көңіл қошым қаласа ауымды, қармағымды басқа да қажеттерімді жинап, Ақсуатқа балық аулауға аттанып кетемін. Менің бұл әдетімді балаларым да жақсы біледі. Олар «әкем, туған жерін, көлін, балығын сағынған ғой» деп жатады. Иә рас, мен осының бәрін сағынамын. Біз ауылда өсіп, кең байтақ далада жүрген жандармыз. Сондықтан қаланың өмірі біздің табиғатымызға келмейді. Бір жерде отыра беруден жалығасың. Сосын да Ақсуатым мені өзіне шақырады. Көлдің жағасында балық аулап демалып отырғанға не жетсін деп кетіп отырамын.

Қазір балаларымыз өсті. Әрқайсысы өз бетіне тұрмыс құрып, бізді мерекелерде құттықтап, шаңырағымызды толтырады. Олардан немере, немерелерімізден шөбере сүйіп отырмыз. Баладан немере тәтті болады дегендей, қазір бізге немереден шөбере тәтті болып отыр. Қазіргі балалар өте ақылды. Мені алдап-сулап, қалтамдағы азын-аулақ ақшама өздерінің қалаған тәттілерін сатып алады. Шөберелерім келерде солар сұраса беремін деп қалтама азын-аулақ ақша салып алып күтіп отырамын. Олар келіп, менің бетімнен сүйіп, ата деп бастайды. Сөйтіп, олар кеткенше қалтама қалдырып қойған ақшамнан ештеңе қалмайды. Бала тәтті ғой. Олардың әр сөзі маған бақыт сыйлайды. Осындай керемет отбасым барына шүкір етемін. Олардың ортасында ақылымды айтып, жөн көрсетіп отырғаныма қуаныштымын.

Иә, бес қыз тәрбиелеген жанмын. Қазақта үш қыз тәрбиелеп өсірген әке, жұмыққа барады дейді ғой. Ал мен бес қызыма әкелік махаббатымды беріп, оларды аяқтандырып, таңдаған, сүйген жандарына қосып, солардан немере, шөбере көріп отырған жанмын. Өзімнің ұлым болмаса да, күйеу балаларым ұлдарымдай болып кеткен. Мені өздерінің әкелеріндей көріп, тік тұрып құрметтейді. Мен де өзімнің туған ұлдарымдай оларды бірінші күннен жаныма жақын тарттым.

Бәрі де адамның өзіне байланысты ғой. Күйеу балаңды сен бөтенсің деп сыртқа итерсең, ол сенің отбасыңа толық ене алмай, ортада өз орнын таба алмай, алыстай түседі. Сондықтан күйеу бала босағаны аттаған сәттен атасы оны өзіне жақын тартып, сен менің ұлымсың десе, сол кезден бастап олар бір-бірімен жақын бола бастайды. Бұл орайда менің жылы шырай танытып, жаныма жақын тартқанымнан болар, күйеу балаларым маған ұлдарымдай еркелеп, мені құрметтеп, сыйластықтарын үзбей келеді. Бұл өмірдің заңдылығы. Отбасың бақытты, берекелі болсын десең оның әр мүшесіне жылы шырай танытып, жақсы көре білуің қажет, – дейді өнегелі ақсақал Ақан атай.

Отбасы құндылығы ол біріншіден бір-біріне деген ыстық ықыласпен, шынайы сүйіспеншілік болса керек. Бүгінде еліміздің мерейлі отбасыларының біріне айналып, түсіністікпен, сүйіспеншілікпен ғұмыр кешіп отырған бұл отбасында Ләззат, Гүлнар, Әсия, Ақмарал, Чинара деген бес қыз дүниеге келген. Әсия мен Гүлнар ауырып дүниеден өткен. Ләззаттан Жүсіпбек және Мәншүк есімді бір қыз, бір ұл, Гүлнардан Әсел, Олжас деген бір қыз, бір ұл, Ақмаралдан Дарья, Інжу, Сафи есімді үш қыз, Чинарадан Таир есімді бір ұл бар. Ләззат есімді қыздарының ұлы Жүсіптен Гауһар және Аңсар, қызы Мәншүктен Исламбек, Айдархан, Амирлан, Халима, сондай-ақ Гүлнар деген қызының қызынан Мадина және Сабина деген шөберелері бар.
Бүгінде осындай ұрпақ өрбітіп отырған отбасының бақыты шалқып отырған жайы бар. Құндызай әжей мен Ақан атай мерекелерде өздерін құттықтап келген балалары, немере, шөберелеріне үлкен дастархан жайып, мәре-сәре болады.

– Біздің отбасында Наурыз, 8 наурыз әйелдер күні, Жеңіс күні, Жаңа жыл сынды мерекелер құр өтпейді. Бұл мерекелерді біз отбасымызбен атап өтеміз. Әкем мен анамның шаңырағына барып, бір дастархан басында отырып, бір-бірімізге шынайы тілегімізді айтып, құттықтап жатамыз. Ешқашан мерекелерде ата-анамызды жалғыз қалдырмаймыз. Ана мен әке көңілі есігін қағып, құттықтап келетін балаларын күтеді. Біз де жылы ұямызға қарай жүгіреміз. Әкеміз бен анамыздың бақытты жүзін көргіміз келеді. Олардың ғұмырын шаттыққа толтырғымыз келеді. Осы мақсатта олардың үйінде жиі боламыз. Әрқайысымыздың өзіміздің отбасымыз, күнделікті жұмысымыз болса да, ата-анамызға уақыт табамыз.
Бесеумізді өсіріп, тәлімді тәрбие, жоғары білім берген ата-анамыздың еңбегі өте зор. Өкінішке орай, екі сіңілімнен айрылып қалдық. Етектеріне жабысқан жаман ауру оларды ортамыздан алып тынты. Бұл қайғы бізге де, әке-шешемізге де ауыр тиді. Сонда да жастары келіп, қартайған шақтарында оларға тіреу болуға тырыстық. Баласын жоғалтқан ата-ананың қайғысын ешкім сезіне алмайды. Оны сезіну мүмкін емес. Олар қатты езілді, қайғырды. Сол кездері үнемі жанында болып, біздің бар екенімізді сездірдік. Міне, бізді жандарына медеу тұтып, көңілдері жайланып келеді, – дейді үлкен қыздары Ләззат Жақсылықова.

Береке орнаған, бақытты отбасының қазынасына айналған Құндызай апайдың қолы шебер. Ол көрпе, жастық, той бастап, дорба, шабадан тігеді. Қыздарының жасауын да өз қолымен тігіп дайындаған. Күні бүгінге дейін тігін машинасына отырып, немере, шөберелеріне киім-кешек, көрпеше тігеді. Одан кейін қолына білтегеш пен жіп алып кішкентай жүгірмектерге қолғап, шұлық тоқиды. Олар әжесінің тіккен, тоқыған киімдерін таласа алып кетеді. Ал Ақан ата болса, немере,шөберелерінінен қолы босаған сәтті пайдаланып, балық аулауға аттанады. Ақсауатына барып, балық аулап, уақытын қызықты да пайдалы өткізеді. Үйіне, үлкенді-кішілі балық әкеліп, балаларын қонаққа шақырады. Шынайы бақыт деген осы емес пе. Үбірлі-шүбірлі Құндызай әжей мен Ақан атайдың өмірі баршаға үлгі болса керек.

Бірде бақыттан қайда барасың деп сұрағанда, ол: «Ата-анасын сыйлаған, ұйымшылдық ойлаған, тату жанға барамын» деген екен. Сыйластық пен сүйіспеншілік бірге жүргінде ғана шын бақытты сезінуге болады. Мерейлі, бақытты, өнегелі отбасылар көп болсын. Адамға бұл дүниеде отбасыдан артық не бар.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің әлеуметтік даму бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жастар ортасында қазақ отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды. Ұйымдастырушы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет отбасылық альбомнан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77